ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Днепропетровскідегі жарылыс - болжам мен долбар
АСТАНА. 28 сәуір. ҚазАқпарат - Саяси-әлеуметтік себептерге байланысты жеке адамға, көпшілікке немесе мемлекетке қысым жасау, үрей туғызу мақсатында қасақана жасалатын қылмыстық іс-әрекет - лаңкестікпен әлем мемлекеттері қанша күрессе де бетін қайтара алар емес. Оған күні кеше Украинада орын алған бірқатар лаңкестік әрекет айқын дәлел бола алады.
Бұл оқиға осы апта ішіндегі халықаралық тыныс-тіршіліктегі дүмпу туғызар оқиғаға айналып, әлем жұртшылығын өз назарына аударды.
Жұма, 27 сәуір күні Днепропетровск қаласының орталығында не бәрі бір сағаттан сәл арттық уақыт ішінде бірінен кейін бірі төрт жарылыс, атап айтқанда Серов көшесі бойындағы трамвай аялдамасында, Сапаржай алаңында, Глоба саябағына тақау маңда және опера театры қасында жасалды. Абырой болғанда қаза тапқандар жоқ. Дегенмен, жарылыс салдарынан 29 адам әртүрлі дәрежеде дене жарақат алса, олардың қатарында 10 жасөспірім бар. Жараланғандардың барлығы да аурухана төсегіне таңылды.
Шұғыл арада жарылғыш заттың қолдан жасалғандығы әрі трамвай жолына тақау маңда қойылған қоқыс жәшігіне салынғандығы белгілі болды. Құқық қорғау органдарының атап өтуінше, құрылғы түтіндемейді әрі адам өліміне алып келетіндей күші жоқ. Ал жарылысты ұйымдастырушылар жарғылғыш зат қойылған орыннан әсерлі нәтиже көруге ниет танытуы мүмкін.
Жарылыс орын алған алғашқы сәттерде орын алып отырған ахуал әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай ретінде жіктелді. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары ондаған жарылыс туралы, бронетранспортерлер кіргізуге байланысты туындаған проблемалар жайында жарыса жазды. Днепропетровск қаласының темір жол вокзалына мина қойылғандығы жайында да ақпараттар түсе бастады. Дегенмен жағдай тұрақтанып, аталған жаңа қауіптер, айтылған ақпараттар шындыққа жанаспайтындығы белгілі болды.
Дәл осы күні Украина прокуратурасы Днепропетровскідегі жарылыс фактілеріне орай «лаңкестік акті» бабымен қылмыстық іс қозғады. Бірақ та, сәл кейінірек Украинаның Қауіпсіздік қызметі лаңкестік акті туралы біржақты мәлімдеме жасамауға шақырып, басқа да нұсқалардың бар екендігін алға тартты. Сонымен қатар Днепропетровскіде орын алған жарылыстармен байланысты қандай да бір тұлғалар тарапынан қорқытып-үркіту немесе талап ету түспегендігі белгілі.
Құқық қорғау органдары қоғамдық орындардағы күзет қызметін барынша күшейтіп, оған ішкі әскердің бөлімшелерін тартты. Сондай-ақ Украинаның барлық облыс орталықтары мен астанасы Киевте құқық қорғау органдары күшейтілген режімдегі қызметке кірісті.
Жұма күні Украина Қауіпсіздік қызметінің Лаңкестікке қарсы орталығы Днепропетровскіде орын алған жарылыстарды ашуға көмек сұрап, халықаралық ұйымдарға шықты. Оған шұғыл арада ТМД-нің Лаңкестікке қарсы орталығы мен Еуроодақтың жекелеген құрылымдары жауап беріп, көмек қолын созуға дайын екендіктерін білдірді.
Лаңкестік әрекеттерге қатысты мәлімдеме жасаған ел президенті Виктор Янукович: «Біз мұны барлығымыз үшін, бүкіл еліміз үшін қыр көрсету екендігін түсінеміз. Біз қалай лайықты жауап беруге болатындығын ойластырамыз. Осылай болғаны өкінішті», - деп атап өтті. Оның айтуынша, бұл жарылыстарды тергеу үшін тек Днепропетровск қаласының ғана емес, Киевтің де үздік тыңшылары жіберіледі. «Қылмыскерлер заңға сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылуы қажет. Ол үшін Украина бас прокурорының басшылығымен 2012 жылдың 27 сәуірде Днепропетровск қаласындағы жарылыстармен байланысты қылмыстар орын алған жерге барып, тергеу амалдарын жүргізу үшін үйлестіру штабы құрылсын», - делінген В.Януковичтің күш-құрылым басшыларына берген тапсырмасында.
Сондай-ақ мемлекет басшысы сәйкесінше атқарушы органдарға зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсету, жарылыс салдарын еңсеру, Днепропетровскідегі қоғамдық тәртіпті және оның тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы нақты тапсырмаларды берді.
27 сәуір күні ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Украинаның бас прокуроры Виктор Пшонка құқық қорғау органдарының Днепропетровскідегі жарылыстарға қатысты 6 нұсқаны қарастырып жатқандықтарын мәлім етті.
Бұл ретте айта кетерлігі, кешегі орын алған жарылыстар алғаш рет орын алып отырған жоқ. 2011 жылы Днепропетровскіде темір бетонды жәшікте жарылыс болып, бір азамат қаза тапқан еді.
Сарапшылардың атап өутінше, бұл жарылыстарды қандай да саяси себеппен орын алған деген нұсқаны айтуға әзірше ертерек. Өйткені аталған қала қандай да бір сепаратистік немесе лаңкестік ұйымның штаб-пәтері орналасатын орын емес. Сонымен қатар лаңкестер немесе радикалдар, мәселен, кавказдықтар қалада паналап отыр деп те айтуға болмайды, бұл олардың да қолтаңбасы емес.
Бірқатар байқаушылардың бағалауы бойынша қаладағы қылмыстық топтардың және оларды қалқан тұтып отырған ықпал етуші топтардың іс-әрекеттеріне назар аудару қажет. Себебі олар тұрақты түрде қаланың мол қаржы жүретін активтерін иелену үшін бір-бірімен бәсекелес болып, ымырасыз күрес жүргізіп келеді. Мәселен, ол бүкіл елдегі бизнеске ықпал ету үшін бақталас болып келе жатқан днепропетровскілік және донецкілік топтардың тайталасы болуы мүмкін.
Ал басқа сарапшылар дүр сілкіндірген жарылыстан саяси астардың ізін байқап отыр. Нақты айтқанда, олар билік пен оппозиция арасындағы текетіреспен байланыстыруда. Олардың пайымынша, жарылыстар елдің қазіргі басшылығының қолына еркіндік береді. Енді ол елдегі қауіпсіздіктің жаңа шараларын енгізіп, түрлі оппозиялық шерулермен Еуро-2012 еуропалық футбол біріншілігін өткізбей тастауға, оның ішінде сотты болған бұрынғы премьер-министр Ю.Тимошенконы қорғауға талпынудың алдын ала алады. Екінші жағынан жарылыстарды оппозиция ұйымдастыруы мүмкіндігі де аталып өтуде. Өйткені олар елдегі жағдайдың тұрақсыз екендігін мәлімдеп, түрлі халықаралық құрылымдар тарабының назарын өздеріне аударуы мүмкін.