Александр Шевченко Рим мастерс турнирінде азулы қарсыласын ұтты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 85-ракеткасы Александр Шевченко Рим мастерс турнирінің екінші айналымына шықты.

Представитель команды Казахстана по теннису
Фото: ҚР ҰОК

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін әлемнің 61-ракеткасы, аргентиналық Камило Уго Карабельимен өткізді. Қарсыласының рейтингіде жоғары тұрғанына қарамастан, А.Шевченко матчты сәтті бастады – 6:3.

Екінші сетте аргентиналық спортшы есе қайырды – 6:4. Үшінші, шешуші партияда Александр тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:5). 

Екі сағат 46 минутқа созылған тартысты бәсекеде А.Шевченко 4 эйс, 4 брейкпен (11 брейк-пойнт) көзге түсті. Карабельи 1 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды.

Александр Шевченко үшінші айналымға өту үшін әлемнің 15-ракеткасы, ресейлік Карен Хачановпен таласады.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Александр Бублик Римде екінші айналымда рейтингіде 65-сатыдағы аргентиналық Себастьян Баэспен ойнайтын болды. Ол әлемнің 63-ракеткасы, америкалық Дженсон Бруксбиді қапы қалдырды – 6:3, 7:6 (10:8).

Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 281-орындағы Михаил Кукушкин Уси (Қытай) челленджер турнирінің екінші айналымында аса тартысты матч өткізді. Ол 3 сағат 48 минутқа созылған ойында әлемнің 158-ракеткасы, эстониялық Марк Лаялға есе жіберді – 6:7 (8:10), 7:6 (7:2), 6:7 (2:7). Сөйтіп ширек финалға шыға алмады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Заңғар Нұрланұлының Германиядағы турнирде жеңісті жолын жалғастырғанын жазған едік.