Александр Вучич Нұрсұлтан Назарбаевты Сербияға шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат -  Сербия Президенті Александр Вучич  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты Белградқа сапармен келуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Александр Вучич Нұрсұлтан Назарбаевты Сербияға шақырды

«Біз ең жоғары деңгейдегі кездесу тәжірибемізді жалғастыра береміз деп үміт артамын. Және де жақын арада Сербияға сапарлап келсеңіз біз үшін үлкен құрмет болар еді», - деді Александр Вичуч Ақордадағы келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Қазақстан Президентіне қарата.

Сонымен қатар Сербия Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа халықаралық деңгейдегі көптеген мәселеде қолдау көрсеткені үшін шынайы ризашылығын білдіріп, екіжақты байланыстардың одан ары кеңейе түсетіндігіне сенімді екендігін атап өтті. 

«Алдағы уақытта ынтымақтастығымызды нығайта түсіп, тауар айналымымызды арттыратындығымызға сенімдімін. Өйткені, оған әлі пайдаланылмаған әлеуеттің жақсы іргетасы бар. Сіздер таяу арада Белградта Қазақстан Елшілігін ашсаңыздар, қуанышты болар едік. Бұл біздің үлкен өтінішіміз», - деді Сербия Президенті.

Айта кетейік, Сербия басшысы  Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен ресми сапармен келіп отыр. Бүгін мәртебелі мейман Ақордада Елбасымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Сербия Президентін «Достық» орденімен марапаттады.

Ал Александр Вучич Қазақстан Президентіне өз елінің ең жоғары наградасы «Сербия Республикасы» орденін табыс етті.

Сапар аясында Александр Вучич Қазақстан-Сербия іскерлік форумына, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI сьезінің ашылуына қатысады деп жоспарланған.

Сербия Президентінің сапары барысында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылмақ. Оның ішінде Қазақстан мен Сербия үкіметтері арасындағы қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім, сондай-ақ Қазақстанның Қоғамдық даму министрлігі мен Сербияның Жастар саясаты және спорт министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум бар.

Сондай-ақ Сербия басшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан Белградта Қазақстан Елшілігін ашуды өтінді.