ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Эбола вирусы Еуропаға жетті

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Осы аптада әлем назары тағы да Эбола вирусының тарауына ауды. Вирусты Еуропада да жұқтырғандар бар екені анықталды.

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Эбола вирусы Еуропаға жетті

Апта басында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Испанияда Сьерра-Леонедегі науқасты емдеген мейірбикенің Эболаны жұқтырғанын хабарлады.

Қазір Испания билігі осыған байланысты барлық жағдайларды тексеруде, сонымен бірге, аталған әйелдің кіммен байланыс жасағанын анықтауда. ДДСҰ билікке қолдау көрсетуге дайын екендіктерін хабарлады.

«Халықаралық медициналық-санитарлық ережелерге сәйкес, Испания билігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына испандық мейірбикеден Эбола вирусынан тараған ауру анықталды деп хабарлады», - делінген ДДСҰ хабарламасында. Мейірбике Эболаны жұқтырған науқасты Сьерра-Леонада емдеген. Онда Эбола анықталғаннан кейін науқас Мадрид қаласына әкілініп, сол жерде 25 қыркүйекте жан тапсырды.

«Испания билігі осы жағдайға байланысты вирустың қалай тарағанын анықтап, сонымен бірге, мейірбикенің кімдермен байланыс жасағанын білу үшін мұқият зертеу жүргізуде. Қажет болса, ДДСҰ мамандары Испанияға қолдау көрсетуге дайын», - делінген ДДСҰ хабарламасында. Еуропада вирустың жұғуына байланысты бірінші жағдайдан кейін Испания, Италия, Германия, Франция, Чехия билігі дабыл қағып, вирусты жұқтыруы ықтимал деген азаматтарды тезірек оқшаулау үшін шаралар қабылдауда.

Соңғы мәліметтер бойынша, Македонияда Эбола вирусын жұқтыруы мүмкін британдық азамат қаза болған.

Осы күні геморрагиялық безгек вирусын Германия азаматы жұқтырды деген ақпар да расталды. Ол бейсенбі күні арнайы рейспен Либериядан таңертең жеткізілді және сол аурудың ұқсас белгілерімен ауруханаға жатқызылды. Лейпцигтегі дәрігерлердің хабарлауынша, оның жағдайы тұрақты болғанмен, сауығып кетуі екіталай.

Ауруды жұқтыруы мүмкін деген хабарлама Прагадан да келді. Таяу күндері Либериядан қайтып келген науқастың анализ нәтижелері жақын күндері дайын болады. Эболаны жұқтыруы мүмкін деген қауіппен Сербияда 700 адам медициналық бақылауға алынды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының еуропалық бөлім басшысы Жужанна Якаб мәлімдегендей, Еуропадағы Эболаны жұқтырудың бірлі-жарым жағдайлары анықталуы - Еуропа мен безгек тараған елдер арасындағы жиі транспорттық алмасулардың әсері.

«Еуропа елдері вирусты геморрагиялық безгектерге, соның ішінде, Эболаға қарсы әрекет етуге әлемде бәрінен де жақсы дайындалған», - делінген ДДСҰ еуропалық бөлімінің мәлімдемесінде.

Онда инфекцияны жұқтырғандармен байланыс кезінде кездейсоқ жұқтыру қаупі бар екені атап көрсетілген. Соған байланысты ДДСҰ Эпидемиологиялық бақылау шараларын қатаң сақтаудың маңыздылығын еске салады. ДДСҰ Еуропалық бөлімінің басшысы Эбола вирусымен күресуде, бірінші кезекте, медициналық персоналдың тұрғанын атап өтті. «Осы адамдарды қорғап, қолдау үшін бар күшті салу керек. Барлық елдерде қажетті хаттамалар мен процедуралар бар және Эбола вирусын жұқтыру қаупі болғанда, олар қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаулары керек. ДДСҰ әрқашан кез келген көмек пен қолдауды көрсетуге дайын», - дейді Ж. Якаб.

Вашингтонда Эбола бойынша Дүниежүзілік банктің кездесуінде сөз сөйлеген БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Батыс Африкада осы эпидемиямен күресті күшейтіп, оның басқа елдерде тарауының алдын алуға шақырды. Ол осы бағыттағы бес басымдықты атап көрсетті және Эбола безгегімен күресте көрсетілетін көмек ауқымын 20 есе арттыру керектігін мәлімдеді.

Пан Ги Мун Эболаны жұқтыру жағдайлары геометриялық прогрессияда өсіп келе жатқанан айтты. Ол онымен күрестегі бес басымдықты атап берді - эпидемияның тұтануын тоқтату, инфекцияны жұқтырған адамдарды еммен қамтамасыз ету; Эболадан зардап шеккен мемлекеттердің халқына негізгі қызмет көрсету; тұрақтылықты сақтап, эпидемия тарамаған елдерде аурудың тарауына жол бермеу.

БҰҰ басшысы эпидемия тараған елдерде адамдардың өмірін құтқару үшін күреске әлемнің ондаған елі тартылғанын хабарлады. Олардың бәрі дүниежүзілік коалицияға бірікті. Сонымен бірге, ол қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін атап өтті.

«Бізге кем дегенде көрсетілетін көмекті 20 есе ұлғайту керек, мобильдік зертханалар, көліктер, тікұшақтар, қорғау құралы, білікті медициналық персонал және медициналық эвакуациялау құралдары қажет», - деп атап өтті БҰҰ басшысы.

«Бастысы - тезірек әеркет ету керек және келіссөздерге уақыт кетірудің қажеті жоқ. Меніңше, біз бұл ауруды жеңе аламыз», - деп мәлімдеді Пан Ги Мун. Ол халықаралық қауымдастықты қолға алынған шараларды жандандырып, вируспен күресте қажетті қаржыны бөлуге шақырды. ДДСҰ-ның соңғы мәліметтері бойынша, Эболаны 8033 адам жұқтырып, одан 3877 науқас көз жұмған.