ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: БҰҰ Бас Ассамблеясы - сириялық жанжалдағы және АҚШ пен Иран қарым-қатынасындағы жаңа беттер

АСТАНА. 29 қыркүйек. ҚазАқпарат - Осы аптада халықаралық өмірдегі маңызды оқиғалар жалпыға ортақ ынтымақтастық аясына шоғырландырушы Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында өткен алқалы жиындар төңірегінде өрбіді.

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: БҰҰ Бас Ассамблеясы - сириялық жанжалдағы және АҚШ пен Иран қарым-қатынасындағы жаңа беттер
Осы аптада Нью-Йорктегі БҰҰ штаб пәтерінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 68-ші сессиясының басты кезеңі 130-дан астам мемлекеттің жоғары дәрежелі өкілдерінің, сонымен қатар БҰҰ-ға мүше-елдер Сыртқы істер министрлерінің қатысуымен өтті. Осы отырыс аясында халықаралық күн тәртібіндегі барынша өзекті мәселелердің кешені жан-жақты қаралды. Олардың қатарында ядролық қарусыздану перспективасы, Таяу Шығыстағы ахуалды реттеу, сақталып отырған жанжалдарды шешу, сонымен қатар Мыңжылдықтағы даму мақсаттарының жетістіктерімен жұмыс істеу сынды келелі мәселелер қозғалды. БҰҰ Бас Ассамблеясының 68-ші сессиясының жалпы саяси пікірсайысы басталар алдында сөз сөйлеген аталған ұйымның бас хатшысы Пан Ги Мун қатысушыларды Мыңжылдықтағы даму мақсаттарының орындалуына қол жеткізуге, энергетика және экология салаларында жаңа саясатты межелеуге, әйелдердің құқықтары мен халықаралық сот әділдігі жүйесін нығайтуға, Африканың түрленуіне қолдау білдіруге, сонымен қатар Сириядағы қантөгіске тосқауыл болуға шақырды. «Даму саласындағы жаңа күнтәртібі Мыңжылдықтағы даму мақсаттар сынды таңқалдырарлық болуы тиіс, дегенмен, ол барынша ауқымды болуы қажет», - деді ол. Сонымен қатар Бас хатшы тұрақты дамудың барлық үш өлшемі бір деңгейлі басымдыққа (олардың қатарында экономикалық түрлендіруді және адамдардың кедейліктен арылу мүмкіншілігін қолға алу, әлеуметтік әділдікті алға жылжыту, қоршаған ортаны қорғау) ие болуы қажеттігін баса айтты. Дәл осы сессия барысында мемлекет басшылары жоғары деңгейдегі саяси форумның негізін қалады. Форум БҰҰ-ның 20 қыркүйек күні өз жұмысын тәмамдаған Тұрақты даму комиссиясын алмастыратын болады. Әлемдік көшбасшылар кедейшілікті, аштық, және ауру-сырқауды жою бойынша іс-қимылдарды белсендіру туралы уағдаластыққа қол жеткізіп, «Саммит-2015» қатысушыларына Мыңжылдықтағы даму мақсаттарын жүзеге асыру мерзімінің аяқталуына байланысты жаңа даму мақсаттары жиынтығын қабылдау үндеуін жасады. Осы алқалы жиынға қатысқан қазақстандық делегацияны ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов бастап барды. Ол жалпы пікірсайыстарға, Бас Ассамблеяның жалпы сессиясына, Ядролық қарусыздану жөніндегі жоғары деңгейдегі кездесулерге, Өркениет альянсы достары тобының министрлік кездесулеріне қатысып, БҰҰ басшылығымен және шетелдік әріптестерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. АҚШ пен Иран ынтымақтастыққа дайын Бас Ассамблея сессиясы жаңалықтарының бірі АҚШ пен Иран арасындағы қырғиқабақ кезеңге жылымықтың енуі болды десек те болады. 