Александр Бублик Ньюпорт турнирінің финалында қарсыласына есе жіберді
Қазақстандық теннисші осыған дейін бес рет ATP додаларының финалында ойнап, тек соның біреуінде ғана, биыл Монпельеде чемпион атанған еді.
Бұл жолы финалда әлемнің 41-ракеткасы, америкалық Максим Крессимен бас жүлдені сарапқа салды.
Бірінші партия барысында қос брейк жасаған қазақстандық теннисші басымдылық көрсетті - 6:2.
Екінші сетте де 3:0 есебімен алға кеткенімен, қатарынан алты геймді беріп қойды - 3:6.
Үшінші, шешуші партияда матч тағдыры тай-брейкте шешіліп, америкалық жеңіске жетті - 7:6 (7:3).
Осылайша, А.Бублик Ньюпорт турнирінің финалында екінші рет ұтылып отыр. 2019 жылы тағы бір америкалық Джон Изнерге есе жіберген еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанның жасөспірім теннисшілері Еуропадағы турнирлерде жеңімпаз атанғанын, Бейбіт Жукаевтың елордадағы жарыстың финалына дейін жеткенін жазған болатынбыз.