Александр Недовесов Ұлыбританиядағы жарыстың жеңімпазы атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 53-ракеткасы Александр Недовесов Илкли (Ұлыбритания) челленджер турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Александр Недовесов Ұлыбританиядағы жарыстың жеңімпазы атанды

Жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркелген А.Недовесов пен эквадорлық Гонсало Эскобар америкалық Роберт Гэллоуэй – аустралиялық Джон Патрик Смитпен бас жүлде үшін кортқа шықты.

Бірінші партияда америкалық-аустралиялық дуэт басымдылық танытты – 6:2.

Екінші сетте Недовесов пен Эскобар есе қайырды – 7:5.

Супер тай-брейкте А.Недовесов пен Г.Эскобар 1:4 есебімен жеңіліп жатып, таразы басын өздеріне аудара білді – 11:9.

Сағат жарымға созылған тартысты бәсекеде Александр мен Гонсало 5 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. Қарсыластары 3 эйс, 2 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.

Осылайша, қазақстандық-эквадорлық жұп чемпиондық атаққа қол жеткізді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Ұлыбританиядағы турнирдің финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Александр Бублик Германиядағы жарыстың жартылай финалына шықты.