ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: БҰҰ Бас Ассамблеясының 67-ші сессиясы - таптаурын проблемаларды шешуге жаңа ұмытылыс
АСТАНА. 29 қыркүйек. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішіндегі халықаралық аренадағы оқиғалар әлемдік қауымдастықтың қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге жаңарған жауаптар жүйесін ұсынуға тырысуымен байланысты болды.
Сейсенбі, 25 қыркүйек күні Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб-пәтерінде ұйымның Бас Ассамбелясының 67-ші сессиясы өз жұмысын бастады. 25-29 қыркүйек аралығында өтетін жалпы саяси пікірсайысқа қатысушы елдердің мемлекет, үкімет және сыртқы саяси ведомстволарының басшылары шақырылған.
Күн тәртібінде - ұйымның 193 мүшесінің барлық кеңістігіндегі орын алып отырған жанжалдарды әлемдік деңгейде реттеу проблемалары. Дегенмен бұл күндері саяси көшбасшылардың назары Таяу Шығыстағы ахуалға, оның ішінде Сириядағы қарулы қақтығыстар мен Иранның ядролық бағдарламаны дамытуына ерекше ауды десек те болады.
Барлық белгілері бойынша азаматтық соғысқа сәйкесетін әрі қазірдің өзінде 20 мыңнан адам мерт болған Сириядағы ішкі қақтығыстар іс жүзінде сөз сөйлегендердің барлығының да назары ауған ең басты тақырыптардың біріне айналды.
Бұл ретте АҚШ Президенті Барак Обама пікірсайысқа барынша екпін берді. Ол Сирия басшысы Башар Асадты Мемлекет басшысы қызметінен кетуге шақырып, елдің болашағы «өз халқын қырып-жоятын диктаторға» тиесілі болмауы керектігін баса айтты. Бұл ретте сириялық және ирандық режімді бір-бірімен байланыстырған Б.Обама Теһранның Дамаскіні халыққа қарсы күресте белсенді қолдап отырғандығын әрі өңірдегі лаңкестік топтардың күшеюіне қол үшін беретіндігін ерекше атап өтті. АҚШ басшысы сонымен қатар ядролық қару алу перспективасы Израильдің жер бетінен жойылуына, Парсы шығанағы елдерінің қауіпсіздігіне және де толықтай алғанда әлемдік экономиканың дамуына қауіп төндіретіндігіне назар аудартты.
БҰҰ мінберінен сөз алған Израильдің Премьер-Министрі Биньямин Нетаньяху халықаралық қоғамдастықтың Иранның ядролық бағдарламасына қатысты «қызыл желі» енгізіп, қатаң шаралар қабылдауы қажеттігін мәлімдеді.
Оған қолдау білдірген Франция Президенті Франсуа Олланд иран басшылығын нәтижелі келіссөздер жүргізуге мәжбүрлеу үшін Париждің Теһранға қарсы жаңа санкциялар енгізуге дайын екендігін паш етті. Сонымен қатар Франция басшысы Сириядағы ахуалға қатысты ойын жеткізе келе бұл елдегі жаңа үкіметті қолдауға дайын екендігін білдірді. Бұл орайда ол БҰҰ-ны өңірдегі оппозицияға қолдау білдіріп, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды.
Барынша радикалды шешім ұсынған Катар эмирі Халифа бен Хамад Әл-Тани болды. Ол араб елдері Сириядағы ахуалға араласуы қажеттігін баса айтып, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қабілетсіздігі аясында нақты шешім қабылдауға үндеді. Дегенмен мұндай шешімді көптеген араб елдерінің көшбасшылары қолдай қойған жоқ. Мәселен, Египет президенті Мұхаммед Мурси шетелдік әскери интервенция қаупін жоққа шығаратын шараларды ғана қолдауға дайын екендігін ашық айтты.
Бұл пікірталастар барысында Ресей ұстанымы бұған дейінгі бағытынан тайған емес. Алып ел бұған дейін Сириядағы жағдайға сырттан араласу ахуалды одан әрі қиындатып жібереді, ал оны тек диалог арқылы ғана шешуге болады деген ұстанымда еді. Саяси пікірсайыстың екінші күнінде өткен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше елдер сыртқы істер министрлерінің отырысында РФ сыртқы саясат ведомствосының басшысы Сергей Лавров әскери айла-шарғы қолдануға болмайды, ал нәтижеге келіссөздер арқылы және ымыраға келу арқылы қол жеткізу керек деген пікірін білдірді. Мұндай ұстанымды Қытай және басқа да бірқатар елдер алға тартып отыр.
Иран Президенті Махмуд Ахмадинежадтың сөз сөйлеуі кезінде әдеттегідей американдық және израильдық делегация отырыс залынан алдын ала шығып кетті. Ол әлемдік қоғамдастықты бір топ елдің жаңа қауіп-қатерлерге шақыруын қабылдамауға шақырды. Оның пайымынша, Таяу Шығыстағы ауқымды соғыстың негізгі қауіп-қатері тек Тель-Авивтен келеді.
Ал сирия тарабынан Нью-Йоркке сыртқы істер министрі Валид Әл-Муаллем келді. Дегенмен, оның тарабынан қандайда бір мәлімдеме жасалғандығы туралы ақпарат жоқ. Тек белгілі болып отырғандығы, ол Куба, Малайзия, Иран, Ресей және басқа да бірқатар елдердің сыртқы істер министрлерімен кездесу өткізді.