ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Еуро-2012 - ықпалдасушы елдер үшін жаңа қатер
АСТАНА. 9 маусым. ҚазАқпарат - Осы аптадағы әлемдік қоғамдастықтың назарын өзіне аударған басты оқиға Польша мен Украинада жалауын көтерген «Еуро-2012» футболдан Еуропа чемпионаты болды.
Спорттық шараның салтанатты ашылуы мен «А» тобындағы алғашқы екі ойын Польша астанасы Варшавада Польша мен Грекия және Вроцлавта Ресей мен Чехия арасында өтті. Оған әлемнің 60-тан астам елінен 800-ден артық еріктілер қатысты. Стадионға тек 50 мыңға жуық адам сыйды. Рәсімді тікелей эфир арқылы бүкіл әлем бойынша 150 миллионға жуық көрермен тамашалады. Шоуда жергілікті дәстүрлер мен инновациялық технологияларға ерекше назар аударыла отырып, спорт пен мәдениетті біріктіруге талпыныс жасалды. Венгриялық пианист Адам Дьордь Шопеннің ля минор этюдын орындады. Музыкант сондай-ақ футбол добымен жасай алатын машықтарын көрсетіп өтті. Еуропалық біріншіліктің басталуын испандық арбитр Карлос Веласко Карбальоның ысқырығы ашты. Міне осы кезеңнен бастап 1 шілдеге дейін көршілес жатқан екі елдің 8 қаласында кәрі құрлықтың 16 командасы жасыл алаңда жасындай жарқылдап, жан алып, жан беріскен ойын көрігін қыздырады.
Польша мен Грекия құрамалары арасындағы ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Ойынның бірінші голының авторы - 17-нші минутта есепті ашқан Польша құрамасының шабуылшысы Роберт Левандовский болды. Ал ойын алаңынан бірінші болып грекиялық Сократис Папастополус шығарылды, оған бас төреші екінші ескерту үшін 44-інші минутта қызыл карточканы көрсетті. 51-інші минутта грекиялық ойыншы Димитриос Салпингидис есепті теңестірді. 71-інші минутта Польшаның қақпашысы Войцех Щесный өзінің айыппұлдық алаңында ережені бұзғаны үшін ойыннан шеттетілген соң, грек ойыншылары алға шықты. Бірақ Георгиос Карагунис допты 11 метрден қақпаға енгізе алмады - Войцех Щесныйдың орнына шыққан қақпашы Пжемыслав Тытонь оған төтеп бере алды.
Ал Вроцлавтағы стадионында Ресей және Чехия құрамаларының арасында екінші ойын өтті. Бұл ойынның нәтижесінде ресейлік команда 4:1 есебімен жеңіске жетті. Бірінші таймда ресейліктер чехиялық құраманың қақпасына екі гол кіргізді. 15-інші минутта есепті допты торға ұрып, штангадан секіріп кеткен Алан Дзагоев ашты. Ойынның 24-інші минутында кездесудегі екінші голды Роман Широков кіргізді. Екінші таймдағы 52-нші минутта ойыншы Вацлав Пиларж есеп арасындағы алшақтықты қысқартты. Алайда 82-нші минутта ресейліктер Роман Павлюченконың олардың қақпасына төртінші голды кіргізген соң Чехия құрамасына жеңіске жетуге ешқандай мүмкіндік қалмады. «А» тобындағы бұдан кейінгі кездесулер 12 және 16 маусым күндері өтеді.
Бүгін «В» тобының бірінші турының ойындары басталады. Харьков қаласында Голландия және Дания құрамалары кездеседі. Чемпионат Львовтағы ойынмен жалғасады, онда Германия мен Португалия құрамалары кездеспек.
