ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: АҚШ-та ел президенттігіне кандидаттар белгілі болды
АСТАНА. 8 қыркүйек. ҚазАқпарат - Осы апта ішіндегі халықаралық аренадағы барынша өзекті оқиғалар қатарында АҚШ-тағы президенттікке кандидаттардың тіркелуі болды.
Бейсенбі күні АҚШ-тың Демократиялық партиясының съезі болып, онда ағымдағы жылдың 6 қарашасында өтетін кезекті сайлауда мемлекет басшысы лауазымына кандидат ретінде елдің қазіргі президенті Барак Обама бекітілді. Солтүстік Каролинада дүйсенбіден бейсенбіге дейін созылған осы съезд барысында қазіргі вице-президенті Джозеф Байден де осы лауазымның келесі мерзіміне үміткер ретінде ұсынылды.
Ал республикалықтар болса өз таңдауларын өткен аптаның өзінде-ақ Флорида штатында жасаған еді. Партия атынан президенттікке және вице-президенттікке Массачусетстің бұрынғы губернаторы Митт Ромни мен конгресмен Пол Райан бақ сынайтындындығы белгілі болды.
Міне осы съезд барысында президенттікке кандидаттар ішкі және сыртқы саясаттағы негізігі мәселелер қамтылған өздерінің сайлауалды бағдарламаларын жұртшылыққа паш етті.
Партия жиынында сөз сөйлеген Б.Обама өзінің 2008 жылы американдықтарға берген барлық уәдесін толығымен орындағандығын айтып, ағынан жарылды. Дегенмен бүгінде оның қанаттастары экономиканы қалпына келтіру мен жаңа жұмыс орындарын құруға ерекше көңіл бөлуде. Ол өзінің екінші мәрте президенттік лауазымға сайланса, онда 2016 жылдың соңына дейін өндіріс ошақтарында бір миллион жаңа жұмыс орындарын ашу міндетін алға қойып, оны толық орындап шығатындығына уәде беріп отыр. Сонымен қатар Обама елде табыстарды бөлуде әділдік орнатып, байларға арналған жеңілдіктерді жоюға да білек сыбана кіріспек ниетті. Жалпы ол сайлау барысында орта санат пен халықтық әлеуметік тұрғыда әлсіз тобына иек артып, оларды әлеуетті электораттың қозғаушы күші санайды.
Б.Обама сыртқы саясатта Ақ үйдің қазіргі бағытын сақтап, оны әрі қарай дамытуға мүдделі. Жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету аясында Еуропалық зымыранға қарсы әуе қорғанысы жүйесін құру жалғасатын болады. Ресеймен қарым-қатынаста қару-жарақтарды қысқарту саясаты қолға алынса, иран проблемасында басымдық дипломатияға беріледі. Сонымен қатар ол өзінің кез келген елмен келіспейтін мәселелерде үнсіз қалмайтындығын баса айтып отыр.
Ал өз кезегінде республикалықтар атынан кандидат болып отырған М.Ромни бағдарламасын негізінен Обама әкімшілігінің жүрігізіп отырған саясатын барынша сынауға арнаған. Консервативті республикалық дәстүр мен көзқарасты жақтаушы саналатын ол съезд барысында егерде өзінің президент лауазымына қол жеткізсе, онда шағын бизнестің, сауданың дамитындығын айтып, азаматтардың құқықтары мен денсаулық сақтау жүйесінің сақталуына уәде беріп отыр. Ал бұл мақсаттарға қалай қол жеткізілетіндігін нақтылауды артық көрген сияқты. М.Ромнидің сыртқы саясатқа қатысты айтқан сөздерін басым көпшілік барынша өткір болды деп санауда. Мәселен, ол қазіргі президент «Израиль мен Польша сынды одақтастардан теріс айналды, Кубаға қатысты санкцияны әлсіретті және зымыранға қарсы әуе қорғанысы саласында міндеттерді сақтаудан жалтарды» деп атап өткен еді.
Сонымен қатар ол бірқатар елдерге барынша қатаңдық танытуға ниеттенсе, ал Ресейді «АҚШ үшін нөмірі бірінші геосаяси қарсылас» деп атады.
Жалпы, сайлаушылардың қолдауына ие болу үшін кандидаттардың бұл мәлімдемелерінен бөлек елдегі ағымдағы экономикалық ахуалдың да әсер ететіндігін атап өткен орынды. Егерде қазірдің өзінде жетекші сарапшылар осы күзде орын алуы бек мүмкін деп отырған әлемдік дағдарыстың екінші толқыны туындамаса, онда қазіргі Ақ үй әкімшілігі барынша өткір проблемадан құтылар еді.
Алдын ала есептеулер бойынша әзірше кандидаттардың мүмкіншіліктері теңдей. Дегенмен көпшілік сарапшылардың пайымдауынша, Обама жеңіске жетіп, қарсыластарынан 3-4 пайз көп дайыс жинайтын болады.
Сонымен қатар бірқатар сарапшылардың атап өтуінше, Обамаға қара нәсілділер, эмигранттар және халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобы қолдау білдіреді. Ал мұндай қолдау оған соңғы сәтте алға шығуына жол ашады.
Кандидаттар өз ұстанымдарын партияластары алдында жайып салғанымен, ең қызықты сәті қазан айында үш кезеңмен өтетін сайлауалды тікелей пікірсайыс болмақ. Көзбе көз пікірталастың сайлаушылар арасында кандидаттың рейтингіне барынша әсер ететіндігі белгілі. Демек, сол уақытта қазіргі бақталастар арасындағы теңдік бұзылуы мүмкін.