ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Апта бойы лаңкестік шылауына іліккен Таяу Шығыс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта тағы да лаңкестіктің белең алуымен өтіп бара жатыр. Есте болса, өткен жексенбіде Мысыр астанасы Каирдің оңтүстігінде орын алған қарулы шабуыл барысында құқық қорғау органының 7 қызметкері оққа ұшқан еді. Ал сәрсенбі мен жұма аралығында Ирак жұртшылығын Бағдад пен оған таяу қалалардағы бірнеше лаңкестік оқиға жаға ұстатты. Бұған қоса, Түркияда да Ыстамбұл мен Диярбақырдағы бірнеше жарылыстың салдарынан бірнеше адам өлім құшып, 20-дан астам жарақат алды.

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Апта бойы лаңкестік шылауына іліккен Таяу Шығыс

Ирактағы қанды жексенбі

Иракта «ДАИШ» лаңкестік тобының қитұрқы әрекеттерінің белең алуына байланысты қауіпсіздік саласындағы күрделі ахуал әлі де болса сақталып отыр. Өтіп бара жатқан апта ішінде ғана бұл елдің астанасы Бағдад пен оған іргелес жатқан қалаларда бірнеше жарылыс орын алған еді.

Мәселен, сәрсенбі күні Ирак астанасында үш лаңкестік орын алды. Жарылғыш зат қойылған үш көлік ел астанасының шығысында, солтүстігінде және батысында көкке ұшты. Айта кетерлігі, Ирак астанасының шығыс бөлігіндегі Садр-сити ауданындағы адам көп жиналатын базарда орын алып, зардап шеккендердің де қатары көп болды. Нақты айтқанда, кемінде 66 адам ажал құшып, жарақат алғандар 90-нан асып отыр.

Келесі жарылыс түске жақын Бағдадтың батыс бөлігінде жасалды. Жарылғыш зат орнатылған көлікті басқарған жанкешті полиция блокпостына барып соғылды. Соның салдарынан 18-ден астам адам, оның ішінде 5 полиция қызметкері өліп, тағы 35 адам жараланды.

Үшінші жарылыс шаһардың солтүстік бөлігінде іске қосылды. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Бағдадтағы үш лаңкестік шабуыл салдарынан 94 адам өліп, 150 адам түрлі деңгейде дене жарақатын алды.

Келесі күні, 12 мамырда 2 лаңкест-жанкешті Абу-Грейб қаласындағы полиция учаскесінде шабуылдап, денесіне жасырылған жарылғыш құрылғыны іске қосты. Жаралыстан кемінде 3 адам қаза тауып, кемінде 10 адам жараланды.

Ал жұма күні белгісіз үш адамның Балад қаласындағы дәмханада отырған адамдарға оқ жаудырғаны белгілі болды. Шабуылдан 12 адам оққа ұшып, тағы 25-і жарақат алды.

Ирактағы бұл лаңкестік акциялардың барлығының да жауапкершілігін «ДАИШ» лаңкестік тобы өз мойындарына алып отыр.

БҰҰ Бас хатшысының Ирак бойынша арнаулы өкілі Бағдадтағы Садр-Сити базарындағы жарылысты қатаң айыптады. Лаңкестікке қатысы барларды тез арада тауып, оларды жауапкершілікке тартуға шақырды. Сонымен бірге қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдірді.

Бүгінде Иракта күрделі ахуал орын алып отыр. Елдегі саяси дағдарыстың күшейе түсуі аясында ұлттық қарулы күштердің «ДАИШ» лаңкестік тобымен текетіресі созылып та кетті. Қақтығыс салдарынан көптеген адамдар қаза табуда, олардың арасында бейбіт тұрғындар да көп.

