ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: «ДАИШ» содырлары адамзатқа ортақ мәдени мұраларды талқандауда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта тағы да қайғылы оқиғалармен өрбіді. Атап айтқанда, 3 қазан күні Ауғанстанның Кундуз қаласындағы «Дәрігерлерге шекара жоқ» ұйымының госпиталі әуе соққысына ұшырап, салдарынан 22 адам қаза тапса, оның 12-сі аталған ұйымның қызметкерлері екендігі анықталды.
Мұнан бөлек, өткен жексенбіде «ДАИШ» содырларының ежелгі Пльмирдегі ЮНЕСКО-ның Мәдени мұра тізіміне енген нысандарын жойып жібергені белгілі болды.
«Дәрігерлерге шекара жоқ» ұйымының госпиталі әуе соққысына ұшырады
Сенбі, 3 қазан күні жергілікті уақыт бойынша түнгі 2-де Ауғанстанның Кундуз қаласындағы «Дәрігерлерге шекара жоқ» ұйымының госпиталі 1 сағатқа созылған әуе соққысына ұшырады. Дәл осы сәтте ауруханада шамамен 200 адам болған.
«Кундыздағы аурухана бірнеше мәрте әуеден тасталған бомбаның астында қалып, қатты бүлінді. «Дәрігерлерге шекара жоқ» ұйымының 3 қызметкері қаза тапты және 30-дан астамы із-түссіз жоғалған санатында», - делінген сенбі күні «Дәрігерлерге шекара жоқ» ұйымы таратқан ресми ақпаратта.
Сәл кейінірек, бұл жантүршігерлік оқиғаның ауқымы мүлдем қайғылы жайттарға ұласқаны белгілі болды. Нақтыланған деректерге сәйкес, әуе шабуылы салдарынан 22 адам қаза тапса, соның 12-сі ұйым дәрігері, ал 10-ны науқас болған. сонымен қатар 30-дан астам адам қатты жарақат алған.
Халық саны 300 мың адамды құрайтын Кундуз қаласын 28 қыркүйек күні тәлібтер басып алған болатын. Қаланың тәлібтер қолына өтуі соңғы 14 жыл ішіндегі исламшылардың ең ірі жеңісі ретінде де бағалануда. Алайда, сол күннің ертеңінде-ақ Ауғанстанның Қорғаныс министрлігі қаланы содырлар қолынан азат етуге бағытталған операцияны бастап кеткен еді.
Кундуздағы госпиталь нағыз майдан шебінде орналасқан. Тәлібтермен қақтығыс басталған сәттен бері екі тараптан да ұлты, діни ұстанымы мен саяси көзқарасы белгісіз 400 жрақаттанған адамға дәл осы аурухана көмек қолын созған болатын.
АҚШ әскерилері әуеден соққы «Дәрігерлерге шекара жоқ» ұйымының басқаруындағы аурухана төңірегіне жасалғанын және негізгі мақсаттары «Талибан» қозғалысы содырларының көзін құрту болғандығын айтуда.
Дегенмен, дәрігерлер госпиталь аумағында еш содырдың жоқ екендігін айтуда. Олардың пайымынша, американдық әскери авиацияның әуеден соққысы дәл ауруханаға бағытталған. «Талибан» қозғалысы да бұл шабуылды қасақана жасалған деп мәлімдеуде.
Біріккен Ұлттар Ұйымы да Кундуз госпиталінің әуе шабуылына ұшырауын ақтауға жатпайтындығын, тіпті қылмыс деп бағалау қажеттігін мәлімдеді. Ал ұйымның бас хатшысы Пан Ги Мун оқиғаның шығу төркінін тыңғылықты тергеуге шақыруда.
Өз кезегінде АҚШ Президенті Барак Обама «Дәрігерлерге шекара жоқ» ұйымының басшысы Джоанна Люмен телефон арқылы байланысқа шығып, халықаралық ұйым қызметкерлерінің қазаға ұшырауына орай көңіл айтып, оқиғаның шынайы тергелетіндігін мәлімдеді.
Дегенмен, аталған ұйым өкілідері оқиғаға тәуелсіз халықаралық тергеу жүргізуді талап етуде. Олардың пайымынша, әуе шабуылы әскери қылмыспен тең. Сондықтан, олар АҚШ, НАТО немесе ауған билігі жүргізетін тергеудің шынайылығына сенім арта алар емес.
«ДАИШ» содырлары адамзатқа ортақ мәдени мұраларды талқандауда
Жексенбі күні Сирияның көне ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік агенттігі «ДАИШ» лаңкестік тобының содырлары Пальмирдегі Ежелгі Рим дәуіріне тиесілі Триумфальді арканы жарып жібергенін жария етті.
«Бұл қаланы жауыздық жаулап алғандай. Мен келесі жаңалықтардың сіздерге тек жаға ұстататындығын күтемін. Егер қала олардың қолында қалар болса, онда ол құрдымға кетеді», - деді Сирияның көне ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік агенттігінің басшысы Маамун Абдулкарим «Рейтер» агенттігіне берген сұхбатында.
Оның атап өтуінше, радикалдар ешқандай идеологиялық астарсыз-ақ кез келген тарихи мұраны қиратуға кіріскен. «Олар діни құндылығы жоқ ғимараттарды да жарып жберуде», - деді ол.
ЮНЕСКО басшылығы да бұл оқиғаны барша адамзат баласы үшін қасіретті жайт деп бағалап, Пальмира қаласында рим дәуірінен қалған арканың қиратылуын қатаң айыптады. «Біз Пальмарадағы көне әрі тамаша Триумфальді арқаның қиратуылуын айыптаймыз», - деп хабарлады ұйым өзінің Twitter-дегі парақшасына.
«ДАИШ» содырлары ежелгі Пальмираны ағымдағы жылдың мамыр айында жаулап алған болатын. Сол уақыттан бері содырлар ежелгі тарихи ескерткіштерді қасақана қирату үстінде. Қыркүйек айының басында исламшылдар Пальмарадағы біздің заманымызға дейінгі 103-44 жылдары кезеңінде тұрғызылған 3 қабір үстіндегі мұнараны жарып жіберген еді. Ал одан бұрын Бэла және Баал-Шамина шіркеулерін қиратқандығы жария етілген.
Пальмира - бұрынғы гүлденген, ал бүгінде ежелгі римнің соңғы дәуірі сәулетінің маңғаз құрылыстарының қалдықтарымен аты шыққан Сириядағы кедей елді мекен. Таурат пен Інжіл бойынша Пальмира Соломон арамей ордаларының жорықтарына қарсы Евфрат жағасына дейін созылып жатқан алдыңғы қорғаныс бекінісі ретінде негізін қалаған.