ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Батыс Ресейге жаңа санкциялар жариялады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта адамзат назарын тағы да Украинадағы дағдарыс пен Батыстың Ресейге жасаған жаңа санкцияларына аударды.

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Батыс Ресейге жаңа санкциялар жариялады

Дүйсенбі, 8 қыркүйекте Еуроодақтың 28 мүше-мемлекетінің Тұрақты өкілдер комитеті Ресейге қатысты санкцялардың жаңа бумасын әзірледі. Алайда Украинадағы жағдайдың бейбіт жолда шешілу барысын бақылау үшін санкцияларды енгізуді кейінге қалдырды.

Еурокеңес төрағасы Херман Ван Ромпейдің айтуынша, Ресейге қатысты санкциялардың жаңа топтамасы хаттық процедура жолымен қабылданды және биылғы 31 шілдеде ЕО енгізген мақсатты шектеу шараларын кеңейте түседі. Санкциялар Мәскеудің шығыс Украинадағы жағдайын тұрақсыздандыруға арналған бағытын өзгертуге арналған. Е уроодақ басшылары аталған санкциялар жуық арада ЕО-тың арнайы журналына басылып шыққан соң күшіне енетінін атап өтті. Шектеу шараларын енгізу уақыты Украинадағы жағдайдың тұрақтануына мүмкіндік беретіндей болуы тиіс еді. ЕО әр жердегі жағдайға байланысты санкция талаптарын жалпылай да, жекелей де қайта қарауға әзір.

Ал 12 қыркүйекте Еурокеңестің басшысы алдында берген уәдесі бойынша Ресейге қатысты жаңа санкциялар ЕО журналына шыққан соң, өз күшіне енді. Евроодақ ресейлік компаниялар мен банктердің еуропалық қаржылық нарыққа енуін шектеді. Еуропалық компанияларға Ресейдің мемлекеттік банктерінің жабу мерзімі 30 күннен асаттын құнды қағаздарымен жұмыс істеуіне тыйым салынды. Сондай-ақ ресейлік мемлекеттік банктерге 30 күннен артық мерзімге несие берудің де жолы кесілді.

Бұл жердегі әңгіме ресейлік 5 ірі банк туралы болып отыр. Олар: «Сбербанк», «ВТБ», «Газпромбанк», «ВЭБ» және «Россельхозбанк». ЕО сондай-ақ тағы үш ресейлік компанияға («Роснефть», «Транснефть», «Газпром нефть») және олардың еншілер компанияларына инвестициялық қызмет көрсетуге және бағалы қағаздармен амалдар жасауға тыйым салды. Бұрғылау жұмыстарына, скважиналарды тестілеуге, мұнайды терең су түбінен алуға арналған кемелерді жеткізуге, сондай-ақ Арктикадан мұнай өндіруге тыйымдар салынды.

Жаңа шектеу шараларының құрамында Ресейге ядролық материалдар, электроника, жоғарыөнімді компьютерлер, сенсорлар мен лазерлер, бағытаушы құрылғылар сияқты «екіжақты қолданылатын» тауарларды тікелей және тікелей емес кіргізу шараларына да тыйым салу бар. Мұндай «екіжақты қолданылатын» тауарларды сатуға тыйым салу шаралары «Сириус», «Станкоинструмент», «РТ-Химкомпозит» ААҚ, «Калашников», Тульский военный завод, «Технологии машиностроения», «Высокоточные комплексы» ААҚ, «Алмаз Антей», «Базальт» сияқты 9 ресейлік қорғаныс саласындағы концерндерде қолданылады. Бұл компанияларға техникалық та, қаржылық та көмек көрсетуге, сондай-ақ несие беруге тыйым салынады.

Сонымен қатар ЕО басшылары Еуроодаққа тіруге тыйым салынатын және активтері қатырылатын тұлғалардың «қара тізімін» кеңейте түсті. Оған тағы 24 адам кірді. Арасында РЛДП басшысы Владимир Жириновский, Федерация кеңесі төрағасының орынбасары Юрий Воробьев, бизнесмен, «Рособоронэкспорттың» директорлар кеңесінің төрағасы, «Единая Россия» партиясы жоғары кеңес бюросының мүшесі Сергей Чемезов, Мемдуманың вице-спикерлері Владимир Васильев, Иван Мельников, Игорь Лебедев, Николай Левичев және тағы да басқа адамдар бар.

