ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Бостондағы лаңкестік, Вашингтон лаңкестікке қарсы қылышын қынынан суырмақ

АСТАНА. 20 сәуір. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта АҚШ-тағы лаңкестік белсенділіктің қайта көрініс табуымен есте қалмақ. 2001 жылы АҚШ-тағы Дүниежүзілік сауда орталығына жасалған лаңкестік оқиғадан кейінгі біраз жылға созылған үзілістен кейін бұл ел тағы да үрей құшағына шомды.
None
None

Дүйсенбі, 15 сәуір күні жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін спорттық шара Бостон марафоны барысында мәре сызығына тақау, жанкүйерлер арасында орнатылған жасанды екі жарылғыш зат іске қосылды.

Лаңкестік әрекет салдарынан үш адам қаза тапса, оның бірі 8 жастағы бала. 170-тен астам адам түрлі дене жарақатын алды. Ондаған адам әлі күнге дейін ауруханада, олардың басым бөлігі аяқтарынан ауыр жарақат алған. Жарылғыш зат 12 секундтық жиілікпен бірінен кейін екіншісі іске қосылған.

Оқиға орын алғаннан кейінгі алғашқы сағаттарда АҚШ Президенті Барак Обама ел халқына шұғыл мәлімдеме жасап, жарылыстардың ұйымдастырушыларын тауып, жазаға тартуға уәде етті. Президент сондай-ақ бүкіл ел аумағында қауіпсіздікті күшейтуге тапсырма берді. ал бейсенбі күні зайыбымен Бостонға ат басын бұрған Б.Обама зардап шеккендермен кездесу өткізіп, тағы бір мәрте халқына мәлімдеме жасады.

Тергеу амалдарын жүргізген Федералдық тергеу бюросы жарылғыш заттың күші барынша төмен болғандығын әрі қандай да бір арнайы өнеркәсіптік қоспаларсыз қолдан жасалғандығын мәлімдеді.

Ал сәрсенбі күні АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы Бостондағы жарылыстарға күдікті ретінде екі адамның суретін қарастырып, азаматтардан олардың кім екендіктерін анықтауға қолғабыс етуді сұрады. «Бұл адамдарды біреулер білуі тиіс», - деді ФТБ өкілі Ричард Делорье. Тергеушілердің байламынша, олар жарылғыш құрылғыларды өздерінің арқа қоржындарында алып келген. ФТБ фотосуреттер мен бейнежазба жария етілгеннен кейінгі бірнеше сағаттан соң халықтан бірінші үнқатулар түсе бастайтынына үмітті. Үміт алданған жоқ. Сәл кейінірек олардың Солтүстік Кавказ тумалары 19 жастағы Джохар Царнаев пен оның ағасы 19 жастағы Тамерлан екендігі белгілі болды. Оларды марафоншы, Бостондағы жарылыс барысында аяғынан айырылған азамат танып, қаскөйлерді жарылыстан бірнеше минут бұрын көргендігін айтты.

Жұма күні Уотертаунда лаңкестікке қарсы күштер күдіктілерді ұстау бойынша арнайы операция жүргізді. Нәтижесінде көптеген оқ тиген үлкен Царнаев ауруханада жантәсілім етіп, інісі бой тасалады. Бірақ ол ұзап кете алмады. Оны ұстауға жүздеген полиция қызметкерлері қатысты. Дж.Царнаев Чарльз өзені маңында табылды. Ол жағалаудағы үйлердің бірінің ауласында тұрған қайыққа жасырынған. Оны ұстау барысында гранаталар қолданылып, күдікті ауыр жарақат алды. Полицияда, Федералды тергеу бюросы да оған медициналық көмек көрсетілетіндігін айтуда. Жалпы ағайындылар, лаңкестік жасау, полиция қызметкерін өлтіру, дүкендерге қарулы шауыл жасау және көлік ұрлау фактілері бойынша күдікті ретінде қарастырылуда.

Бұл күндері Бостон өлі қалаға айналғандай. Жұма күні қалада межеленген барлық іс-шаралар кейінге шегеріліп, қоғамдық көлктер жұмыстарын тоқтатса, оқу орындарында сабақ болған жоқ. Бостонда және мегаполиске тақау орналасқан тағы 6 қалада төтенше жағдай режімі енгізілді. Айта кетерлігі, күні кеше ғана Бостоннан 80 шақырым жердегі Нью-Бедфорд қаласында лаңкестікке қатысы бар деген күдікпен екі еркек, 1 әйел қолға түскендігі хабарланды.

Американдық БАҚ-қа сұхбат берген күдіктілердің ағасы Руслан Царнаевтің айтуынша, отбасы толық құраммен 2000 жылдардың басында Түркиядан АҚШ-қа тұрақты тұру үшін көшіп келген. Оған дейін Царнаевтар Махачкалада тұрған, ал ол жерге Қырғызстаннан қоныс аударған. Күдіктілердің ата-аналары Ресейге қайта көшіп кетіп, қазіргі уақытта Дағыстанда тұрады. Ағайынды Царнаевтардың түрік азаматтығы бар.

Екі жыл бұрын ағайындыларды ФТБ шетелдік экстремистік ағымдарға қатыстылығын тексеру үшін тергеуге шақырған. Бірақ та олардың қандай да лаңкестік ұйымға қатысты екендіктері анықталмаған.

Ресей тарабы ағайынды Царнаевтардың қандай да бір қылмысқа не болмаса экстремистік әрекеттерге қатыстылығы туралы ақпараттардың жоқ екендігін мәлімдеді.

Жекелеген сарапшылардың пайымынша, ағайындылар діни экстремизм идеяларына мойынсұнып, Түркия мен Шешенстан аумағында іс-әрекет жасайтын қандай да бір топпен байланысты болған.

Сонымен қатар бірқатар байқаушылардың атап өтуінше, АҚШ пен Ресей қарым-қатынасы арасына сызат түсуі жалғасып отырған уақытта Бостондағы лаңкестік әрекетке Ресей тумасының қатысуы екіжақты қарым-қатынасты одан әрі ушықтырып жіберуі мүмкін. Қалай болғанда да бұл фактіні американдықтар біржақты қабылдайды, яғни бұрынғы КСРО тарабынан лаңкестік қатер әлі де болса жойылған жоқ, деп санайды.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керри жұма күні Бостондағы лаңкестік әрекеттерді ұйымдастырушылардың шығу тегіне қатысты гипотеза құруға ниетті емес екендігін мәлімдеп, лаңкестікпен күресте халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын баса айтты. Өз кезегінде РФ Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресейдің американдық биліктен Бостонда орын алған жайтқа орай ресми ақпарат күтетіндігін айтып отыр.

Ендігі уақытта Вашингтоннның жіті назары Таяу Шығыстан Кавказға дейін ауатындығы болжануда. Алайда Ауғанстандағы Халықаралық күштердің шығарылуына өз әсерін тигізетіндігі жайында айтуға әлі ерте. Дегенмен әлемдік лаңкестікпен, экстремизммен күресті күшейту және «тұрақсыз нүктелердегі» жаңа операциялар көп күттірмейтін сияқты.

Соңғы жаңалықтар