ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Дүниеде лаңкестік әрекеттер тыйылар емес

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан аптада ішінде әлемдік сарапшылардың басым бөлігі Парижде орын алған бірқатар лаңкестік әрекеттерді тергеу амалдарына назар аударған болатын. Алайда, апта ішінде ғаламшардың басқа да өңірлерінде бірқатар қайғылы оқиға орын алды. Мәселен, Малидегі «Radisson Blu Hotel» қонақ үйіне, Тель-Авивтегі синагогаға шабуыл жасалды. Иордан өзенінің батыс жағалауындағы еврейлер қоныстанған Гуш-Эцион елді мекенінде де қанды қырғын жасалды.
None
None

Малиде қонақ үйге шабуыл жасалды

Жұма күні таң қылаң бергенде Батыс Африкада орналасқан Мали астанасы Бамакода жихадшы содырлар «Radisson Blu Hotel» қонақ үйіне шабуыл жасап, шамамен 170 адамды тұтқынға алды. Олардың қатарында шамамен 140 қонақ пен қонақ үйдің 30 қызметкері бар.

Содырлар басып алған қонақ үй шетелідктер арасында зор сұранысқа ие. Онда Малиде жұмыс істейтін көптеген халықаралық ұйымдардың өкілдері тұрады. Лаңкестер қонақ үйге негізгі қақпа арқылы басып кіріп, күзетшілерді соққыға жыққан. Қонақ үйдегі шетелдіктердің басым бөлігі өз нөмірлеріне жасырынған.

Бұқаралық ақпарат құралдарының ақпаратына сәйкес тұтқынға түскендердің арасында 14 мемлекеттің, оның ішінде Алжир, Бельгия, Гвинея, Германия, Үндістан, Испания, Канада, Қытай, Кот-д'Ивуар, Марокко, Ресей, Сенегал, АҚШ, Түркия, Франция және басқа да елдердің азаматтары бар. ҚР Сыртқы істер министрінің алдын ала ақпаратына сәйкес, тұтқындар арасында еліміздің азаматтары жоқ.

Біршама уақыттан кейін басқыншылар өз еріктерімен бірқатар тұтқынды бостандыққа шығарған. Куәгерлердің айтуынша, адамдар Құран үзінділерін оқығаннан кейін жіберілген.

Шабуыл жасала салысымен Мали полициясы қонақ үй орналасқан ауданды қоршауға алды. Осыдан кейін біраз уақыт өткен соң ел билігі Бамако қонақ үйіне күш-қуат құрылымдары шабуылдау операциясын бастағанын хабарлады. Бастапқыда арнайы операцияны Малидің күш-қуат құрылымдары жүргізсе, сәл кейінірек оларға Францияның лаңкестікке қарсы арнайы бөлімшесі көмекке келді.

Лаңкестер тұтқындарды құқық қорғау органдарының шабуылдауына қиындық тудыратын қонақ үйдің жертөлесіне, автомобиль тұрақтарына және қоймаларға қамап қойды. Дегенмен, лаңкестіктер қонақ үйдің бүкіл ғимаратын бақылауларында ұстай алмағандығынан малайлық әскерилер мен Францияның арнайы жасағына шабуыл ұйымдастыру айтарлықтай қиындық тудыра қоймады.

Арнайы операция барысында шамамен 76 адам тұтқыннан босатылды. Ал бұл уақытта лаңкестер қонақ үй қабаттарының бірінде тосқауыл қойып, жасырынып қалды. Бірақ, ғимаратта әлі де болса 100-ге жуық адам бар болатын. Абырой болғанда олар лаңкестердің қолына түспей, өз бөлмелерінде жасырынған еді.

Мұнан ары арнайы жасақ барлық содырлардың көзін жойды. Лаңкестік шабуыл барысында 2 содырды қоса алғанда кемінде 21 адам қаза тапты, 10-ға жуық адам жарақаттанды.

Осы оқиғаға байланысты елде төтенше жағдай, сонымен бірге аза тұту күні жарияланды. Кейбір ақпараттарға қарағанда, қонақ үйге шабылдағандар 10 адам болған. Ал басқа деректерде содырлардың кемінде 4-еу болғаны айтылуда.

