ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Еуроодақ Жерорта теңізінде әскери операция жүргізбек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде әлемдік қоғамдастықтың назары ғаламшарда орын алған бірқатар шулы оқиғаларға ауды. Мәселен, дүйсенбі күні Жерорта теңізінде жүргізілген әскери операциялар елді елең еткізсе, танымал Санта-Барбара шипажайына тақау тұста мұнай құбырында орын алған апат әлем қоғамдастығының назарын өзіне аударды. Мұнан бөлек, бейсенбі күні «Ислам мемлекеті» содырларының ежелгі Пальмира қаласын толық өз қол астына қаратқандығы жайындағы суыт хабар желдей есті.
Еуроодақ Жерорта теңізінде әскери операция жүргізбек
Дүйсенбі күні Еуроодаққа мүше елдердің сыртқы саясат және қорғаныс ведомстволарының басшылары Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс елдерінен босқындар тасымалдаумен айналысатын контрабандышыларға қарсы әскери операция жүргізу мүмкіншілігін талқылаған болатын.
«Бүгінгі басты мәселе Жерорта теңізінде адамдарды заңсыз тасымалдаумен айналысатын қылмыстық желіні жоюға бағытталған теңіздегі ЕО операциясын бастау туралы шешімнің қабылдануы болмақ. Мен бұл шешімнің бүгін қабылданатындығына сенім артамын», - деді отырыс басталар алдында Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Федерика Могерини.
Аталған операцияны өткізу туралы идеяны Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс елдерінен мигранттар санының күрт өсуіне орай Италия тарабы ұсынған болатын. Бүгінде Италия мен Мальта заңсыз мигранттардың сүйікті орнына айналған. Тунис жағалауына тақау орналасқан Италияның Лампедуза аралы қайғылы оқиғалардың жиі орын алуы арқылы танымалдыққа ие. Ай сайын дәл осы аралдан кемелердің апатқа ұшырағандығы жайында ақпарат тарап жатады.
Еуроодақ қорғаныс және сыртқы істер министрлерінің отырысы нәтижесінде «EUNAVFOR Med» әскери операциясын өткізу туралы идея қолдау тапты.
«Қазір ғана Жерорта теңізінде мигранттар тасымалдаумен айналысатын контрабандышылардың бизнес-модель желісін құрту үшін ЕО-ның әскери-теңіз операциясын бекіту туралы шешім қабылданды», - деді кездесу қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында Ф.Могерини.
Бұған қоса еуропалық дипломатия басшысы операцияның ағымдағы жылғы 22 маусымда өтетін ЕО-ның сыртқы істер жөніндегі келесі кеңесіне дейін дайын болатындығына үміт артатындығын білдірді.
Оның айтуынша, «EUNAVFOR Med» әскери операциясына дайындық жұмыстары шұғыл қолға алынатын болады. Операцияны итальяндық контр-адмирал Энрико Кредендино басқарады. Сонымен бірге операцияның жедел штабы Римде орналасады. 14 айға созылатын бұл шараны өтізуге кететін жалпы шығын көлемі 11,82 млн. еуро шамасында бағалануда.
«EUNAVFOR Med» операциясы бірнеше кезеңмен өтетіндігі болжануда. Бастапқы сатыда Жерорта теңізінің оңтүстік және орталық бөліктерінде адам саудасымен айналысатын контрабандышылар мен топтарға мониториг жүргізіп, олардың іс-әрекеттерін бағалау қолға алынбақ. Ал екінші және үшінші сатыларда іс жүзіндегі заңсыз көші-қон арналарын іздеу әрі жою көзделуде.
Ф.Могеринидің болжамынша, мигранттарды заңсыз тасымалдаудан түсетін қаржы лаңкестік іс-әрекеттерді қаржыландыруға жұмсалуы мүмкін.
«Біз лаңкестік ұйымдар мен заңсыз адам тасымалдаумен айналысатын топтар арасындағы байланыстардың болу мүмкіншілігіне сараптама жүргіздік. Мен қазіргі уақытта біздерге белгілі болып отырған қандай да бір байланыстарды нақты айта алмаймын. Егер заңсыз тасымалдаушылардың бизнес-моделіне және тасымалдан түсетін ақша ағындарына қарайтын болсақ, бұл ақшалардың лаңкестік іс-әрекеттерді қаржыланыруға жұмсалуы мүмкін екендігін байқауға болады», -деді Ф.Могерини.
