ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: BRICS бастамалары әлемдік саясат пен экономикадағы трансатлантикалық дәстүрге ықпал ете алады
МӘСКЕУ. 31 наурыз. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан аптадағы басты жаңалықтардың бірі BRICS (қарқынды дамушы Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка Республикасы елдерінің тобы) құрамына кіретін елдердің қазіргі жұмыс істеп тұрған Бүкіләлемдік банкіні толықтыра түсетін, тіпті оған тиімді бәсекелестік қалыптастыра алатын жаңа әлемдік қаржы институтын құруға дайын екендіктерін жария етуі болды.
Делиде өткен BRICS саммитінің қорытындысы бойынша Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және ОАР таяу жылдардың ішінде өзара есеп айырысулар барысында доллардан бас тартып, өздерінің Даму банктерін құрмақ. Саммит аясында маңызды екі құжатқа қол қойылды. Оның бірі ұлттық валютада несие беру туралы бас келісім болса, екіншісі BRICS-тің банкаралық ынтымақтастық тетіктері аясында аккредиттерді қуаттау туралы көпжақты келісімі еді.
Саммит барысында РФ Президенті Дмитрий Медведев болашақта BRICS жаһандық басқару жүйесінің басты элементтерінің бірі бола алатындығын баса айтты. «Ресей BRICS «көпір» немесе «делдал» құрылымы мен сартап болған стереотиптерден тысқары қалыптастырылатын қарым-қатынастардың жаңа моделі ретінде қабылдануы керек деп санайды», - деп мәлім етті ол BRICS көшбасшыларының алқалы жиынында.
Сонымен қатар Д.Медведев BRICS елдерінің халықаралық қаржы институттарын, оның ішінде бірінші кезекте халықаралық валюта қорын шұғыл арада реформалау қажеттігі туралы келіскендігін атап өтті.
Бұған қоса Ресей президенті кездесуге қатысушыларға әлемдік экономика мен саясаттың барынша маңызды мәселелері бойынша өзара іс-қимылдың толықформатты тетігін BRICS-ке трансформациялау жөніндегі жұмысқа кірісуді ұсынды. Мұндай жаңғырту бірлесіп дайындаған тұжырымдаманың негізінде ғана мүмкін болатындығы аталып өтілді. Дели саммитінің қорытынды декларациясында бестіктің тағы бір ұсынысы көрініс тапты. Құжатта Дүниежүзілік банктің жаңа басшысы дамушы елдердің өкілі қатарынан сайлануы қажеттігі айтылған.
Дегенмен де BRICS елдері экономикалық сипаттағы шаралармен ғана шектелген жоқ. Бес елдің көшбасшылары саммитінде халықаралық қауіпсіздік мәселелері де жан-жақты қозғалды. Жиынға қатысушылар Сириядағы кикілжіңді реттеу, Иранның ядролық проблемаларын бейбіт жолмен шешу мәселелеріне қатысты сөз сөйледі, сонымен қатар Ауғанстандағы ахуалды реттеуге халықаралық күштердің қатысуын одан әрі жалғастыруға қолдау білдірді.
«Біз Батыс Азиядағы жағдайға барынша терең мазмұнды талқылау жүргіздік және Сирия мен Ирандағы проблемаларды шешу жолуын тек сұхбаттасу арқылы ғана табуға болады деп келістік. Сонымен қатар біз халықаралық қоғамдастық Ауғанстанға өзінің қатысуын жалғастыруы қажет деп келістік», - деді Үндістан Премьер-Министрі Манмохан Сингх.
Д.Медведевтің айтуынша, Ресей сұхбаттасу тетігін құруды, ал болашақта халықаралық қауіпсіздік саласындағы іс-жүзіндегі іс-қимылдарды үйлестіруді жақтайды. Оның айтуынша, мұндай тетік өзіне ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне жетекшілік ететін лауазымды өкілдердің, сонымен қатар сарапшылық консультанттардың тұрақты кездесулерін қоса алады.
Экономистердің атап өтуінше, таяу аралықта BRICS елдері жалпы ішкі өнімнің өсім қарқыны және өндірілетін өнім көлемі бойынша барлық көшбасшы елдердің алдын орайтын болады. сондықтан да 5 ел басшыларының дәстүрге айналған тұрақты кездесуі әлемдік қоғамдастық тарапынан зор қызығушылық тудырып отыр.
Айта кетерлігі, ұйымдасқан ұйым ретіндегі BRICS-тің даму болашағы мен оның халықаралық аренадағы ықпалына қатысты белгілі бір дәрежеде сыни көзқарастың да бар екендігі айқын. Өйткені, біріншіден, аталған топтың негізгі қатысушылары Үндістан мен Қытай әрқашан да өңірдегі саяси әрі экономикалық көшбасшылық үшін басты бәсекелес саналып келді. Екіншіден, қатысушылардың барлығы да бір-бірімен өзара экономикалық қарым-қатынаста тұрақтылыққа ие емес. Яғни байланыстары көп жағдайда олардың шекаралары арасындағы айтарлықтай қашықтық салдарынан шектеліп отыр.
Дегенмен батыстың бірқатар сарапшылары BRICS-ті қатер ретінде де қабылдап отыр. The Times басылымы дипломатиялық бөлімінің редакторы BRICS саммитіне байланысты өз мақаласында Батыс елдерінің Ресейді BRICS-тің құрамынан шығуға көндіруі және оған балама ретінде ЕО-дан әріптес орнын беруі қажет деп жазады. Сонымен қатар ол Қытайдың BRICS құрамында болуы оның жаһанық міндеттеріне кедергі келтіреді - Бейжің Мәскеудің саяси ұмтылыстарын қолдауға әкеп соқтырады дген пікірін білдірген.
Автор Бразилиямен екіжақты ынтымақтастық туралы келіссөздер жүргізуді, ал болашақта BRICS аббревиатурасынан түбегейлі бас тартуды ұсынады.
BRICS өзінің қаншалықты тиімді екендігін және бұл топтағы елдердің өңірлік ынтымақтастығына қалай әсер ететін болашақ көрсете жатар, әзірше тек қана топшылауға болады. Бірақ та негізгі мақсаттардың бірі өзін-өзі таныту қазірдің өзінде орын алды десек те болады. Сонымен қатар бұл елдер әлемдік экономиканың тамырына қан жүгірту мүмкіндігіне ие болып қалар деген үміт те жоқ емес.