ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: «American Music Awards 2015» сыйлығы табыс етілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ғаламшар тұрғындарының есінде жақсы, жағымды жаңалығымен қатар, лаңкестердің елді дүрліктерген кезекті шабуылдарымен де есте қалатын түрі бар. Нақты айтқанда, Америкада «American Music Awards 2015» сыйлығын табыстау салтанатты шарасы өтсе, Тунис астанасында лаңкестік әрекет орын алды.
None
None

«American Music Awards 2015» сыйлығы табыс етілді

Жексенбі күні Лос-Анджелестің «Microsoft Theatre» концерт залында жылдың жарқын музыкалық оқиғаларының бірі «Microsoft Theatre» сыйлығын табыстау шарасы өтті.

Кезінде «Грэммиге» балама ретінде шығарылған бұл сыйлық оған лайықты бәсекелес бола алмағандығы белгілі. Дегенмен, бұл сыйлықтың басты ерекшелігі - музыка майталмандары емес, қарапайым тыңдаушының дауыс беруі нәтижесінде жеңімпаздың анықталуында.

Салтанатты шараның қызыл кілемімен бұл жолы Джастин Бибер, Селена Гомес, Джиджи Хадид, сонымен қатар Кендалл мен Кайли Дженнерлер сынды өнер жұлдыздары жүріп өтті. Сыйлықты табыстау рәсімін Дженнифер Лопес жүргізіп, ол сахнаға әр шыққан сайын киімін ауыстырып, келушілерді тәнті етті десек те болады.

Айта кетерлігі, таяуда ғана Парижде, Мысыр мен Малиде өткен лаңкестік әрекеттер салтанатты шараның арқауына айналды. Мәселен, американдық актер әрі «Thirty Seconds to Mars» рок-тобының әншісі Джаред Лето лаңкестік әрекеттерден қаза тапқандарды еске алды. «Ағымдағы жылы біз Парижде, «Батаклан» залында өнер көрсеткен едік. Бұл концерт жадымызда мәңгі қалады. Алайда, барлығының да қалай жедел өзгеретіндігін уақыт көрсетіп берді», - деді танымал әнші өз сөзінді.

Сонымен қатар ол лаңкестік әрекеттерден қаза тапқандарды күйзеліспен еске алды. «Бүгінде біз Парижде, әлемнің басқа нүктелерінде, Францияда, Ресейде, Сирияда, Малиде немесе Құрама Штаттарда зорлық-зомбылық құрбандарын еске аламыз», - деді Джаред Лето.

Сонымен қатар салтанатты шара барысында «Батаклан» театрына жасалған шабуыл барысында сүйікті жарынан айырылған француз журналисі Антуан Лейристің хаты оқылды. Осыдан кейін сахнаға Селин Дион шығып, Эдит Пиафтың «Hymne à L'amour» («Махаббат әнұраны») композициясын орындады.

Ағымдағы жыл әртісі аталымында «One Direction» тобы осымен екінші мәрте жеңіске жетті. Бұған қоса, топтың жанкүйерлері оларды үздік поп-рок топ деп таныды. Айта кетерлігі, осы көктемде бұл топтың бір мүшесі шығып кеткен еді.

Ал Тейлор Свифттің «Blank Space» әні мен «1989» альбомы үздік деп танылды. Үздік орындаушы аталымында, Эд Ширан, ал әйелдер арасында Ариана Гранде жеңіске жетті.

Сонымен қатар мәртебелі сыйлықты жеңіп алушылардың қатарында Рианна (үздік R-n-B орындаушысы), Ники Минаж (үздік хип-хоп орындаушысы), «The Weeknd» (үздік R-n-B орындаушы) и «Fall Out Boy» (үздік балама топ) болды.

Тунистегі лаңкестік

Сейсенбі күні кешкісін Тунис астанасында лаңкес-жанкешті президенттік күзет қызметкерлері мінген автобустың ішінде өзін-өзі жарып жіберді. Республика Ішкі істер министрлігінің ресми деректеріне қарағанда, жанкешті автобустың ішіне шамамен 10 келі жарылғыш зат алып кірген.

Осы оқиғадан кейін Тунис президенті Каин эс-Себи күш-қуат құрылымдарымен жедел кеңес өткізіп, нәтижесінде елде 30 тәулік мерзімге төтенше жағдай режімін енгізу туралы шешім қабылданды.

Осы уақыт аралығында Тунис астанасында және іргелес қалашықтарда комендаттық сағат енгізілетін болады. Бұған қоса, ұлттық қауіпсіздік кеңесінің шешімімен Ливиямен шекара 15 тәулікке жабылды.

Ресми деректерге сәйкес лаңкестік әрекеттердің салдарынан лаңкесті қоса алғанда 13 адам қаза тауып, тағы 17 адам түрлі дәрежеде дене жарақатын алған. Саусақ іздерінің көмегі арқылы президент күзеті қызметінің 12 қызметкері танылды. Ал лаңкес-жанкешті 1988 жылы дүниеге келген Тунис азаматы Хуссам бен Хеди Бен Милед Абделли екендігі белгілі болды. Оның аты-жөні ДНК сараптамасын жүргізгеннен кейін анықталды.

Бұл лаңкестік жауапкершілігін «ДАИШ»-пен байланысы бар топтардың бірі өз мойындарына алып отырғаны белгілі. Бұл жайында содырлар таратқан ақпаратта айтылған.

Биліктің таратқан ақпаратына қарағанда, 26-ынан 27-ші қарашаға қараған түнде республиканың барлық өңірлерінде елдің ұлттық гвардиясы 367 тексеру жүргізген. Нәтижесінде лаңкестік ұйымға қатысы бар деген күдікпен 40-қа жуық адам тұтқынға алынған.

Елдегі төтенше жағдайды реттеумен байланысты Жарлыққа сәйкес Тунистің Ішкі істер министрі қауіпті адамдарды тұтқынға алу туралы 92 қаулы шығарған.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мен ұйымның бас хатшысы Пан Ги Мун лаңкестік әрекетті айыптап, қаза тапқандардың туған-туыстарына көңіл айтты.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері бұл лаңкестікті орындаушыларды, ұйымдастырушыларды және қаржыландырушыларды тауып, жауапкершілік тарту қажеттігін атап өтіп, барлық мемлекеттерді бұл бағытта Тунис билігімен белсенді ынтымақтастықты жолға қоюды үндеді.

Айта кетерлігі, бұл осы жылдың ішіндегі Тнисте орын алған үшінші ауқымды лаңкестік әрекет. Мамыр айында содырлар «Бардо» мұражайына шабуылдап, 20 шетелдік пен бір полицейді өлтірген болатын. Ал маусымда Сус қаласындағы қонақ үй аумағына содырлар басып кіріп, 38 адамды атып тастаған еді.

Соңғы жаңалықтар