Лаңкестік жауапкершілігін елдің солтүстігінде шоғырланған Әл-Каидамен байланысы бар Әл-Мурабитун тобы өз мойындарына алып отыр. Бұл жайындағы ақпарат лаңкестік ұйымның Twitter-дегі парақшасында жария етілді.

Дәл осындай оқиға Малиде ағымдағы жылдың тамызында орын алып, «исламшылдар» Севарэ қаласындағы «Библос» қонақ үйін басып алған еді. Ол кезде БҰҰ-ның 5 қызметкерін қоса алғанда 17 адам қаза тапқан-ды.

Мали Республикасының солтүстік-шығыс бөлігін Әл-Каидамен байланысы бар «исламшылар» бақылауында ұстауда. 2013 жылы Малиге «исламшылармен» күресте көмек беру үшін Франция мен Германия әскери қызметшілері елге кірігізілген болатын.

Тель-Авивтегі және Иордан өзенінің батыс жағалауындағы шабуыл

Бейсенбі күні 36 жастағы палестиндік Раэд әл-Масла Тель-Авивтегі «Панорама» бизнес орталығына келушілерге шабуыл жасады. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, ол екі адамды пышақтап, одан кейін бір қабат төмен түсіп, тағы да бірнеше адамға шабуыл жасаған.

Раэд әл-Масла «Панорама» ғимаратында орналасқан синагогаға кіруге тырысқан. Дәл сол сәтте онда шамамен 20 еврей болған. Абырой болғанда олар дер уақытында есіктерін жауып алып, сондықтан палестиндік діни ғимарат ішіне кіре алмаған.

Ол үш адамды жарақаттады, оның екеуі ауруханада көз жұмды. Ал Раэд әл-Масланы адамдар ұстап алып, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне табыстаған.

Таратылған ақпаратқа қарағанда, ол бизнес орталық ғимаратына тақау жерде орналасқан мейрамханада жұмыс істеген. Қауіпсіздік қызметі өкілдерінің айтуынша, тұтқынға алынған азамат Израиль аумағында заңды түрде жүрген әрі жұмыс істеуге рұқсаты болған.

Дәл осы оқиға орын алғаннан кейін 2 сағаттан соң Иорданның батыс жағалауындағы Гуш-Эцион елді мекенінде тағы бір тосын жайт орын алды. Тас жол бойында 24 жастағы палестинтік өз көлігінен кептелісте тұрған автомобильдерге қарата оқ жаудырған.

Оқиға салдарынан үш адам, американдық турист, израильдік және палестинтік қаза тапты. Мұнан бөлек, ауыр жарақат алған 7 адам ауруханаға жеткізілді.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, палестиндік жүріп келе жатқан көлігінен оқ жаудырған. Осыдан кейін ол машинасын израильдік әскерилер тобына қарай бағыттауға тырысқан сәтте оққа ұшқан.

Бұған қоса, оқиғаға байланысты басқа да мәліметтер айтылуда. Оған сәйкес, шабуылдаушылар 2-3 адам болған. Олардың бірін израильдік жауынгерлер атып тастаса, қалғандары бой тасалаған.

Ел билігі екі шабуылды да лаңкестік әрекет деп бағалауда. Премьер-Министр Биньямин Нетаниягу күш-қуат құрылымдарымен кеңес өткізіп, онда лаңкестікпен күрес шаралары талқыланды.

БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Израильдегі лаңкестік әрекеттерді айыптап, барлық саяси, діни және қоғамдық көшбасшыларды мұндай айуандықтан арылуға шақырды.

Айта кетерлігі, Израильде және Иордан өзенінің батыс жағалауындағы ахуал қазан айының басында шиеленісіп кеткен еді. Соңғы айда палестиндіктер 35 шабуыл жасап, соның нәтижесінде 6 израильдік қаза тауып, 36-сы жарақаттанған еді. Ал палестиндік тараптан батыс жағалауда және Газа секторында 11 адам қаза тауып, 3,5 мыңнан астам адам жарақаттанған болатын.

Соңғы жаңалықтар