Александр Косачев Талдықорған бөрісі атанды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда қала әкімінің жүлдесі үшін қазақ күресінен «Талдықорған бөрісі» турнирі аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық «Жетісу бөрісі» турниріне 2 жолдама ойнатылатын бұл бәсекеге 20 балуан қатысты. Олардың қатарында тұңғыш Қазақстан Барысы Ұлан Рысқұл, «Жетісу бөрісі» турнирінің жеңімпаздары Жәнібек Дүйсембаев пен Александр Косачев та бар. Бұған дейінгі турнирлерде қарсылас шақ келтірмеген Жәнібек Дүйсембаев үшінші орын үшін болған белдесуде Нұрсұлтан Аманжолұлынан ұтылып қалды. Ұлан Рысқұл мен Александр Косачев қарсыластарының бәрін жеңіп, ақтық сында белдесті. Бірақ Ұлан Рысқұл жартылай финалда алған жарақатының сыр беруіне байланысты жарысты жалғастыра алмай қалды. Осылайша Александр Косачев турнир жеңімпазы атанды. Дегенмен жеңімпаз екі балуан екі аптадан кейін облыстық «Жетісу бөрісі» турнирінде «Қазақстан барысына» жолдама алу үшін күш сынасады.