ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Эбола безгегі әлемді безек қақтырды
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Осы аптада Нью-Йоркте басталған Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының 69-шы сессиясы әлем жұртшылығының назарын аударды. Аталған алқалы жиында халықаралық лаңкестікпен, Эбола безгегімен күрес және Украинадағы саяси тығырықтан шығу сынды күнтәртібіндегі халықаралық бірқатар маңызды мәселер егжей-тегжейлі талқыланып жатыр.
Белгілі болып отырғандай, қыркүйек айының үшінші онкүндігінде Нью-Йоркте әлем дипломаттары бас қосты. АҚШ-тың алып шаһарында БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің барлығынан мемлекет, үкімет басшылары, Сыртқы істер министрлері арнайы шақырылды.
БҰҰ Бас ассамблеясы 69-шы сессиясының жалпы пікірсайыстары 24 қыркүйекте басталып, 1 қазанға дейін жалғасатын болады. Дәл осы күндері Бас Ассамблея мінберінен оған мүше мемлекеттер мен бақылаушы мемлекеттерден келген ауызы дуалы 195 спикер баяндама жасайды. Лаңкестікпен күрес күн тәртібінен түсер емес
24 қыркүйек күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Онда жиынға қатысушылар содырлардан әлем бойынша лаңкестік актілерді жүзеге асыруды және қарулы қақтығыстарға араласуын доғаруды талап етті.
Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері лаңкестерге және оларға қаржылай демеушілік көрсететіндерді «қара тізімге» қосатындығын мәлімдеді.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі сараптамалық қолдау және санкциялық бақылау жөніндегі топқа, Санкциялар жөніндегі комитетке 180 күннің ішінде «Әл-Каидамен» байланысы бар барлық топтардың қатарына адамдарды тартып жүрген шетелдік содырлар мен лаңкестер жайындағы баяндаманы және 60 күннің ішінде алдын ала ауызша ақпаратты ұсынуды тапсырды.
Қауіпсіздік кеңесі барлық мемлекеттерді лаңкестер мен лаңкестік топтардың шекаралық бақылаудан өтуіне жол бермеуге және олардың жасанды құжаттармен жүрмеуін қадағалауға шақырды. Сонымен қатар, кеңес БҰҰ-ға мүше мемлекеттер лаңкестер және лаңкестік желілер жайындағы және олардың іс-қимылына қатысты барлық жедел ақпараттарды алмасу қажеттігіне баса назар аудартты.
Эбола безгегі әлемді безек қақтырып тұр
Бейсенбі, 25 қыркүйек күні БҰҰ-ның штаб пәтерінде Эбола безгеніне қатысты жоғары деңгейдегі отырыс өтті. Жиынға БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, АҚШ Президенті Барак Обама, Гвинея Президенті, сонымен қатар бейне байланыс арқылы Либерия мен Сьерра-Леонның мемлекет басшылары қатысты. Пан Ги Мунның атап өтуінше, бүгінде күн сайын Эбола безгегі шамамен екі мыңнан астам адамның өмірін қиды. Оның үштен екісі - әйелдер. «Көптеген елдер өз шекараларын жабу арқылы вируспен күреспек. Әуе компаниялары вирус таралған үш елге рейстерді тоқтатты. Теңіз жолымен тасымалдау көлемі де біршама төмендеді. Мұндай әдіс жағдайды керісінше, одан әрі қиындата түседі. Сыртқы қолдауға барынша мұқтаж кезде елді бұлайша оқшаулауға болмайды», - деді БҰҰ Бас хатшысы. Өз кезегінде АҚШ Президенті Барак Обама Эбола безгегінің таралуы денсаулық сақтау саласындағы ғана дағдарыс еместігін, өңірлік және халықаралық қауіпсіздікке төнген қатер екендігін баса айтты.
«Егер бұл індетке тойтарыс бермесек, онда өңір гуматиралық апатқа ұшырайды. Өңірлердегі кез-келген дағдарыс жедел түрде жаһандық қауіпке айналатын бүгінгі заманда Эболаны жою бүкіл әлемнің міндеті», - деді АҚШ Президенті.