1979 жылдың соңынан бері аталған екі елдің басшылары бірлескен жиындарға қатысқан жоқ, тіпті, екі тараптың бірінің өкілдері мінберге көтерілгенде келесі тарап БҰҰ отырысын тастап, шығып та кететін. Айта кетерлігі, осы жолы американдық тараптың өзі президенттер Хасан Рухани мен Барак Обаманың бейресми кездесулеріне бастамашы болуға тырысты. Дегенмен, ирандықтар нәтижелі келіссөздер өткізуге уақыттың тапшы болып отырғандығын алға тартып, басшылар кездесуінен бас тартқан еді. Бірақ, президенттер телефон арқылы байланысқа шығып, ирандық ядролық проблеманы шешу жолдарын кеңінен талқылауға мүмкіндік алды. Ескерерлігі, Иранның барлық саяси күштері бірдей АҚШ-пен сұхбаттастыққа ұмытылып отырған жоқ. Рухани алқалы жиыннан еліне оралғанда, оны Теһран әуежайынан жақтастарымен қатар қарсыластары да күтіп алып, оған жұмыртқа мен бәтеңке лақтыруға талпыныс жасады. Айтпақшы, Рухани Нью-Йоркке аттанар алдында Ислам төңкерісі күзетшілерінің корпусы президентті АҚШ-пен келіссөздері барынша абай болуға әрі «Ақ үйдің арсыз және астыртын әрекеті» желісіне түсіп қалмауға шақырған болатын. Руханиды бастапқыда келіссөздер жүргізе алатын ымырашыл әрі өзінің алдындағы президентке қарағанда эмоцияға беріліп, күн тәртібін бұзуға жол бермейтін тәжірибелі саясаткер деп атаған болатын. Дегенмен Рухани өзінің соңғы мәлімдемелерінде Батыспен сұхбаттастықты қалпына келтіруге дайын екендігін сездіріп өткен-ді. Соңғы сенсациялық жаңалықтардың бірі оның американдық CNN телеарнасына сұхбат беріп, Екінші дүниежүізік соғыс уақытындағы холокост фактілерін мойындауы болды-мыс. Сәл кейінірек бұл мәлімдеме ресми Теһран тарабынан терістеліп, мұны американдық тілшілердің қате аударуынан орын алған жайтқа телінген-ді. Сирия бойынша күш қолданылмай қабылданған алғашқы қарар Күтілгеніндей-ақ сириялық жанжалды реттеу мәселесі Бас Ассамблея отырысы күн тәртібіндегі басты тақырыптың біріне айналды. Аталған елге қатысты пікірлерін іс жүзінде сессияға қатысушылардың барлығы да білдіріп шықты десек те болады. БҰҰ Бас хатшысы сириялық билікке химиялық қару қорын жою бойынша өз міндеттемелерін толығымен орындауға шақырды. Ол барлық мемлекеттерге аталған елде орын алып отырған қантөгісті тоқтату үшін Сириядағы қай тарапқа да болсын қару-жарақ жеткізуді доғаруды шақырды. «Әскери жеңіс - бұл иллюзия. Дағдарыстың жалғыз ғана жауабы саяси реттеу болып табылады», - деп мәлім етті Пан Ги Мун. Басты назар БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі аясында өткен пікірсайыстарға да ерекше ауды. Жұма күні кешкісін Қауіпсіздік кеңесі Сириядағы химиялық қаруларды жою бойынша 2118 қарарды бірауыздан мақұлдады. Аталған кеңестің барлық мүшелері 2012 жылдың 30 маусымындағы Женева коммюникесі негізінде бейбіт реттеу жоспарын қолдап, оның ережелерін орындау үшін Сирия бойынша халықаралық конференцияны шұғыл арада шақыруға үндеді. Айта кетерлігі, Қауіпсіздік кеңесі Сирияның химиялық қаруды қолданбауы, жасамауы және сақтамауы туралы қаулы қабылдады. Бұл талап Сириядағы барлық саяси талаптарға қатысты. Кеңес «Сирияның қай тарабы болса да, химиялық қаруды санкциясыз беру не болмаса химиялық қаруды қолдануды қоса алғанда осы қарарды сақтамаған жағдайда БҰҰ Жарғысының VII тармағына сәйкес шаралар енгізіледі», деген қаулы шығарды. Яғни, міндетті тәртіппен күш қолдану емес, керісінше, Қауіпсіздік кеңесі аясында шешім қабылдау үшін бұзушылықтарды талдау көзделеді.