Алексей Ни: Бұл нағыз бәсеке болды. С.Подобедова 164 келіні де еркін еңсерер еді

деп хабарлады Астана қалалық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен.
75 келіге дейінгі салмақ санатында жарыс жолына шыққан зілтеміршіміз Светлана Подобедова серпе көтеруде Олимпиада рекордын жаңартумен қатар, екі сайыстың қорытындысында 291 келілік (130+161) салмақты бағындырып, Олимпиада чемпионы атағын жеңіп алды. Осылайша ол Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынына төртінші алтын медальді салды.
Спортшымыздың осы жеңісіне орай өткізілген баспасөз мәслихатына жиналған жаттықтырушылардың да, спортшылардың да, тілшілер мен жанкүйерлердің де көңілі көтеріңкі болды.
«Бұл бірнеше жылдан бергі екі ел арасындағы бәсеке болатын. Ресейліктер бізді тактикалық тұрғыдан екі жақтан қысым көрсету үшін спортшыларын 69 келіде жарыс жолына шығарған жоқ. Дегенмен, олар біздің Анна Нұрмұхамбетова өнер көрсеткен салмақ санатында жарыс жолына шыққанында, корейлік спортшыны еркін жеңер еді. Бірақ олар бізге қарсы екі спортшысын, рекордшысын шығарды. Бізге өте қиын болды», - деді ауыр атлетикадан ҚР құрамасының жаттықтырушысы Алексей Ни.
Оның атап өтуінше, бастапқыда-ақ олар ресейлік Надежда Евстюхинаны жарыс жолынан ығыстыруға тырысқан. «3 тамыз менің есімде жақсы сақтаулы. Дәл осы күні Бейжің олимпиадасында Светаның жарыс жолына шығуына мүмкіндік бермеген еді. Біз дәл сол кезде келесі ойындарда осы медальді аламыз деп ант ішкен едік. Егерде сол кезде Светаны жарыс жолына шығарғанда, ол қазіргі уақытта өзінің спорттық мансабын аяқтар ма еді, кім білсін. Дегенмен, оның бірбеткейлігі, мінезі, ұстамдылығы арқасында біз дайындалдық», - деді А.Ни.
Ол сонымен қатар осы ойындарда біздің спортшының әлем рекордын жаңарта алмағындығына өкініш білдіретіндігін де жасырмады. «Ол 164 келіні де көтере алар еді. Дегенмен біз сақтануды жөн көрдік. Алайда, жаңа рекордты Барон Коэнге арнар едік, олар осы жерден емес пе еді? Біздің қалай рекорд жаңартатынымызды көруі үшін», - деді Светаның жаттықтырушысы.
Светлана Подобедованың өзі әлемдік рекордты жаңарту басты мақсаты емес екендігін мойындап отыр. Ең бастысы, ол Олимпиада алтынын ұтып алды. «Әлемдік рекордты жаңарту - маңызды емес, ең маңыздысы - Олимпиадалық ойындарда жеңу. Қиын болғаны рас, мен көп уайымдадым, алайда өз күшімнің жететіндігіне сендім, өйткені дайындығымыз өте жақсы болғанын бірнеше рет айтқанмын. Әсерімді қазір айтып жеткізе алмаймын. Зілтемірді соңғы рет көтергенде дабылды да естімедім, ұстап тұрарымды не түсірерімді де білмедім, төрешінің күлімсіреп, бас изегенінен кейін ғана түсірдім. Сол кезде ғана Олимпиада чемпионы атанғанымды ұқтым», - деді ол.
«Менің Қазақстанда тұрып, жұмыс істегеніме сегіз жыл болды. Мен бүгін бақыттымын. Бұл оңай жеңіс болған жоқ. Олимпиада ойындарын Әлем чемпионатымен, Азия ойындарымен салыстыруға келмейді. Біз әр күн сайын таңертеңгі оннан түнгі он екіге дейін үш мәрте жаттығамыз, сондықтан да бұл жеңісті кездейсоқтық деп айтуға болмайды. Мен Қазақстанда тұрғаныма бақыттымын, бұл менің екінші отаным әрі бұл елді мен жақсы көремін!» - дейді Қазақстан ұлттық құрамасының кеңесшісі Энвер Туркелери.