ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Филиппинге төнген тайфун, екіге бөлінген Дрезден және Франциядағы сығандардың бүлікшілігі
Филиппиндегі «Коппу» тайфуны
Филиппин аралдарына «Коппу» тайфуны төніп, елдің орталық және солтүстік бөліктерінде су тасқыны мен лай көшкінін тудырды. Ең көп зардап шеккен Лусон аралы, яғни онда синоптиктердің есептеулері бойынша 1000 мм жауын-шашын түскен. Тайфун салдарынан Лусон аралындағы 300-ден астам елді мекенді су басып қалды, ал кейбір жерлерде судың деңгейі үйлердің биктігінен асып кеткен екен.
Табиғи апатқа байланысты елдің аумағында оқу орындары жабылып, әуе рейстері тоқтатылды, сондай-ақ жолаушылар мен жүк паромдарының қозғалысы ішінара шектелді. Тайфунның күші тек сәрсенбіге қарай бәсеңдей бастады. Өздерінің баспаналарын тастап кеткен 55 мыңнан астам тұрғын эвакуациялық орталықтарды паналап жүр.
БАҚ-тың хабарлауынша, «Коппу» апаты кем дегенде 56 адамның өмірін қиды, алайда селден зардап шеккен адамдардың нақты саны әзірге белгісіз. Алдын ала есептеулер бойынша келтірілген шығын шамамен 203 млн. долларға бағаланып отыр.
Атап айтқанда, билік өкілдерінің хабарлауынша, құрбан болғандар саны бұдан да көп болушы еді, алайда адамдарды қауіптілік жайында алдын ала ескерту мен оларды қауіпсіз жерге дер кезінде көшірудің арқасында тұрғындарды аман алып қалуға мүмкін болды.
Қазіргі кезде ел үкіметі азық-түлікті қосымша сатып алу мен ауыз судың тапшылығын болдырмас үшін шұғыл түрде тиісті шараларды қабылдауда. Белгілі болғандай, тайфун салдарынан Филиппинде 400 мың тоннаға жуық күріш жарамсыз болып қалған.
Айта кетейік, бұл елде бұндай алапат тайфудар жиі орын алып тұрады. 2013 жылы «Хайнян» тайфуны 6 мың адамның өмірін қиған еді.
Pegida Дрезденді екіге бөлді
Дүйсенбіде Pegida антиисламдық және антииммигранттық қозғалысы ұйымдастырған ауқымды наразылық акциясына қатысу үшін бірнеше ондаған мың адам германиялық Дрезденнің көшесіне шықты.
Pegida - Еуропалық патриоттар Батыстың исламдандырылуына қарсы деген мағынаны білдіреді. Қозғалыстың негізін Лутц Бахман қалаған және 2014 жылдың қазанынан бері антииммигранттық акцияларды өткізуде.
Қозғалыс белсенділері Германия үкіметінің Африка және Таяу Шығыс елдерінен босқындарды қабылдау шешіміне қарсы шығып отыр және мигранттарды ел аумағынан кетіруді талап етуде. Сонымен қатар жиналғандар Германия канцлері Ангела Меркельдің отставкасын да талап етті.
Акция қарсаңында Германия Ішкі істер министрі Том де Мезьер адамдарды Pegida марштарына қатыспауға шақырған болатын. «Еліміздің ішінде өшпенділікті, осындай уды таратып отырған бұл адамдардан аулақ болыңыздар»,-деп мәлімдеді ІІМ басшысы.
Байқаушылардың есептеулері бойынша наразылық акциясына 15-20 мың адам қатысқан көрінеді. Сонымен қатар сол кезде Pegida қозғалысына қарсыластардың да митингі өтті. Оған 10-15 мың адам қатысып, «өшпенділіктің орнына мейірімділік» деп ұрандатты.
Франциядағы сыған бүлігі
Сейсенбіде Францияның Муаран қаласында сығандардың тобы темір жол вокзалы ауданында ойран салды. Бұндай тәртіпсіздікке шығу тегі сыған екі адамды полицияның құрықтауы себеп болған екен. Ұсталғандардың біреуінің туысқаны көлік апатынан мерт болған көрінеді. Жергілікті сыған қауымы бұл адамдар сәрсенбіге жоспарланған жерлеу рәсіміне қатысуы үшін оларды босатуды талап етеді.
Бұндай талап екі ай бұрын орын алған оқиғаға сүйене отырып жасалды, яғни тамыздың аяғында сығандар таборы Парижге жақын жердегі жолды жауып тастағаннан кейін судья қамауда отырған сығанды әкесінің жерлеуіне жіберген болатын.
Алайда бұл жолы үзілді-кесілді талапты билік тарапы қабылдамағандықтан, осы шешім этникалық азшылықтың ашуын туындатты. Жүзге жуық жастар вокзал ғимаратында бүлік жасап, пойыздардың қозғалысын тоқтатты және өртелген көліктерден бөгет жасап, автожолды жауып тастады.
Осы тәртіпсіздікке байланысты қала билігі тұрғындарды көшеге шықпауға шақырды. Бүлік орын алған жерлерге полиция мен әскери қызметкерлердің қосымша бөлімшелері шұғыл түрде тартылды. Дәл сол мезетте Савойеде орналасқан Этон түрмесінде де бүлік болған көрінеді. Бұл түрмеде бүлікшілер босатуын талап еткен адамдар қамауда отырған болатын.
Түрме әкімшілігі кешқұрым келген арнайы мақсаттағы сарбаздардың көмегімен абақтыдағы жағдайды өздерінің бақылауына алды. Мамамен сол кезде құқық қорғау органдары қаладағы тәртіпті ретке келтірді. Белгілі болғандай, бүлік кезінде адамдар зардап шекпеген, осы оқиғаға байланысты полиция тергеу амалдарын жүргізуде.