БҰҰ-ның Иракқа жәрдем көрсету жөніндегі миссиясы ұсынған деректерге қарағанда, осы жылдың сәуір айының ішінде ғана лаңкестік шабуылдардың, зорлық-зомбылықтың және қарулы қақтығыстардың салдарынан 740 ирактық мерт болып, шамамен 1370-і жарақат алған. Қақтығыстардан көп зардап шеккен аудандар мен қалалардың қатарында Бағдад шаһары көш бастап тұр. Бұл шаһардың өзінде ғана сәуір айында 232 бейбіт тұрғын оққа ұшып, 642 адам жарақаттанған.

Жоғарыда атап өткен миссия ұсынған тағы бір дерекке қарағанда, өткен жылдың ішінде Иракта лаңкестік шабуылдар, зорлық-зомбылық пен қарулы қақтығыстар салдарынан 22 мыңнан астам адам қаза тапқан.

Мысырлық полицейлер лаңкестер құрбаны болды

Жексенбі күні Каирге іргелес Хельван қаласында полиция лейтенаты мен оның шені төмен 7 қызметтесі шағын автобуспен шаһарға шолғын жасап келе жатқан. Алайда, кенеттен қала көшелерінің бірінде полиция қызметкерлері мінген автобустың жолын пикап көлігі бөгеп, одан шыққан маскалы төрт адам оқ жаудырған.

Көліктегі барлық полиция қызметкерлері қаза тапты. Осы оқиғадан кейін бірден мысырлық күш-қуат құрылымдары қаланың бірқатар аудандарына тосқауыл қойып, автожолдарды жауып тастады. Бірақ, қылмыскерлер бұл сәтте бой тасалап үлгерген еді.

Деректерге қарағанда, қылмыскерлер бұл шабуылға тыңғылықты дайындалған әрі көліктің ізін аңдып отырған. Бұл қараша айынан бері Мысырдағы «ДАИШ» лаңкестік тобы жасаған шабуыл болып отыр. Ол кезде лаңкестер 4 полиция қызметкерін өлтірген еді.

Мысыр ішкі істер министр Магди Абдель Гаффар қаза тапқан полицияларды батыр деп атап, лаңкестерге қарсы жұмыстар жалғасатындығын баса айтты.

Бұл шабуыл жауапкершілігін «ДАИШ» лаңкестік тобының мысырлық ұяшығы өз мойындарына алып отыр. Әлеуметтік желілерде таратылған мәлімдемеде «халифат жауынгерлері отряды» Хельванде полиция шағын автобусына шабуыл жасап, оларды өлтіріп, қару-жарақтарын алып кеткендігі айтылған.

2013 жылы президент Мохаммед Мурси тақтан тайдырылғаннан кейін полиция мен армия қызметкерлеріне шабуыл күшейіп кеткен болатын.

Түркиядағы шабуыл

Сейсенбі күні Түркияның оңтүстік-шығысындағы Диярбақыр қаласының орталық көшелерінің бірінде жарылғыш зат қойылған автомобиль жарылды. Жарылыс лаңкестікке қатысы бар деген күдікке ілінген тұтқынды әкетіп бара жатқан полиция автобусы жанына орын алған.

Оқиға салдарынан кемінде 3 адам қаза тауып, тағы да 20-дан астам адам ауыр жарақат алған болатын. Түркия билігі бұл жайтты лаңкестік деп атап, тұтқынға түскендерді әкетіп бар жатқан полция автобусында Күрдістан жұмысшылар партиясының өкілдері болғандығын айтуда.

Мұнан бөлек, бейсенбі күні Ыстамбұлдың Санджактеп ауданында армия казармасы жанынан автомобиль жарылды. Соның салдарынан 7 адам жарақат алса, оның 5-еуі әскери қызметшісі болса, екі қарапайым азамат болатын. Олардың барлығы да жеңіл жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

Естеріңізге сала кетейік, күрдтер шоғырланған Диярбақырда 31 наурызда бомба қойылған көлік жарылып, 7 полицей қаза тапты. Тағы 27 адам жараланды. Жарылғыш құрылғы көліктің қасынан тәртіп сақшыларын тиеген автобус өте бергенде, алыстан іске қосылған еді.