ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: АҚШ-та полицияға наразылық күшейсе, Ирак пен Сауд Арабиясында лаңкестер лаң салуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде АҚШ-тың көптеген қалаларында полиция қызметкерлері 2 афроамерикандықты атып тастағаннан кейін наразылық шеруі өткен болатын. Далласта өткен сондай наразылық акциясы барысында белгісіз біреу құқық қорғау органы қызметкерлеріне оқ жаудырды.
None
None

Таяу Шығыста та тыншыр емес. Ирак елордасында екі жарылыс орын алып, Сауд Арабиясының үш қаласында, оның ішінде барша ислам әлемі үшін екінші қасиетті қала саналатын Мединада теракт болды.

АҚШ-тағы полицияға қарсы наразылық шаралары

Бейсенбіден бері Құрама Штаттарда құқық қорғау органдарының өкілдері афроамерикандықтарды өлтіргеннен соң басталған наразылық акциялары жалғасуда. Қара нәсілді елді тұрғынының полция қолынан оққа ұшуы  Луизиана мен Миннесота штаттарында бір тәуліктің ішінде орын алған болатын.

Алғашқы оқиға Луизиана штатының Бэтон-Руж қаласында тіркелді. Онда сейсенбі күні түнде 2 полиция қызметкері 37 жастағы қара нәсілді Элтон Стерлингті атып тастады. Ғаламторда жария етілген видео жазбада екі полицейдің қара нәсілді ер азаматты жерге жыққаны, одан кейін бір құқық қорғаушының оның денесіне тапаншасын тіреп тұрып, шүріппені басқаны анық көрінеді.

Сәл кейінірек, Миннесота штатына қарасты Фолкон-Хайтс қаласында да полиция қызметкері тағы бір қара нәсілді 32 жастағы афроамерикандық Филандо Кастилені атып тастады. Дәл осы сәтте оның құрбысы мен баласы оқиға орнында көлікте отырған. Ауыр жарақат алған Ф.Кастиле шұғыл аруханаға жеткізілгенімен жан тәсілім етті.    

Екінші қанды оқиға бейнеленген видео да ғаламторды шарлап кетті. Оны өлген азаматтың құрбысы жария еткен. Бұл оқиғада полиция көлікті тоқтатып, құжаттарын көрсетуді талап еткен.  Жүргізуші шалбарының артқы қалтасынан құжаттарын ала бермек болған кезде полиция оқ жаудырған.

Осыдан кейін туындаған наразылық шаралары Вашингтон, Даллас, Нью-Йорк, Чикаго, сонымен қатар Филандо Кастиле дүниеге келген Сент-Полу қалаларын шарпыды. Мәселен, Нью-Йоркте шеруге шыққан жүздеген адам қаланың орталығындағы Таймс-свер алаңында қозғалысқа кедергі келтірді. Куәгерлердің айтуынша, акция барысында 30-дан астам тұтқынға алынған.

Ал Чикагода шерушілер қаланың ең басты көлік күретамыры саналатын Дэн Райан Экспрессвей жолына тосқауыл қойған. Мұнан бөлек, бір топ адам «Чикаго дәмі» деп аталатын әлемдегі ірі фестивальдердің бірі өтіп жатқан қалалық саясбақ аумағында шу шығаруға тырысқан. Алайда, олардың жолын полиция бөгеген. Бұл қалада да құқық қорғаушылар кемінде 2 адамды тұтқындағаны белгілі болды.

«The Washington Post» газетінің мәліметтерінше, американдық полиция қызметкерлері осы жылдың 6 айында қызметтік борыштарын өтеу барысында 491 адамды атып тастаған. Ал өткен жылдың сәйкесінше кезеңінде 465 адам полиция қолынан оққа ұшқан еді.

АҚШ полиция қызметкерлері ақ нәсілділерге қарағанда афроамерикандықтарға қарсы 2,5 есе көп қару кезенеді. Дегенмен, құқық қорғаушылардың қолынан қаза тапқандардың жартысы ақ, ал қалған жартысы қара нәсілділер. Оққа ұшқандардың 10 пайызға жуығында қару-жарақ болмаған. Бірақ, полиция атып өлтіргендердің төрттен бері жүйке ауруына шалдыққандар екендігі де белгілі.

Далластағы атыс

Вашингтон, Нью-Йорк, Чикаго, сонымен қатар Сент-Поледегі наразылық шерулер тыныш өткенімен, Далластағы полиция озбырлығына қарсы  акция қайғылы жайтпен аяқталды.

