ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: EgyptAir әуе кемесі апатқа ұшырады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде әлем жұртшылығы 14 мамыр күні Стокгольмде өткен «Еуровидение» ән байқауының қорытындысын жан-жақты талқыға салды. Мұнан бөлек, бұл аптада қайғылы оқиға да орын алғаны белгілі. Атап айтқанда, EgyptAir әуе компаниясына тиесілі Airbus A320 жолаушылар ұшағы радардан жоғалып кетті. Бұл хабарды сәрсенбі күні аталған компания өзінің «Твиттердегі» шағын блогында жария еткен болатын.

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: EgyptAir әуе кемесі апатқа ұшырады

«Евровидение-2016» байқауы

Швеция астанасында «Евровидение» халықаралық музыкалық байқау аяқталды. Мәртебелі байқаудың ақтық сынына 26 әнші қатысты. Айта кетерлігі, осы жылы бұл шоу бүкіл әлемнің 50 еліне, оның ішінде АҚШ пен Қытайда да көрсетіліп, көрермен саны шамамен 200 млн. адамға жетті. Байқауды «Евровидения-2015» жеңімпазы Монс Сельмерлев пен танымал швед актрисасы Петра Меде жүргізді.

Финалдың ашылуына америкалық орындаушы Джастин Тимберлейк арнайы шақырылып, ол өзінің жаңа «Can't Stop The Feeling» атты хит әнін орындады.

Ағымдағы жылы байқаудың дауыс беру жүйесі өзгеріске ұшыраған. Ендігі уақытта төрешілер мен көрермендер бір-біріне тәуелсіз өз дауыстарын бере алады. Осылайша, ұйымдастырушылар соңғы сәтке дейін көрермендермен қатар қатысушыларды да байқаудың жеңімпазын анықтауда сарсаңға салып қойды десек болады.

Мәселен, австралиялық Дэми Им кәсіби төрешілер тарабынан ең көп дауыс жинаса, телекөрермендердің дауысын ресейлік Сергей Лазарев иеленген еді. Ал оған кәсіби мамандар тек 5-ші орынды ғана берген-ді.

Сонымен, музыкалық байқаудың қорытындысында украин әншісі Джамала (Сусана Джамаладинова) «1944» әнін орындап, 534 баллмен жеңіске жетті. Екінші орынға «Sound of Silence» әнімен 511 ұпай жинаған Дэми Им тұрақтады. Ал үздік үштікті 491 ұпаймен Сергей Лазарев тұйықтады.

Соңғы нәтижеден кейін жеңімпаз ретінде сахна төріне көтерілген Джамалаға жүргізуші Монс Сельмерлев жеңісіне қатысты пікір білдіруін өтінді.

«Сіздердің бейбітшілік пен махабат жайында ән салатындықтарыңызды білемін. Мен де бейбітшілік пен махаббат тілейсін, Рахмет, Еуропа! Украинаға қош келдіңіздер! Көп-көп рахмет», - деді толқу үстінде тұрған украиналық әнші.

Бас жүлде ретінде Джамалаға классикалық пішінде әзірленген хрусталь микрофон табысталды. Айта кетерлігі, бұл байқау келесі жылы Украинада өтетін болады. Есте болса, бұл украиндықтардың осынау мәртебелі байқаудағы екінші жеңісі. 2004 жылы әнші Руслана жеңімпаз атанған еді.

«EgyptAir» әуе кемесі апатқа ұшырады

Сәрсенбіден бейсенбіге қараған түнде мысырлық EgyptAir әуе компаниясының ұшағы радардан жоғалып кетті. Ұшақ Парижден Каирге бағыт алған болатын әрі Мысыр жағалауынан шамамен 280 шақырым жерде радардан жоғалған. Әуе кемесінде 12 мемлекеттің азаматтары болған. Жолаушылардың жалпы саны - 56. Экипаж мүшелері сегіз немесе тоғыз болуы мүмкін.

Мысыр Авиация министрлігіндегі дереккөздер MS805 рейсінің жоғалып кеткен ұшағында Жер орта теңізіне құлар алдында жарылыс болуы мүмкін екенін мәлім етті. Сарапшылардың айтуынша, бортта теракт болуы мүмкін. «Россия 24» арнасына берген сұхбатында Ресейдің еңбек сіңірген ұшқышы Юриф Сытник экипаж апат дабылын қоспағанын, бұл ұшақтың ауада апатқа ұшырағанын білдіретіндігін айтты.

20 мамыр күні жоғалып кеткен EgyptAir авиакомпаниясының A320 ұшағының сынықтары Жерорта теңізінде, Александриядан 290 шақырым жерден табылды. Бұл ақпаратты EgyptAir әуекомпаниясы да растады. Жергілікті әскерилер ұшақ сынықтарымен бірге MS804 рейс жолаушыларының жеке заттары табылғандығын мәлімдеді.

А320 ұшағы 18 млн. долларға дейінгі сомаға сақтандырылған. «Әл-Фагр» жаңалықтар порталының хабарлауынша, бұл туралы Misr Insurance сақтандыру компаниясының басқарма төрағасы Әдел Мұса мәлімдеген.

Оның айтуынша, сақтандыру құнының соңғы бағасы қайғылы оқиғаның нақты себебі жарияланған соң беріледі. Жолаушыларға келетін болсақ, Ә.Мұсаның айтуынша, төлемдер олардың азаматтығына байланысты өтеледі, себебі сақтандырудың осы түрі үшін бірыңғай стандарт белгіленбеген.

Айта кетерлігі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұшақ апатына байланысты Мысыр Араб Республикасының Президенті Әбдел Фаттах Әс-Сисиге, Француз Республикасының Президенті Франсуа Олландқа көңіл айту жеделхатын жолдады.

Жеделхатта мысырлық авиакомпания ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан көп адамның қаза болғаны туралы хабарды Мемлекет басшысының зор күйзеліспен қабылдағаны атап өтілген.

Нұрсұлтан Назарбаев қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына, сондай-ақ мысыр халқына Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан көңіл айтты.