ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Ауа райының жайсыз болуы салдарынан азық-түлік дағдарысы ушығып келеді

АСТАНА. 12 тамыз. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта Азияның бірқатар елінде, атап айтқанда, Қытай, Үндістан, Филиппин және Солтүстік Кореяда күшті су тасқыны орын алғандығы туралы ақпараттармен басталды.

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Ауа райының жайсыз болуы салдарынан азық-түлік дағдарысы ушығып келеді

Ал Қазақстан ауыр атлетикадан Лондон Олимпиадасының чемпиондары Зүльфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова, Илья Ильин және жеңіл атлет Ольга Рыпакованы қарсы алды. Бүгін 2012 жылғы Олимпиаданың соңғы күні, қазақстандық боксшылар ХХХ  жазғы ойындар «алтыны» үшін жекпе-жектерін жалғастырады. Серік Сәпиев пен Әділбек Ниязымбетовке бүкіл Алаш жұрты жанкүйер болып отыр.

Корей Халықтық Демократиялық Республикасында орын алған су тасқыны кезінде қаза тапқандардың саны 170 адамға жетті. Сонымен қатар тағы да 400 адам із-түссіз жоғалғандар қатарында. Осы елде шамамен 80 мың адам өз үйлерін тастап шығуға не болмаса баспанасыз қалуға мәжбүр. Сонымен қатар ауыл шаруашылығының дәнді дақылдары да айтарлықтай зардап шекті. Бұл елді азық-түлікпен қамтамасыз етуде айтарлықтай қиындықтар туындатып, тіпті ашаршылыққа жол бастауы да мүмкін.  Үндістан мен Қытайда да адамдар қаза тауып, көптеген  ғимараттарды су шайып кетті. Ауа райының жайсыз болуы салдарынан әлемдік нарықтағы азық-түлік бағасы күрт көтерілді. Бағаның көтерілуіне  Бразилиядағы мезгілсіз түскен жауын-шашын, АҚШ-тағы алапат құрғақшылық және Ресейдегі азық-түлік қиыншылықтары басты себеп болуда. Индонезияда маусымдық жауын-шашынның кешігіп басталуы мен Австралиядағы құрғақшылық бағаның күрт өсуінің негізгі алғышарттарының біріне айналуда. Баға өсімі 2007-2008 жылдары орын алып, көптеген кедей елдерді тұралатын жіберген азық-түлік дағдарысының қайталану мүмкіндігі туралы қауіпті де күшейтіп барады. Сол жылдары азық-түлік бағасының күрт көтерілуі Гаитиден бастап, Египетке дейінгі аралыққа қоныс тепкен көптеген елдердегі тәртіпсіздіктерге әкелген болатын.

Астық бағасы 17, ал қант бағасы мезгілсіз жауған жаңбырдан әлемдегі ең ірі қант өндірушілердің бірі Бразилиядағы өнім қатты зардап шеккеннен кейін 12 пайызға қымбаттады. Oxfam қайырымдылық қоры сарапшыларының мәліметтері бойынша жыл басынан бері азық-түлік бағасының өсуі мен құрғақшылық салдарынан Батыс пен Орталық Африканың Сахель өңіріндегі елдерде азық-түлік дағдарысы туындап, 18 миллионнан астам адамға әсер етуде.

Еуропалық валюта тағы да қысымға ұшырауда, 8 тамыздағы курсы 1,239 АҚШ долларын құрады. Еуроның одан әрі өсуі мүмкін емес. Бұл жайт Грекияда туындап отырған проблемалармен тікелей байланысты. Өйткені бұл ел тамызда қарыздарын төлеу үшін жаңа қарыз қағаздарын шығаруға мәжбүр болады. Сарапшылардың пайымынша, Грекия қосымша қаржылық көмек сұрайтын болады және де бұған қоса осы елдің экономикасы жыл ішінде 10 пайызға қысқарады.

Лондонда InterContinental Exchange  сауда қорытындысы бойынша Brent маркалы мұнайдың қыркүйектегі келісімшарты 2,45 АҚШ долларына қымбаттап, барреліне 112 доллар бағамен жабылды. Бұл ағымдағы жылдың 15 мамырынан бергі аралықтағы ең бірінші жоғары деңгей. New York Mercantile Exchange -те  WTI маркалы мұнайдың фьючерстік келісімшарт бағасы қыркүйектегі жеткізілімімен 1,47 долларға көтеріліп, барреліне 93,67 долларға дейін жетті. Бұл өсімге Бостон ФРБ төрағасы Эрик Розенгрен мәлімдемесіне орай қор нарығына қатысушылардың алдағы уақытқа үмітпен қарауы себеп болуда деп саналуда. Ол Федералды резервтік жүйе ипотекалық және қазынашылық облигациялардың портфелін кеңейтуі қажет және бұл қағаздарды ФРЖ экономика сенімді қалпына келу жолына түскендігіне нақты көзі жеткенше белсенді сатып алуды жүзеге асыруы керек деп мәлімдеген болатын. .     

Сауда-саттыққа қолдау білдірудің тағы да бір қуатты факторы ұсыныстар тарабымен байланысты жаңалық болды. Атап айтқанда, инвесторлар Сириядағы оқиғалардан оң нәтиже көруді болжауда.  Нарық қатысушылары Таяу Шығыстағы осы елдерде орын алып жатқан оқиғалардың болжамсыздығынан және көршілес мемлекеттердегі қиын ахуалдан  мұнай экспорты режімінің бұзылуы мүмкін екендігін де жоққа шығармайды. Мәселен, бір күн бұрын Түркияның оңтүстік-шығысында мұнай        құбырының жарылуынан Ирактан Джейхан жерортатеңізі портындағы терминалға мұнай жеткізу тоқтатылды. Нарыққа АҚШ-тың барлық мұнай өндіру қуатының шамамен 30 пайызын құрайтын Мексика шығанағы ауданындағы дауыл белсенділігінің артып тұруы да қауіп төндіруде. Сарапшылардың пайымынша,  WTI маркалы мұнайдің баррелі  95,28 долларға, ал Brent бағасы барреліне 113 долларлық деңгейге жетіп жығылуы бек мүмкін.

Өтіп бара жатқан апта ішінде Мысыр содырларының белсенділігі артып, олар египет-израиль шекарасындағы бақылау-өткізу бекетіне шабуыл жасады. Шекараны кесіп өтуге тырысқан содырлардың көзін израиль армия жойды.Мысыр аумағында да экстремистер мен шекарашылар арасында қарулы қақтығыс орын алды.

Иран Үкіметі 2013 жылға қарай  Интернеттен толығымен бас тартып, ел шегінде жұмыс істейтін ішкі желіге шектеу қоймақ. Иран Ислам Республикасының Ақпарат және коммуникация министрінің хабарлауынша, ел басшылығы бүкіләлемдік ғаламтор желісі сенімсіз және де 1 немесе 2 мемлекеттің уысында деп санайды. Бұған қоса бұқаралық ақпарат құралдары Иранның әлемнен оқшаулануға ұмтылуы өзінің ядролық бағдарламаларын қауіпсіздендіруі үшін жасап отыр деп атап өтуде. Есте болса шамамен 1 жыл бұрын Бушердегі атом электр стансасының құрал-жабдықтарына Stuxnet вирусы залал келтірген еді.