Алексей Полторанин «алтынға» үміткер болған - Серік Сәпиев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Австриядағы әлем чемпионатында ұсталған қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин «алтын» жүлдеге үміткер болған. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Серік Сәпиев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алексей Полторанин «алтынға» үміткер болған - Серік Сәпиев

Комитет басшысы допинг қолданды деген күдікпен ұсталған қазақстандық спортшының қазір тергеу оқшаулағышында отырғанын жеткізді.

«Мемлекеттік орган басшысы ретінде мұндай жағдайларды азайту үшін өзіміздің Ұлттық олимпиадалық комитет атынан талап арыз жазу керек шығар. Жарыс алдында спортшыны мазаламай, жәй ғана сынама алып кеткендері дұрыс. Мүмкін, аяқтан шалғысы келгендер де бар шығар. Себебі, ол (Алексей Полторанин - ред.) өз қашықтығында алтын жүлдеге үміткер болған. Оны жарыстан шығарып тастағысы келген шығар», - деді Серік Сәпиев Астанада өткен брифингте.

Еске сала кетсек, кеше Аустрияның Зеефельде қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында Алексей Полторанин жарыс жолына шықпай қалды. Неміс журналисі Хайо Зеппельт Туиттердегі аккаунтында «шаңғы жарысынан өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан, Аустрия және Эстония спортшылары антидопингтік ережелерді бұзды деп күдікке ілінгенін» жазды. Аталмыш оқиғаға қатысты Астанада баспасөз мәслихатын өткізген спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Серік Сәпиев «Мен Алексейдің таза спортшы екеніне сенімдімін» деген болатын.