Дегенменде, егерде чемпионатқа дайындықтың барлық кезеңдерінде оның құрамдас бөлігіне айналған даулы оқиғалар болмағанда «Еуро-2012» дәл осындай танымал болмас та еді. Бұл ойындағы күйсандықтың алғашқы қылпернесін қазіргі уақытта Харьковтегі түзеу коллониясында жазасын өтеп жатқан Украинаның бұрынғы Премьер-Министрі Юлия Тимошенконы қылмыстық қудалауға орай Батыс елдерінің іс-әрекетіне байланысты саяси сәт шертіп отыр.
Батыс елдері мен украиндық оппозионерлердің нұсқасы бойынша ол өзіне лайықты жаза алған жоқ әрі саяси тұтқын болып саналады. Бұған қоса, билік тарабынан үнемі қысымға ұшырап отыр. Өз кезегінде ел басшылығы бұл айыптауларды үнемі теріске шығарып, тергеу амалдарының шынайы, әділ өткендігін айтуда. Ол жақта оқиға қалай өрбісе де, нақ осы мәселе ЕО мен бірқатар басқа да елдердің Украинамен арадағы қарым-қатынастарына сызат түсіруде.
Мамырда Еуроодақтың сыртқы саясат және қауіпсіздік саясаты мәселелері жөніндегі жоғары өкілі Кэтрин Эштон Украинада өтетін Еуро-2012 футбол ойындарына ЕО тарабы саяси бойкот жарияламайтындығын мәлімдеген болатын. Бірақ та, сәл кейінірек, Еурокомиссияның президенті Жозе Мануэл Баррозу бастаған шенеуніктер өздерінің ойынның бір бөлігі Украинада өтетін «Еуро-2012» чемпионатына бармайтындықтарын жария етті.
Ұлыбритания, Франция, Бельгия және басқа да елдер Үкіметтерінің өкілдері өздерінің ресми тұлғаларының бұрынғы премьерді босату талабымен Украинаның стадиондарында өтетін ойындарға бойкот жариялауға ниетті екендіктерін жеткізді. Барлық Еуропа елдері ішінен Украинадағы «Еуро-2012»-ні Польша мен Дания мемлекеттерінің көшбасшылары ғана қолдайтындықтарын білдірді.
Польша Президенті Бронислав Коморовский поляк қоғамдық телеарнасына берген сұхбатында Украинаның «Еуро-2012»-ні өткізуі Киевтің Батыспен ықпалдасуға ұмтылысын дәлелдейтін белгі ретінде қабылдайтындығын мәлімдеді. Сондықтан ол Киевті Мәскеу тарабына қарай кері итеру ақылға сыйымсыз болатындығын баса айтты.
«Біз Украинаның Еуропалық әлеммен ықпалдасу және Ресей құрып отырған Кеден одағына кіру таңдауы алдында тұрғандығын көріп отырмыз. Польша бойкот жариялау бұл елдің еуропалық ықпалдастыққа тиімсіз балама таңдау жасауға мүмкіндік береді деп қауіптенеді», - деді ол.
Шындығында да футболдан 2012 жылғы Еуропа чемпионаты спорттық іс-шара аясынан шығып, жекелеген елдер мен тұлғалар тарабынан белсенді мәжбүрлейтін саяси құйтырқыға айналып келе жатыр. Бұл өздігінен-ақ халықаралық сұхбаттастық үшін тиімді тетік деп айтуға келмейтін жаңа шарттар қалыптастырады.
Мұны 1980 жылы Мәскеуде және 1984 жылы Лос-Анджелесте өткен Олипиада ойындарына бойкот жариялау тәжірибесі көрсетті. Міне сол кезде-ақ спортты саяси мақсаттарға қол жеткізу тетігі ретінде пайдалану тұңғиыққа апаратындығын дәлелдеді.
Болашақта «Еуро-2012» қандай ойға қалдыратындығы, нақты айтқанда саяси бойкот немесе спорттық жетістік болатындығы әзірше беймәлім. Ал белгілі болып отырғандығы, Еуроодақтың бірқатар көшбасшыларының қазіргі мәлімдемелері еуропалық және еуразиялық ықпалдастық мәселелері бойынша диалогқа жаңа салмақты элемент қосады.