Дегенмен, жоғарыда атап өткеніміздей, Еурокомиссияның баспасөз қызметі санкциялардың Украинадағы жағдайға байланысты толықтай немесе ішінара алынып тасталуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. ЕО-тың антиресейлік санкцияларды қыркүйектің соңына қарай қайта қарайтыны күтілуде.

Өз кезегінде жұма күні АҚШ та Украинадағы жағдайға байланысты Ресейге бірқатар санкциялар енгізді. Шектеу шаралары ресеййлік ірі банктерді шарпып, ресейлік қаржы институттарына қатысты қолданыстағы шараларды тереңдете түседі. Сондай-ақ Ресейдің энергетикалық секторындағы санкцияларды кеңейтіп, энергетика мен қорғаныс саласындағы бірқатар ресейлік ұйымдарды мықтап қолға алады. Америкалық қаржы министрлігінің мәліметінше, жаңа санкциялар АҚШ-тың сауда министрлігі енгізген шараларды толықтырып, ЕО-тың енгізген жаңа санкцияларына ұқсас келеді. Жаңа санкциялар топтамасына Ресейдің көрсетер әрекеті алдын ала белгілі болды. РФ президенті В. Путиннің айтуынша, «ЕО-тың жаңа санкциялары «біртүрлі көрінеді».

«Ресейдің санкцияларға қатысты ұстанымы бұрыннан белгілі. Біз санкцияларды сыртқы саясатта қолдану тиімсіз әрі ешқашан күтілетін нәтижелерді бере бермейтінін жақсы білеміз. Ал біздің қарымта әрекеттерімізге келер болсақ, Үкімет ол туралы жоспарлап қойған және оларды тек өзімізге жақсы жағдай жасау қажет болса ғана қолданамыз. («Қара») тізімдер туралы айтар болсақ. Еуроодақтың бұл шешімін мен қолдаймын, өйткені біздің лауазымды қызметкерлеріміз бен компанияларымыздың басшыларының шетел аралап жүргеннен гөрі, өз елімізде қалғаны бізге тиімді. Мемдуманың депутаттарына да қатысты сол, олар өздерінің сайлаушыларымен тілдесуге көбірек уақыт табатын болды», - деді ол. Өз кезегінде РФ сыртқы істер министрі Сергей Лавров Еуроодақтың жаңа санкциялар енгізуі Украинада басталып келе жатқан бейбіт келісімнің тағдырын қыл үстіне қояды деген пікірде. «Дей тұрғанмен, Мәскеу бұдан аспай-саспай, бірқалыпты баға беріп, ең бастысы, Ресей мүддесін қорғау қажеттілігі бойынша қана әрекет етеді», - дейді ол.

Жаңа санкцияларды қабылдау күнінде Брюссельде министрлік деңгейінде Украина мен Еуроодақтың ассоциация жөніндегі келісімін имплементациялау туралы үшжақты консультация өтті. Оған сауда жөніндегі еурокомиссар Карел Де Гюхт, РФ экономикалық даму министрі Алексей Улюкаев және Украина СІМ басшысы Павел Климкин қатысты. Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар ассоциация туралы келісімді қолдануды 2015 жылдың 31 желтоқсанына дейін шегере тұруға тоқталды. «Украинадағы тұрақтану үдерісін толық көлемде қолдау мүмкіндігін сақтау үшін Еурокомиссия Украинамен ассоциация жөніндегі келісімнің ратификацияланған жағдайында (келісімнің ратификациясы келесі аптаға жоспарланған) санкцияларды бәсеңдетуде қосымша жеңілдіктер қолдануға дайын екенін білдірді», - деп хабарланды кездесу қорытындысы бойынша.

Тәжірибе бойынша бұл Украина мен Еуроодақ арасындағы еркін сауда аймағы 2015 жылдың соңына дейін ашылмайды деген сөз, алайда осы кезеңде Еуроодақ украиналық тауарлардың еуропа нарығына салықсыз шығу құқығын сақтап қалады. Украина тауарларының көп бөлігі еуропалық нарыққа салықсыз шығып тұрса, Украинаға келетін еуропалық тауарларға кедендік салықтар салынатын болады.