ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Ауғанстан мен Пәкістандағы жер сілкінісінен 400-ден астам адам қаза тапты
Ауғанстан мен Пәкістандағы табиғи апат
Дүйсенбі күні Ауғанстанның солтүстік-шығысының шалғай ауданында қуатты жер сілкінісі орын алды. Зілзала кіндігі Ауғанстан астанасы Кабул қаласынан солтүстік-шығысқа қарай, Гиндукуш тау тізбегі тұсында шамамен 200 шақырымдық тереңдікте тіркелген.
Жер асты тербеліс шамамен 1 минутқа созылып, Пәкістан, Үндістан, Қырғызстан және Қазақстанда да сезілді. АҚШ геологиялық қызметінің болжамына сәйкес, табиғи апатқа Индостан жарты аралының Еуразия құрлығына қарай баяу қозғалуы түрткі болған.
Соңғы деректерге қарағанда, жер сілкінісі салдарынан Пәкістанда кемінде 272 адам қаза тауып, шамамен 2 мың адам түрлі дене жарақатын алған. 13,5 мыңнан астам үй қираған. Ал Ауғанстанда табиғи апаттан 14 өлке зардап шегіп, 165 адам мерт болса, 7,6 мыңнан астам баспана бүлінген. Зілзала кезінде кемінде 12 баланың да қаза тапқаны белгілі. Қайғылы оқиға Ауғанстанның Тахар өлкесіндегі қыздарға арналған мектепте орын алған. Жер сілкінісі кезінде 12 оқушы нөпір астында тапталып қалған. 25 қыздың ауыр жарақат алғаны да белгілі. Мұнан бөлек, Үндістанда 4 адам қаза тапты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Ашраф Ғаниға және Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-министрі Миан Мохаммад Наваз Шарифке адам шығынына ұшыратқан күшті зілзалаға байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Жеделхатта көп адамның қаза тапқаны және жарақат алғаны туралы хабарды Мемлекет басшысының зор күйзеліспен қабылдағаны атап өтілген. Нұрсұлтан Назарбаев жеке өзінің және Қазақстан халқының атынан қаза болғандардың туыс-туғандары мен жақындарына көңіл айтты.
Бейсенбі күні «ҚР БҒМ ҒК СТӘЭ» ММ сейсмикалық стансалар желісі жер сілкінісін тіркеді. Зілзала ошағы Ауғанстан аумағында, Алматы қаласынан оңтүстікке-батысқа қарай 861 шақырым қашықтықта орналасқан. Жер сілкінісінің энергетикалық сыныбы - 11.6. Магнитудасы - MPV 5.7. Тереңдігі - 200 шақырым», - делінген ведомствоның хабарламасында.
Ауғанстанда жер сілкінісінен кейін тірі қалған тұрғындар бейсенбі күні қирандылар астында қалған дүние-мүліктерін қазып ала бастады. Зардап шеккендердің басым бөлігі - кедейлер. Сондықтан олардың барлығы да мемлекет тарапынан көмекке мұқтаж.
Баспанасынан айырылған ондаған мың адам қыс кезінде үйсіз, қажетті көрпе-көпшікпен қатар жылы киімсіз де қалатын түрі бар. Айта кетерлігі, қыс айларында өңірде ауа температурасы 0 градустан да төмендейді деп күтілуде.
«Левиафан II» кемесі апатқа ұшырады
Жексенбі күні Канада жағалауында «Левиафан II» кемесі суа батып кетті. 20 метрлік үш палубалы кеме Варгас аралы мен Тофино қаласына тақау жерде апатқа ұшырады.
Тофино Ванкувер аралында орналасқан. Ол сұр Тынық мұхиты китін көруді қалайтындар үшін барынша танымал туристік аймақ саналады.
Апат орын алғаннан кейін жергілікті билік кең ауқымды құтқару операциясын жүргізді. Оған 2 ұшақ, тікұшақ және жағалау күзетінің 2 кемесі жұмылдырылды. Операцияға балықшылар мен жергілікті тұрғындардың кемелері де қатысты. Туристік кеменің апатқа ұшырауы тосын болғаны соншалық, экипаж тіпті SOS дабылын да беріп үлгере алмаған. Алдын ала тергеу амалдарының дерегіне сәйкес, кеменің апатқа ұшырауына кит себеп болуы мүмкін.
Куәгерлердің айтуынша, туристер тобы бір мезетте кеменің жол жақ бортына лап берген. Дәл осы сәтте жүзіп келе жатқан кит кемені соғып, соның салдарынан ол аударылып, суға батып кеткен. Кеме бортында 27 адам болған. Олардың 21-і құтқарылып, 6-ауы қаза тапты.
«Левиафан II» кемесі киттерді бақылау сапарларын ұйымдастыратын компанияға тиесілі екені белгілі. Айта кетерлігі, 1998 жылы дәл осы компанияның тағы бір кемесі 1998 жылы Тофино тұсында суға батқан болатын.