ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Австрияда 71 мигрант жантүршігерлік азаппен өлді

Мұнан бөлек, жаһандық жағымсыз жаңалықтар да әлем жұртшылығына жедел жеткені белгілі. Атап айтқанда, Австрияда 71 заңсыз мигранттың мүрдесі табылса, АҚШ-та тікелей эфир барысында 2 журналисті атып кетті.
Тангодан әлем чемпионаты өтті
Жұма күні Аргентинаның астанасы Буэос-Айресте елдің бас қаласының Luna Park стадионында екі аптаға созылған тангодан әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Ағымдағы жылы конкурсанттардың жүзден жүйрік шығу үшін ерекше тер төгуімен ерекшеленді десек те болады. Өйткені, бұл жолы жарысқа әлемнің 46 елінен шамамен 700 жұп қатысқан еді.
Чемпионат салондық және сахналық танго атты екі санат бойынша өткізілді. Олардың арасындағы басты айырмашылық, екіншісі бұл бидің «алтын ғасыры» саналатын 1940 жылдарғы стильді қатаң ұстанады. Оған негізгі қадамдар мен айшықтарды қамтитын баяу ырғақты қозғалыс тән. Ырғақты қозғалыстардың дәлме-дәл орындалуына баса назар аударылады. Жұптың барлық ырғағы құшақтасуға мүмкіндік беретін кеңістікте ғана орын алуы тиіс.
Ал салондық стиль болса сахналық тангоға мүлдем қарама-қайшы. Онда қадамдар мен айшықтар шалт орындалып, адамның делебесін қоздыра түседі.
Сонымен Аргентинаның Кордова қаласынан келген Джонатан Сааведра мен Клариса Арагон чемпионат жеңімпазы атанды. «Салондық танго» санатындағы екінші және үшінші орындар да аргентиналық жұптардың қанжығасын майлады. «Бұл мен жүзеге асыруға көптен бері талаптанып келе жатқан арманым болатын. Жарысқа қатысқан кез келген жұптың жеңімпаз болуға мүмкіндігі болды. Нәтиже әр уақытта тосын болатындығы белгілі, еш уақытта да жеңіске кімнің жететіндігін білмейсің», - дейді Клариса Арагон.
Бұл жұп тек сахнада ғана емес, сонымен бірге өмірде де жұптары жарасқан жандар. Олардың жеңіске жету құпиясының бірі осында да сияқты. «Клариса маған тангода көп нәрсе үйретті. Мен бастапқы сәттен-ақ біздің жеңіске жеткенімізді қаладым», - деді Джонатан Сааведра.
Ал чемпионаттың сахналық танго санатының жеңімпазы әрі 5 мың доллар көлеміндегі сыйақыны тағы бір аргентиналық жұп Эскель Лопес пен Камилла Аллегри ұтып алды.
Танго биі шығуының ғасырдан астам тарихы бар. Бастапқыда бұл бимен тек еркектер ғана айналысып, сәл кейінірек олар серіктес ретінде жезөкше әйелдерді биге тартқан. Ал бүгінгі күні бұл биі әлемнің барлық еліне танымал. Жыл сайын Аргентина астанасы Буэнос-Айресте тангодан әлем чемпионаты өткізіледі. Би сайыстарын шамамен 100 мың адам тамашаласа, олардың үштен бірі шетелдіктер болып келеді.
Австрияда 71 мигранттың мүрдесі табылды
Бейсенбі күні Австрия мен Венгрияны жалғайтын автомагистралда жол жиегінде тоқтап тұрған ет өнімдерін таситын жүк көлігінен австриялық құқық қорғау органдарының қызметкерлері 71 заңсыз мигранттың мүрдесін тапты. Австриялық билік өкілдерінің бастапқы таратқан ақпаратында жүк көлігінен шамамен 50 адамның мүрдесі табылғандығы айтылған еді. Дегенмен, бұл мәліметтердің нақты дерек емес екендігі кейіннен белгілі болды. Австрия полициясының хабарлауынша, жүк көлігі құқық қорғау органдарының назары ауғанға дейін 1 тәулік бойы жол жиегінде тұрған.
Сот-медициналық сараптама мәліметтеріне сәйкес, мигранттар тұншығып өлген. Алдын ала тексеру барысында мигранттардың көз жұмғанына біраз уақыт болғаны әрі кейбірінің мүрдесі іріп-шіри бастағаны белгілі болды. Автомашинаны қарау барысында адамдардың жантүршігерлік азаппен өлгені анықталды. Жүк көлігінің ішкі қаптасында тырнақ іздері қалған, яғни, адамдар сыртқа шығуға тырысқан.
