Алексанин семсерлесуден әлем кубогы кезеңінің жүлдегері атанды
Қазақстан Ұлттық олимпиада комитеті мәлім еткеніндей, шпагадан сынға түскен қазақстандық спортшы жартылай финалға дейін сүрінген жоқ.
Финал жолдамасы үшін бәсекеде Алексанин әлем чемпионатының екі мәрте жүлдегері, Рио Олимпиадасына қатысқан нидерландтық Бас Вервейленге 10: 15 есебімен есе жіберді.
Осылайша Д.Алексанин әлем кубогы кезеңінің қола жүлдегері атанды. Бұл жеңісінің арқасында қазақстандық шпага шебері әлемдік рейтингте жетінші орынға көтерілді.
Айта кетейік, биыл семсерлесуден Азия ойындарының жеңімпазы атанған Дмитрий әлем чемпионатында үздік алтылықтың қатарына іліккен болатын. Азия ойындарында финалда кореялық Пак Сан Ёнді ұтса, әлем чемпионатында ширек финалда кейін осы доданың жеңімпазы атанған француз Янник Борельден ұтылған еді.
Алматыда тұратын Д.Алексанин семсерлесумен шпагадан ерлер арасында Қазақстан құрамасының аға бапкері Валерий Демовтің қол астында 2002 жылдан бері айналысып келеді.
2012 жылы Лондон Олимпиадасына қатысқанымен, алғашқы айқасында-ақ венесуэлалық Сильвио Фернандеске 12:15 есебімен есе жіберді.
Алексанин үшін алдағы басты мақсат - Токио Олимпиадасына жолдама алып, онда сәтті өнер көрсету.