ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Әлемдік ұялы байланыс алпауыттар жаңа өнімдерін таныстырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада Барселонада Халықаралық ұялы байланыс конгресі өз жұмысын бастап, онда ІТ-индустриясының әлемдік алыптары өздерінің жаңа өнімдерін таныстырды. Мұнан бөлек, осы аптада АҚШ-та тағы бір қанды қырғын орын алды. Нақты айтқанда Мичиганда қарулы адам көлігімен қала көшелерінде кезіккен адамдарға оқ жаудырды. Ал Канзаста шөп шабатын техника шығаратын компанияда жұмыс істейтін бір адам өзінің бірнеше қызметтесін атып тастады.
Халықаралық ұялы байланыс көрмесі
Осы аптаның дүйсенбі күні Барселонада Халықаралық ұялы байланыс көрмесі өз жұмысын бастаған болатын. Әдетте бұл көрмеге әр елдің ұялы байланыс операторларының жетекшілері, контент иелері мен оны сатушылар жиналады. Іс-шараның басты кейіпкері - ұялы телефондар және онымен байланысты кез келген құрылғылар.
Ағымдағы жылы конгресс жұмысына Жер шарынан 2200-ден астам компания қатысты. Олардың қатарында Google, Huawei, Intel, Microsoft, Nokia, Samsung сынды әлемдік деңгейдегі алпауыт компанияар бар. Төрт күнге созылған шараға 100 мыңнан астам адамның қатысқаны белгілі.
Көрме аясында оңтүстіккорейлік Samsung компаниясы өзінің Galaxy S7 смартфонын таныстырды. Сонымен қатар бұл компания дисплейі иілген Galaxy S7 Edge смартфоны мен Gear 360 панорамдық камерасын да келушілердің назарына ұсынды.
Айта кетерлігі, таяуда T-Mobile байланыс операторы Samsung Galaxy S7 смартфонын бассейн түбінде ашқан видеоны жариялаған болатын. Онда сүңгуір маскасын киіп алған жүргізуші смартфон салынған қорапшаны екі минуттың ішінде ашып, ішіндегілерді, қолдану нұсқасын, қуаттау құралын және тағы басқаларын көрсетіп шықты. Ал одан кейін ол су астында Galaxy S7 смартфонын іске қосып, оның негізгі сипаттамаларын айтып өтті. Жүргізуші смартфонның судың астында қоңырау шалуға, фотосурет түсіруге, тіпті, сүйікті телешоуды тамашалауға болатынын көрсетті. Алайда жадыдан шығармайтын нәрсе, Galaxy S7 смартфонының судан қорғау сертификатында құрылғының тереңдігі бір жарым метрден аспайтын су астында жарты сағат уақытқа ғана шыдайтындығы көрсетілген.
Көрме барысында Қытайдың Huawei компаниясы MateBook жаңа планшетін таныстырды. Бұл ретте компания өздерінің жаңа өнімінің әлемдік танымалдыққа ие болып, өтімді тауарға айналатындығына сенім артып отыр.
Мұнан бөлек, халықаралық шара барысында оңтүстік көрейлік LG компаниясы G5 смартфонын, Acer компаниясы Liquid Jade 2 смартфоны,н сонымен қатар Lenovo мен ZTE компаниялары өз өнімдерін таныстырды.
АҚШ-тағы қанды қырғын
Мичиган штатына қарасты Каламазу қаласында қаруланған адам өз көлігімен шаһар көшелерін кезе жүріп, бірнеше жаяу жүргіншіні оқ астына алды. Ол шабуылды үш жерде, атап айтқанда тұрғын үй кешені маңында,
Ford автосалоны тұсында және Cracker Barrel мейрамханасы жанында ұйымдастырғаны белгілі.
Бірінші оқиға шамамен жергілікті уақыт бойынша кешкі 6-да орын алған. Қылмыскер екі баласының көзінше бір әйелді бірнеше мәрте атқан. Әйел аман қалғанымен ауыр жағдайда ауруғанаға жеткізілген.
Бірнеше сағаттан кейін автосалон қылмыскерлері полиция шақырды. Оқиға орнына жеткен құқық қорғау органы қызметкерлері 53 жастағы әкесі мен 17 жастағы баласының оққа ұшқанын және тағы бір адамның жарақат алғанын анықтады.
Үшінші шабуыл «Cracker Barrel» мейрамханасының көлік тұрағында орын алды. Қылмыскер көліктерінде отырған адамдарға оқ жаудырып, соның салдарынан 5 адам қаза тапты.
Қанды оқиғалар орын алғаннан кейінгі 2 сағаттың ішінде 45 жастағы Джейсон Брайан Далтон тұтқынға алынып, оның көлігінен қару да табылды. Қазіргі уақытта белгілі болып отырғаны ол Uber такси қызметінде жүргізуші болып жұмыс істеген.
Айта кетерлігі, осы аптада АҚШ-тың Канзас штатына қарасты Хесстон қаласында да қанды қырғын орын алған еді. Онда Канзаста шөп шабатын техника шығаратын Excel Industries компаниясының қызметкері жұмыс орнында қызметтестерін атып тастады. 38 жастағы Седрик Фордтың шабуылынан компанияның 3 қызметкері сол жерде жан тапсырса, тағы 15 адам жарақат алып, оның 5-еуі ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Осыдан кейін оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері оны атып өлтірді.
Айта кетерлігі, АҚШ-тың Каннектикут штатының Ньютаун қаласында бастауыш мектепте 26 адамның өлтірілуі осы елде қару-жарақты еркін сатып алу және тасымалдау мәселесіне қатысты дау тудырған болатын. Дәл осы оқиғадан кейін АҚШ Президенті Барак Обама елде қару-жарақтарды тасымалдауға және сақтауға шектеу қою туралы заң жобасына қол қойған-ды.