Александр Бублик жұптық сында Доха турнирінің ширек финалына шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 31-ракеткасы Александр Бублик жұптық сында Доха ATP 250 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Александр Бублик жұптық сында Доха турнирінің ширек финалына шықты

Қазақстандық теннисші мажарстандық Мартон Фучовичпен бірге бастапқы кездесуін осы жарыстың 2-ракеткалары, хорватиялық Иван Додиг – жаңазеландиялық Майкл Винуспен өткізді.

А.Бублик пен М.Фучович 7:6 (7:4), 6:3 есебімен жеңіске жетті.

Олар 1 сағат 18 минутқа созылған бәсеке барысында 2 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың үшеуін өз есептеріне жазды.

Қарсыластары 2 эйс, 2 брейктен (7 брейк-пойнт) аса алмады.

Қазақстандық-мажарстандық жұптың ширек финалдағы қарсыласы кейін анықталады.

А.Бублик Доха жарысында жекелей сында да кортқа шығады.

Оның бірінші қарсыласы – негізгі турнирге іріктеу сайыстарынан кейін қосылған, дүниежүзілік рейтингте 183-орында тұрған словакиялық Йозеф Ковалик.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Марсельде негізгі турнирге жолдама алғанын жазған болатынбыз.