Санта-Барбара «қара алтын» астында қалды
Дүйсенбі күні «Plains All American Pipeline» компаниясының мұнай құбырында апат орын алып, 400 мың литрден астам мұнай Калифорния штатындағы Санта-Барбара округының жағажайын ластады.
«Қара алтынның» төгілуі аталған аудандағы жағажайдың жабылуына, сонымен қатар балық аулауға тыйым салынуына түрткі болды. Бұл оқиғаның жағалауда тіршілік ететін жабайы жануарларға да зор қауіп төндіріп отырғаны белгілі. «Кәсіпорын орын алған жайтты зор күйзеліспен қабылдады және қоршаған ортаға зиянды барынша шектеу үшін қажетті шараларға күш салады, біздің мақсатымыз - барлық қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету», - делінген «Plains All American Pipeline» компаниясы таратқан ақпаратта.
Куәгерлердің айтуынша, жағажайдың 6 шақырым учаскесі мұнай салдарынан қара реңке боялған. Ал мұхитқа таралған мұнай шамамен 14 шақырымға созылып жатыр. Төтенше оқиға орын алысымен арнайы кемелер жеткізіліп, олар мұнай өнімдерін сору жұмыстарына кірісіп кетті.
Мұхит жағалауын мұнайдан тазалау жұмыстарына 9 кеме мен түрлі қызметтердің 272 маманы жұмылдырылған. Бейсенбі күнгі деректерге сәйкес, жағалаудан 34 мың тонна мұнай сорылды.
Бұл Санта-Барбарада соңғы 18 жылда алғаш рет орын алып отырған оқиға. Диаметрі 61 сантиметрді құрайтын құбыр 1987 жылы төселген. Ол арқылы Калифорния жағалауынан мұнай Техасқа өңдеуге жіберіледі. Бұған дейін құбырдан еш проблема орын алған емес әрі осыдан 2 апта бұрын ғана тексеруден өткізілген.
Калифорния губернаторы Джерри Браун Санта-Барбара округын мұнайдың төгілуіне байланысты апат аймағы деп жариялады. Сәйкесінше жарлық штат астанасы Сакраментода жария етілді. «Бұл шара төтенше шаралар қабылдауға мүмкіндік береді және қолдағы ресурстарды шұғыл шоғырландыруға көмектеседі. Біз Калифорния жағалауын қорғау үшін барлық қажетті шараларды атқарамыз», - деді Д.Браун.
«Ислам мемлекеті» содырлары Пальмира қаласын басып алды
Бейсенбі күні әлемдік ақпарат агенттіктері Сирия армиясына қарсы қиян-кескі ұрыстар жүргізіп келе жатқан «Ислам мемлекеті» содырларының ежелгі Пальмира қаласын өздерінің толық бақылауына алғандығын хабарлады. Сирия армиясының қолбасшылығы қиян-кескі ұрыстардан кейін қаладан әскерді шығару туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар билік Пальмира қаласы тұрғындарын және тарихи құнды жәдігерлерді қауіпсіз жерге шығарды.
Айта кетерлігі, содырлар ежелгі қалада мамыр айының ортасына таман жақын келген болатын. Ал өткен сенбіде олар қаланың бір бөлігіне өздерінің билігін жүргізе бастаған еді. Бірақ, сол кезде Сирия армиясы олардың бетін кері қайтарған-ды. Ал бұл жолы билік армиясы содырларға қарсы тұра алмады.
Содырлар қалаға нық бекініп алғаннан кейін әдеттегідей қолға түскен әскери қызметшілерді жазалауға кірісті. Жұма күні олардың жаппай жазалау жүргізгендігі туралы ақпарат таралды. Қаланы қорғауға қатысқан 17 адамның басы кесілген.
Пальмира Сирияның дәл ортасында стратегиялық тұрғыда оңтайлы орналасуымен ғана емес, сонымен бірге ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енген көптеген сәулет ескерткіштерімен де маңызды қала саналады. Есте болса, содырлар Ирак аумағындағы бірқатар сәулет ескерткіштерін тас-талқан еткен болатын. Сондықтан да Пальмира қаласындағы мәдени ескерткіштер де талқандалуы мүмкін деген қауіп бар.
Белгілі болып отырғандай, содырлар адамзат баласы үшін тарихи құндылығы бар ежелгі сәулет нысандарын қасақана жойып жібереді. Бұған дейін содырлар Ассирия патшалығының бұрынғы астанасы болған ежелгі Нимруд қаласының аман қалған нысандарын талқандаған еді.