Айта кетерлігі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сәйкес, Эбола безгегіне шалдыққандар саны шамамен 5800 адамды құрап отыр. Оның 2800-нен астамы қаза тапқан. Бұл дерт Гвинея, Либерия және Сьерра-Леонда тарап кетті. ДДСҰ сарапшыларының ескертуінше, егер шұғыл арада нақты шаралар қолданылмайтын болса, онда қараша айының басына қарай Эбола безгегіне шалдыққандардың саны 20 мыңнан асып жығылуы мүмкін.
Украина дағдарысы
БҰҰ Бас ассамблеясында қозғалған ең басты тақырыптардың бірі Украина дағдарысы болды. Әсіресе, АҚШ Президенті Барак Обама өз сөзінің басым бөлігін Ресей мен Украинаға арнады. Б.Обама Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін әлемде бейбіт өмір сүру тәртібі қалыптасқанын айтты. «Біз күштің әділдікте екендігіне сенеміз. Ұлы мемлекеттердің кіші мемлекеттерді ығыстыруға хақы жоқ. Халық өз болашағын өзі айқындауға құқылы. Бұл - қарапайым ғана шындық, бірақ, оны қорғау қажет»,- деді Б.Обама. АҚШ Президенті өз елінің және оның одақтастары Украинаның демократия жолында нық тұруына және экономикасын дамытуына жан жақты қолдау білдіретіндігін айтты. «Егер Ресей «қырғи қабақ соғыс» аяқталғаннан кейін ресейліктерді гүлденуге бастайтын жол таңдаса, онда біз санкцияларды тоқтатып, ортақ пробелмаларымызды шешуге қосар үлесін қуанышпен қабылдаймыз», - деді ол.
Сондай-ақ, отырыста сөз алған Еурокеңестің төрағасы Херман Ван Ромпей Еуроодаққа Ресейдің басқыншылық әрекеті және халықаралық құқықты бұзғаны үшін саяси, экономикалық, һәм қаржылық қатаң санкцияларды қолдануына тура келгенін айтты. Сонымен қатар, ол ЕО елдері енгізген санкциялардың салқыны өз экономикасына да ауыр тиетіндігін ескертіп өтті. Дегенмен, оның сөзіне қарағанда, Еуропалық одақ халықаралық серіктестерімен бірлесіп, кері шегінбейді.
Байырғы халықтардың басына қара бұлт үйірілген заман 23 қыркүйек күні БҰҰ Бас Ассамблеясының 69-шы сессиясы аясында Климаттың өзгеруі жөніндегі саммит пен байырғы тұрғындар мәселелері жөніндегі дүниежүзілік конференция өтті. БҰҰ-ның Климат жөніндегі саммитіне қатысушылар парникті газ эмиссиясын қысқартуға, жаһандық жылынуға қарсы жобаларға инвестицияларды арттыруға, Жасыл климаттық қорды толықтыруға және келесі жылы климаттың өзгеруі жөніндегі жаңа келісімді жасауға қол жеткізетіндіктеріне уәде берді. БҰҰ бастамасымен өткен тағы бір маңызды шара бірінші Байырғы халықтар мәселелері жөніндегі дүниежүзілік конференция болғаны сөзсіз.
Өйткені, бүгінгі таңда әлемдегі байырғы халықтардың жалпы саны шамамен 370 млн. адам. Бұл ғаламшар тұрғындарының небәрі 5 пайызын ғана құрайды. Олар әлемнің 90-нан астам елінде өмір сүріп жатыр.
БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның сөзіне қарағанда, көптеген байырғы халықтар кемсітушілікке ұшырап, кедей өмір сүруде. Олардың басым бөлігіне ата-бабасынан мұра болып қалған жерінен, салт-дәстүрінен, тілі мен өмір сүру салтынан айырылу, тіпті жер жетінен жойылып кету қаупі төніп тұр.
Конференция барысында байырғы халықтардың ұлттық және жергілікті деңгейдегі құқықтарын қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелер қаралды. Сонымен қатар, дәл осы бағыттағы БҰҰ жүйесі қызметін жетілдіру жайы сөз болды.