Александр Винокуров келешекте «Астана» велоклубының басшысы болуы мүмкін

АСТАНА. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Александр Винокуров келешекте «Астана» велоклубының басшысы болуы мүмкін. Бүгін, жұма күні өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанның велоспорт қауымдастығының президенті, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның төрағасы Қайрат Келімбетов мұны теріске шығарған жоқ.
None
None

«Болашақта Александр Винокуров «Астана» велоклубына жарқын басшы бола алатынына сенімдіміз, себебі клуб жайлы Александрдан жақсы білетін адам жоқ», деді Қ. Келімбетов.

А. Винокуров болса, бір жылдан кейін өзінің кәсіби веложарыстарға қатысуын тоқтатуы мүмкін деген сөздің шетін шығарып қалды.

«Келесі жылы мен жарыстарға қатысатыным айдан анық. Одан кейінгі жылдарды көре жатармыз, бірақ менің жасым 37-ге толды, сондықтан мен 50 жасқа дейін велосипедті теуіп жүре алмаймын», деп атап көрсетті ол.

Келесі жылғы маусымда А. Винокуров «Астана» командасына Тур де Франста жеңіске жетуге көмектесетін болады.

Қазақстандық әйгілі спортшы Александр Винокуровтың спорттан екі жылға аластатылғаннан кейін, ересек жасына қарамастан спортқа оралуының өзі бір жетістік болды.

«Мен велоспортқа оралып, өзімді дәлелдеп, мақсатымды жүзеге асырдым деп санаймын», деді ол.

Осы күндері Альберто Кантадор, Александр Винокуров Астанада жүр. Олар «Самұрық-Қазына» қорының шақыртуымен келген болатын. Ертең спортшылар Алматыға аттанып, онда жастарға арнап шеберлік сыныптарын өткізеді. Сонымен қатар Алматы әкімімен бірге, қаланың мерейтойына қарсы веложарысқа шығады.

Соңғы жаңалықтар