ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: ЕО заңнамасының күшейтілуіне мән берілмек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы апта ішінде әлемдік қоғамдастықтың барша назары тағы да Еуропадағы оқиғаларға ауды. Француздық «ұлттық бірлік маршы» әлемнің көптеген қалаларында қолдауға ие болды. Сонымен қатар бұл аптада «еуропалық триллер» Бельгияда жалғасын тауып, онда құқық қорғау органдары лаңкестікке қарсы операцияны жүргізді. Осы оқиғалардың барлығы ЕО-да лаңкестікке қарсы іс-қимыл бойынша қосымша шараларды әзірлеуге ықпал етті.
None
None

«Ұлттық бірлік марштары»

Францияда жақында орын алған терактілер салдарынан 17 адам қаза тапқан болатын. Осыған байланысты Парижде құрбан болғандарды еске алу мақсатында «ұлттық бірлік маршы» өтті. Ресми деректер бойынша оған 1,5 миллионнан астам адам қатысқан екен. Осы тектес акциялар әлемнің көптеген ірі қалаларында ұйымдастырылды. Еуропада ең үлкен митингілердің бірі Берлинде болды. Германия астанасындағы бұл шараға 18 мың адам қатысты.

Брюссель орталығында «бірлік маршы» 15 мыңнан астам адамды жинады. Бұл шерулерге қатысқан адамдар негізінен үнсіз қалпында жүрді. Жүздеген адамдар терактілер құрбандарын еске алу үшін Лондондағы Франция елшілігі мен Трафальгар алаңында жиналды.

Мұнымен қоса, осындай шаралар Мадридтің орталық алаңында өтті. 12 мың адам Венадағы митингке, 3 мың адам Стокгольмдегі, 1 мыңға жуық адам Римдегі шеруге қатысты.

Ыстамбұл орталығымен бірнеше жүздеген адам жүріп өтіп, француз консулдығы алдында жиналды. Осындай митинг Түркия астанасы Анкарада да ұйымдастырылды. Токиода француздар мен жапондықтар мәдениет институты жанында француз тілінде дұға оқыды.

Бельгияда лаңкестік қатер деңгейінің артуы

Бейсенбі күні кешқұрым Бельгияның құқық қорғау органдары Вервье қаласында лаңкестікке қарсы операцияны өткізді. Ресми мәліметтер бойынша рейдтер Сириядан оралған адамдарға қатысты болды. Болжам бойынша лаңкестер ауқымды шабуылдарды жоспарлаған, яғни олар Бельгияның бірнеше өңірінде операцияларды қарастырған көрінеді.

Лаңкестікке қарсы операция барысында полиция қару, жарылғыш заттар мен «Ислам мемлекеті» тобының жалауларына ұқсас матаны тәркіледі. Вервье қаласы Германиямен шекаралас аумақта орналасқан. Оның халқы 56 мыңға жуық адамды құрайды.

Сонымен қатар тінту шаралары Брюссельде және оның маңында орналасқан қалаларда болды. Бұдан бұрын БАҚ-тарда Францияның Charlie Hebdo сатиралық журналына шабуыл жасаған кезде терроршылар Бельгиядан сатылып алынған қаруды пайдаланғаны хабарланды.

Осыған байланысты 15 қаңтарда лаңкестікке қарсы бельгиялық органы ахуалды қайта бағалап, төрт балдық меже бойынша қырағылық деңгейін 2-ден 3-ке дейін жоғарылату шешімін жасады.

Келесі күні Еуропалық комиссия өзге еуроинституттармен бірлесе отырып, өздеріндегі нысандарда қауіпсіздіктің қосымша шараларын енгізді.

Еуропалық одақ заңнамасын күшейтпек

Франциядағы қайғылы оқиға мен Бельгияда терактілердің алдын алу шаралары ЕО тарапынан лаңкестікке қарсы іс-қимыл бойынша қосымша шараларды әзірлеуге ықпал етті. Бұл тұрғыда Францияның сондай-ақ барша ЕО-ның бірінші қадамы көші-қон заңнамасын күшейтуге байланысты болатыны анық.

Бұдан бөлек, сейсенбіде Ұлттық мәжілісте сөйлеген сөзінде Франция Премьер-Министрі Манюэль Вальс лаңкестікке қарсы қызметті және лаңкестікпен күрес саласындағы заңнаманы күшейтуді, сондай-ақ әуе жолаушыларын тіркеудің жалпыеуропалық жүйесін құруды ұсынды.

Осы бағыттағы өзге шаралар ретінде француздық түрмелерде 2015 жылдың соңына дейін экстремистер мен радикалдар үшін ерекше бөлімдер пайда болуы мүмкіндігін атап өткен жөн. Бұндай эксперимент өткен жылдың күзінен бері Френ қаласының түрмесінде жүргізілуде.

Өз кезегінде британдық Премьер-Министр Дэвид Кэмерон үкімет бақылай алмайтын барлық байланыс желілеріне тыйым салу керектігін алға тартуда. Оның пайымынша, бұндай қадам лаңкестікпен күрес үшін қажет.

Атап айтқанда, бұл ұсыныстардың халықаралық лаңкестікпен күресте қаншалықты тиімді болатынын уақыт көрсетеді. Дегенмен соңғы оқиғаларға байланысты әлем елдері қауіпсіздік тұрғысында тиісті шараларды қабылдауға барынша тырысатындығы анық.

Соңғы жаңалықтар