Алексей Луценко: Азиадаға тыңғылықты дайындалып, өзіме артылған сенімді ақтадым

СИНСИРО. KAZINFORM — Қазақстандық велоспортшы Алексей Луценко Жапонияда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алғаннан кейін Kazinform тілшісіне сұхбат беріп, сол сәттегі қуанышты сезімімен бөлісті.

ф
Фото: Владислав Сменов

Отандасымыз бүгін кәсіби мансабында жазғы Азия ойындарының бесінші алтын жүлдесін жеңіп алғанын еске салды.

— Азия ойындарында Қазақстанның атынан шығып, тұғырдың ең биік сатысына көтерілу мен үшін әрдайым ерекше сезім. Бүгін таңертең-ақ жақсы жаңалықпен бастадық. Рината алтын медаль жеңіп алды. Бұл бүкіл құрамамызға үлкен серпін берді. Мен де сол жақсы лепті жалғастыруға тырыстым. Бұл — Азия ойындарындағы бесінші алтын медалім, — деді Алексей Луценко.

Велошабандоз жарысқа дайындықтың ұзақ уақытқа созылғанын айтып, жыл басы өзі үшін оңай болмағанын атап өтті.

— Жыл басы мен үшін аса сәтті болмады. Спортта жеңіс те, жеңіліс те қатар жүреді. Бұрынғы кәсіби спортшы Дмитрий Муравьев маған көп қолдау көрсетіп, жігер берді. Азиадаға тыңғылықты дайындалып, өзіме артылған сенімді ақтадым, — деді спортшы.

Луценко сондай-ақ дайындық кезеңінде көрсеткен қолдауы үшін ҚР туризім және спорт министрлігіне алғысын білдірді.

Қазақстандық велошабандоз алда өтетін топтық жарыста жүлде үшін бар күшін салатынын айтты.

— Біздің әлі бір мүмкіндігіміз бар — топтық жарыс. Командамыз мықты. Сондықтан үш күннен кейін өтетін жарыста жеңіс тұғыры үшін бар күшімізді саламыз, — деді Алексей Луценко.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан құрамасы тасжолдағы велоспорттан жекелей сында екі алтын медаль жеңіп алды. Рината Сұлтанова ел қоржынына алғашқы алтын, ал Алексей Луценко екінші алтын жүлде сыйлады.

Сонымен қатар, Арлан Жаңабай триатлонан Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.