ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: «ДАИШ» тағы да лаңкестік әрекеттерге көшті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта жақсы жаңалықтарымен қатар, көңілге кірбің түсіретін оқиғаларымен де есте қалады. Мәселен, Германияның Майндағы Франкфурт қаласында ашылған 66-ші халықаралық автомобиль салоны миллиондаған жанның назарын аудартса, Бағдаттағы үш жарылыс пен Францияның Альпі тауында 7 альпинистің қазаға ұшырауы талайдың жанын түршіктірді.

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: «ДАИШ» тағы да лаңкестік әрекеттерге көшті

Франкфурттағы көліктер көрмесі

Сейсенбі күні Германияның Майндағы Франкфурт қаласында 66-ші халықаралық автомобиль салоны өз жұмысын бастады. Ол Женева автосалонымен қатар екі жылда бір рет өтеді және Еуропадағы маңызды әрі әлемдегі ірі көлік көрмелерінің бірі саналады.

Ағымдағы жылы Франкфурт автосалонының ұраны - «New Mobility World». Майндағы Франкфурттағы осы жолғы автомобиль көрмесінің басты тақырыбы - ілгері коммуникациялық жүйелері бар автомобиль технологияларын және адамның қатысуынсыз автоматты қозғалыс жүйесін дамыту.

Көрме барысында Bentley компаниясының алғашқы сериялық жол талғамайтын көлігі Bentayga автомбилі таныстырылды. Көліктің фирмалық дөңгелек шамдары, хромдалған радиатор шілтері, қосарланған түтін шығаратын жүйесі және кең көлемді люгі бар.

Jaguar механиктері өздерінің ең бірінші F-Pace кроссверін таныстырмақ. Ал корейлік Hyundai бренді болса бұл автосалонда өздерінің бірнеше жобасын ұсынып отыр. Олардың қатарында кейінгі уақытта ең көп талқылауға түскен Hyundai N 2025 Vision Gran Turismo concept көлігінің толыққанды макеті бар.

BMW болса, жұртшылық назарына шағын жол талғамайтын көліктің екінші буыны саналатын X1 кроссоверін ұсынады. Британдық Rolls-Royce компаниясы өзінің жаңа Dawn кабриолетін таныстарады. Айта кетерлігі, бұл көліктің дизайны Rolls-Royce Wraith автомобиліне біршама ұқсас.

Сонымен қатар Франкфурт автосалонына келген жұртшылық Kia Sportage көлігінің жаңа буынымен де таныс бола алады. Кроссовердің дизайны біршама өзгеріске түсіп, барынша спорттық көлікке бейімделген. Жапондық Suzuki компаниясы В-сыныпты Baleno хэтчбегінің жаңартылған моделін таныстырды. Жаңа көліктің сырты түр-сипаты ағымдағы жылы Женева автосалонында көрсетілген iK-2 моделінен еш айырмашылығы жоқ десек те болады. Бір ғана айырмашылығы - жаңа хэтчбектің көлемі үлкен. Ал Skoda SportLine деп аталатын Superb Combi универсалының спорттық нұсқасын алып келген. Неміс конструкторлары болса, көрмеге Audi A4 көлігінің жаңа түрін қойған.

Автомобиль өндірісінің ең соңғы жетістіктері таныстырылған автошоуға әлемнің 39 елінен мыңнан астам компания қатысуда. Автосалон барысында 219 жаңа көлік түрін таныстыру жоспарланған.

Бағдатта үш жарылыс орын алды

Бейсенбі күні Бағдаттың шииттер басым тұратын Баб аль-Шарджи орталық ауданында қатарынан 2 жарылыс орын алған болған. Екі машинаға жасырылған бомбаны 2 лаңкес жанкешті іске қосқаны белгілі. Сәл кейінірек жергілікті ақпарат агентігі негізінен шииттер тұратын Ирак астанасының Баб аль-Муадам орамында да үшінші жарылыстың орын алған туралы ақпарат таратты.

Бұқаралық ақпарат құралдары таратқан ақпараттарға қарағанда, Ирак астанасында орын алған лаңкестік әрекеттерден кемінде 28 адам қаза тауып, тағы 121 адам түрлі дәрежеде жарақат алған.

Ресми деректерге сәйкес лаңкестердің барлығы да жеке-жеке жарылыс орын алған жерге жаяу жеткен. Жарылыс орын алғаннан кейінгі алғашқы минуттарда ешкім де жарылыс жауапкершілігін өз мойындарына алған жоқ. Дегенмен, сәл кейінірек бұл жарылыстарды «ДАИШ» лаңкестік тобы ұйымдастырғаны белгілі болды.

Шілде айының ортасында Ирак үкіметі елдің батыс өлкесі Анбарды «ДАИШ» лаңкестерінен азат ету бойынша кең ауқымды операцияның басталғанын мәлімдеген еді. Үкіметтік әскер өңірдегі екі ірі қала Эр-Рамади мен Эль-Фаллуджаға бағыт алған болатын.

«ДАИШ» лаңкестік тобы өткен жылдың жаз айынан Ирактың солтүстігінде белсенді шабуылдарын бастаған-ды. Қазіргі уақытта қарулы лаңкестік топ ирак аумағының үштен бірін, ал Анбар өлкесінің шамамен 80 пайызын бақылауында ұстап отыр.

Альпі тауында қар көшкінінен 7 альпинист қаза тапты

Сейсенбі күні Францияның батысында, «Экрен» ұлттық паркінде қар көшкіні салдарынан 7 адам қаза тауып, тағы бірі жарақат алды. Қайғылы оқиға түс ауа Пельву таулы алқабында, Дом-де-Неж-дез-Экрен шыңы ауданында 4 мың метр биіктікте орын алды.

Бастапқыда жергілікті билік 5 адамның қаза тапқанын хабарлаған болатын. Кейіннен мерт болғандардың саны артты. Қаза тапқандардың арасында 3 неміс пен 2 чех бар. Құтқарушылардың ақпаратына сәйкес, топтың тек 1 мүшесі ғана тірі қалған.

Ресми дерекке сәйкес, қар көшкіні альпинистердің үш тобын бірдей басып қалған. Оқиға орнында басқа да қар көшкіні астында қалған адамдардың жоқ екендігіне сенімді болу үшін құтқару жұмыстары жүргізуде. Оған 2 тікұшақ пен арнайы үйретілген 12 ит жұмылдырылған.

Айта кетейік, Пельву сілемінде осы жылдың ішінде екінші мәрте қар көшкіні орын алып отыр. Сәуір айындағы көшкін барысында 2 аустралиялық альпинист қаза болған еді. «Қар көшкінін зерттеушілер қауымдастығы» мәліметтеріне сәйкес, Францияның Альпі тауларында жыл сайын орын алатын қар көшкінінен отызға жуық адам қаза табады.