Алексей Цой: Вакциналау жұмыстары бекітілген тәртіп бойынша жүргізілуде

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі вакциналауды ұйымдастыру және жүргізу бойынша әдістемелік ұсынымдар мен вакциналарды сақтау және тасымалдау регламентін бекітті. Бұл туралы ведомство басшысы Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алексей Цой: Вакциналау жұмыстары бекітілген тәртіп бойынша жүргізілуде

«Азаматтарды коронавирус инфекциясына қарсы вакциналауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, министрлік барлық шараларды қабылдады және 1 ақпаннан бастап COVID-19-ға қарсы вакциналауды бастады. Жоспар шеңберінде вакциналауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдар және вакциналарды сақтау мен тасымалдау регламенті әзірленді және бекітілді. Жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде», - деді Алексей Цой Үкімет отырысында.

Ол вакцина алғандар туралы деректердің Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіне енгізілетінін атап өтті.

«Қазақстандық мобильдік қосымшаға жеке иммундық мәртебесі туралы QR-кодтарды енгізу үшін Egovmobile мобильдік қосымшасын іске қосу жоспарланған, ол «Ashyq» медициналық қосымшасымен интеграцияланатын болады. Онда медициналық ақпараттық жүйелердегі азаматтар бойынша, оның ішінде QR-код арқылы тексеруге ұсыну үшін COVID-19 қарсы вакциналаудан өткені туралы деректер жинақталады», - деді министр.

Айта кетейік, 1 ақпанда Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары санаттарды коронавирусқа қарсы вакциналау басталды.