Наразылық шеруі барысында белгісіз адам құқық қорғаушыларға қарата оқ жаудырып, соның салдарынан 5 адам өлді. Американдық БАҚ мәліметтеріне қарағанда, оққа ұшқандардың 4-еуі полиция қызметкері болса, біреуі - Далластың көлік басқармасының қызметкері.  12 адам, оның ішінде 11 полиция мен бір адам жарақат алды.

Сәл кейінірек, құқық қорғау органдарының қызметкерлері бұл қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 2 еркек пен 1 әйелді тұтқынға алды. Еркектердің бірі еш қарсылықсыз берілсе, екіншісі полция қызметкерлеріне оқ жаудырды. Алайда, ол бәрібір тұтқынға түсті.

Мұнан бөлек, тағы бір күдікті болған. Ол полиция қызметкерлеріне берілуден бас тартып, ақыр соңында оққа ұшты.

НАТО саммитіне қатысу үшін Варшава қаласына келген Барак Обама американдық полиция жұмысын, олардың заңсыз әрекеттерінің кесірінен ақтарға қарағанда афроамерикандықтардың көп зардап шегетінін жасырмады. «Барлық американдықтар осы мәселеге алаңдаулы. Бұл бөлек оқиғалар емес, Америка құқық қорғау құрылымдарындағы ұдайы болып тұратын жайттар», - деді президент полициядағы заңсыздықтар туралы.

«Полиция қызметкерлері ақтарға қарағанда афроамерикандықтарды екі есе көп өлтіреді», деп қосқан оның ойынша, мұның бәрі АҚШ-та  теңдіктің болмауын білдіреді. Сонымен қатар, Б.Обама полиция қызметкерлерінің көпшілігі өзінің күнделікті жұмысын жақсы атқаратынын атап өтті.  

БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун де 5 полицейдің оққа ұшуын қатаң айыптады. «Бұл зорлық-зомбылық актісін мүлдем ақтап алуға болмайды. Бұл қылмысқа қатысы барлар алдағы екі күнде оққа ұшқан екі афроамерикандыққа алаңдаушылық танытқан адамдардың көңіл-күйлерін одан ары бұза түседі», - деп мәлімдеді Пан Ги Мун. 

Ирак пен Сауд Арабиясындағы шабуылдар

Өткен жексенбі күні Бағдадтың орталығындағы адам көп жүретін Карада ауданында жарылыс орын алды. Жанкешті лаңкес миналанған көлікті жарып жіберді. Жарылыстың қуатты болғаны соншалық төңіректегі бірнеше ғимарат отқа оранды.
Караданың орталық ауданында көптеген дүкендер, дәмханалар мен мейрамханалар орналасқан әрі қасиетті Рамазан  айының ауызашар сәті жақындап қалғандықтан адамдар өте көп болған.

Теракт салдарынан кемінде 131 адам қаза тауып, түрлі деңгейде жарақат алғандардың саны шамамен 200-ге жуықтап отыр.
Дәл осы күні Бағдадтың шығысындағы Аль-Шааб базары ауданында орын алған екінші жарылыстан 5 адам өліп, тағы 16-сы жараланған. Қастандық жауапкершілігін «ДАИШ» лаңкестік тобы өз мойындарына алып отыр.

Ал дүйсенбі күні Сау Арабиясының Медина, Эль-Катиф және Джидда қалаларында жарылыс болды.

Бірінші жарылғыш зат күллі мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Мединадағы Пайғамбардың мешіті жанында орын алды.  Жарылғыш құрылғыны жанкешті лаңкестің іске қосқаны белгілі. Ол мешіт ішіне кіруге тырысқан. Алайда, күзетшілер оны дер уақытында байқап қалған. Осыдан кейін жанкешті жарылғыш құрылғыны іске қосып, салдарынан күш-қуат құрылымдарының 4 қызметкері қаза тапса, тағы 5-еуі жараланған. Дәл осы оқиғадан бірнеше сағат бұрын Джидда мен Эль-Катифте де жарылыс болған еді.

Мәселен, Джиддада қарулы адам американдық консульдік жанында жарылыс ұйымдастырмақ болған. Бірақ, оны байқап қалған полиция қызметкерлері  атып өлтірді. Ал Эль-Катифте жанкешті лаңкес мешіт жанында жарылғыш затты іске қосты.

Әзірше, бұл лаңкестіктердің жауапкершілігін ешкім мойнына ала қойған жоқ. Дегенмен, сарапшылар мұның барлығына «ДАИШ» лаңкестік тобының қатысы бар деп болжап отыр. 

Соңғы жаңалықтар