Ресми мәліметтерге қарағанда, тыныс алу мүмкін емес жүк көлігіне мигранттар лық толы отырған және көлік жүргізушісі Сербия шекарасынан Австрияға дейін еш жерде аялдамастан жеткен.
Қазіргі уақытта Венгрияда осы іске қатысы бар деген күдікпен 7 адам тұтқынға алынды. Олар ЕО аумағында мигранттардың заңсыз тасымалдауды ұйымдастыратын контрабандашылар екендігі белгілі.
Австрия Ішкі істер министрі Йоханна Микль-Ляйтнер бұл күнді қаралы күн деп санайтындығын және қаза тапқандардың туған-туыстарымен бірге аза тұтатындығын атап өтті. Өз кезегінде елдің Сыртқы істер министрі Себастьян Курц Еуразиялық одақтың мигранттарды қабылдау жөніндегі саясатының басты ережелері жұмыс істемейтіндігін мәлімдеді.
Айта кетерлігі, жүк көлігі Венада мигранттардың проблемасына арналған саммит өтетін күні табылған болатын.
«Бұл адамдар Еуропаға пана іздеп келеді. Біз өзіміздің адам құқығы саласындағы стандарттарымызды сақтауға және бұл адамдардың құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді құрметтеуге тиіспіз», - деді ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Федерика Могерини аталған оқиғаға қатысты пікірін білдіре келе.
Тікелей эфирде журналист оққа ұшты
Сәрсенбі күні АҚШ-тың Вирджиния штатында WDBJ7 телеарнасының тікелей эфиріне қосылу кезінде 2 журналист оққа ұшты. Сонымен қатар оларға сұхбат беріп тұрған әйел де жарақат алды.
Қайғылы оқиға тамыздың 26-сы күні таңертең орын алған. Телеарна қызметкерлері 27 жастағы оператор Адам Уорд пен 24 жастағы тілші Элисон Паркер Bridgewater Plaza сауда орталығына келіп, штаттағы ең танымал сауда ойын-сауық орталығының жұмысы жайында репортаж жасамақ болған.
Э.Паркер жергілікті сауда палатасының қызметкерінен сұхбат ала бастаған кезде оқ атылып, журналистердің екеуі сол жерде қаза тапса, сұхбат беруші әйел жарақаттанған.
Осыдан кейін қылмыскер оқиға орнынан бой тасалап, оны іздеуге ондаған полиция қызметкерлері жұмылдырылған. Көшелер қоршауға алынып, қауіпсіздік мақсатында қаладағы мектептер жабылған. Таратылған ақпаратқа қарағанда, қылмыскер автомагистрал арқылы қашып кетпекке әрекеттенген. Бірақ, полиция ізіне түскеннен кейін ол өз-өзіне қол жұмсаған.
Сәл кейінірек WDBJ7 телеарнасының қызметкерлерін олардың бұрынғы әріптесі 41 жастағы Вестер Ли Флэнаганның атқаны белгілі болды. Айта кетерлігі, Флэнаган өз әріптестерін өлтіру барысын ұялы телефонына түсіріп алған.
Аталған жазбада оның ұзақ уақыт бойы әріптестерін нысанаға алып тұрғаны анық байқалады. Бірақ, мұны жұмысқа кірісіп кеткен журналистер еш байқамаған. Ұзаққа созылған үзілістен кейін қылмыскер әріптестеріне оқ жаудырған.
Флэнаган бұл қылмысқа бірнеше апта бойы дайындалған. Ол үшін 2 тапанша сатып алып, оққа әріптестерінің есімдерін ойып жазған, көлікті жалға алған және «Өзіме және достарыма өлім алдындағы жазба» деп аталатын 23 беттік хат қалдырған.
Батыс БАҚ-тарының хабарлауынша, Флэнаган қызметтік мансабы жолында соңғы уақытта сәтсіздікке жиі ұшыраған. Мәселен, Флориданың WTWC телеарасынан жұмыстан шығарылғаннан кейін сотқа талап арыз жазып, өзінің нәсілдік қысымға ұшырағандығын атап көрсеткен. Сәл кейінірек Вирджинияның WDBJ7 телеарнасында жұмыс істегенімен 2 жыл бұрын теріс қылықтары үшін жұмыстан қуылған.
Жұмыстан шығарылғаннан кейін ол еңбек инспекциясына шағымданған. Бірақ оның шағымы қаралмаған. Өйткені, телеарна басшылығы өздерінің дұрыс қадамға барғандығын дәлелдеп берген. Осыдан кейін Флэнаган бұрынғы жұмыс берушісін сотқа бергенімен, бұл жолы да маңдайы тасқа тиген.