Александр Шевченко Майами мастерс жарысын жеңіспен бастады
МАЙАМИ. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 58-ракеткасы Александр Шевченко Майами (АҚШ) мастерс турнирінің екінші айналымына өтті.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 84-орындағы колумбиялық Даниэль-Элаи Галанмен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда колумбиялық спортшы тай-брейкте әбжілдік танытты – 7:6 (7:4).
Екіншісінде Шевченко дәл сондай есеппен есе қайырды – 7:6 (7:4).
Үшінші, шешуші сетте Александр сәтті ойнап, 5:2 есебімен алға кетті. Бірақ матчқа доп бергенде, сол мүмкіндігін пайдалана алмады – 5:4. Дегенмен ол бәсекені тағы бір брейкпен түйіндеді – 7:5.
Үш сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты матчта Шевченко 12 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды. Галан 7 эйс, 4 брейкке (11 брейк-пойнт) қол жеткізді.
Александр Шевченко үшінші айналымға өту үшін әлемнің 9-ракеткасы, Польша өкілі Хуберт Хуркачпен таласады.
Майамидегі жеңісі нәтижесінде А.Шевченко қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде 54-орынға жоғарылап тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Майами турнирінде Путинцеваның әлемнің 15-ракеткасын ұтқанын жазған болатынбыз.