Александр Бублик Майами мастерс турнирінде табысты өнер көрсете ала ма

АСТАНА. KAZINFORM — 18-29 наурыз аралығында өтетін Майами (АҚШ) мастерс турнирінің жеребесі тартылды. 

Александр Бублик Майами мастерс турнирінде табысты өнер көрсете ала ма
Фото: ҚР ҰОК

Жүлде қоры 9 млн 415 мың 725 АҚШ долларына бағаланған жарыста әлемнің маңдайалды теннисшілері бақ сынайды.

Әлемнің 1-ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирлерінің жеті дүркін чемпионы, испаниялық Карлос Алькарас екінші айналымда бразилиялық Жоао Фонсека немесе мажарстандық Фабиан Марожанмен кездеседі. 

Рейтингіде екінші орында тұрған италиялық, жуырда Индиан-Уэллс мастерс турнирінде үздік шыққан Янник Синнер де доданы екінші айналымнан бастайды. 

Сондай-ақ қазақстандық, әлемнің 11-ракеткасы Александр Бубликтің екінші айналымдағы қарсыласы кейін белгілі болады. Ол әлемнің 68-ракеткасы, италиялық Маттео Берреттини немесе рейтингіде 90-орындағы франциялық Александр Мюллердің қай жеңгенімен ойнайды. М.Берреттини — бұдан төрт жыл бұрын әлемдік рейтингіде 6-орынға дейін көтерілген теннисші.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 84-ракеткасы Александр Шевченко алғашқы айналымда рейтингіде 101-сатыдағы италиялық Маттео Арнальдиден өтуге тырысып көреді. 

Өткен жылы А.Шевченко Майамиде ойнамаса, А.Бублик екінші айналымнан аса алмаған еді.
Кеше жаңартылған ATP рейтингісінде А.Бублик ТОП-10-нан шығып қалды. Индиан-Уэллс турнирінің финалисі, ресейлік Даниил Медведев оны ығыстырып, 10-орынға көтерілді. Сондықтан ТОП-10-ға оралу үшін осындай жарыстарда сәтті өнер көрсетіп, рейтингілік ұпай жинау маңызды.

Қазіргі кезде Майамиде ерлер мен әйелдер арасында іріктеу сайыстары өтіп жатыр. 

Әйелдер арасында рейтингіде 75-орындағы Юлия Путинцева алғашқы айналымда әлемнің 40-ракеткасы, индонезиялық Джанис Тьенмен кортқа шығады. Бұл жұптың жеңімпазы әлемнің 2-ракеткасы, қазақстандық Елена Рыбакинамен тап келеді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Рыбакина мен Данилинаның әлемдік рейтингіде рекордтық көрсеткішке қол жеткізгенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ апалы-сіңлілі қазақстандық жас теннисшілер Франциядағы турнирдің финалына дейін жетті.

Ал Михаил Кукушкин Испаниядағы жарыстың келесі айналымына өтті.

Соңғы жаңалықтар