ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Ғарыштан шабуыл шынайы шындыққа айналды

Кеше Ресей мен Қазақстанның бірқатар өңірінің тұрғындары соңынан қалың түтін қалдырған жарық отты дененің жерге құлап түсуінің куәсі болды. Құлаған метеоридтен көз қарықтырар жарық шашылып, қуатты жарылыс орын алды.
Опат ошағына барынша тақау орналасқан Челябіде соққы толқынынан ғимараттар зардап шегіп, шамамен 100 мың шаршы метр шыны сынып, 1200-ге жуық адам медициналық көмекке жүгінді. Алғашқы жедел жәрдем көмегін қажетсінген адамдардың басым бөлігі шыны сынығынан жарақат алғандар. 50 адам ауруханаға жатқызылды. Ғалымдардың болжамынша, метеорид ауа қабатына тесік қалдыруы мүмкін, ал ол жергілікті тұрғындардың денсаулықтарына қауіп төндіруі ғажап емес. Дегенмен, өңірде іле-шала жүргізілген өлшемдерге қарағанда, аймақта тұрақты радиациялық фон сақталуда. Биліктің таратқан хабарына сәйкес, метеорид жауынынан келген шығын 1 млрд. рубльді құрайды. Бүгін өңірге Ресейдің төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері аттанды. Сонымен қатар Челябіге шыны салып, терезе кесектерін дайындаумен айналысатын ондаған компанияның мамандары мінген ұшақ та жөнелтілді. Осы күні бүкіл әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары Челябідегі жарыс жайында жарыса жазуда. Өйткені бұл 1908 жылы Сібірде орын алған Тунгус апатынан кейінгі ең қуатты болид болатын.
Ғалымдардың мәліметтеріне қарағанда, метеорид жарылысының қуаты тротил эквивалентінде 300 килотоннаны құрайды. Бұл Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан шамамен 20 есеге артық. Ресей ТЖМ мәліметі бойынша, Урал Федералды округі аумағында метеорид бөлініп, соның себебінен оның бір бөлігі атмосфераның төменгі қабатында жанып кеткен. Метеоридтің жеті бөлігінің бірі Шұбаркөл өзеніне құлаған, қазіргі уақытта су қоймасына сүңгуірлер зерттеу үстінде. Ресейғарыш агенттігі де Уралға жаратылысы техногендік емес нысанның, яғни метеоридтің құлағанын қуаттап отыр. Жарылыс шамамен 20-25 шақырымдық биіктікте орын алды деп есептелінуде. Алдын ала болжам бойынша, ғарыш денесінің диаметрі шамамен 15 метрді, ал жылдамдығы мөлшермен секундына 18 шақырымды құрап, бағыты оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай болған.
Айта кетерлігі, құлаған болидке қатысты сан түрлі нұсқалар айтылуда. Мәселен, ЛДПР көшбасшысы Владимир Жириновский Уралда метеоридтің құламағанын, ал оның американдық жаңа қарудың сынағы нәтижесінде орын алған жарылыс екендігін айтуда. «Жабайы халық сияқты. Қайдағы метеорид? Ештеңе де ешқашан ешқайда құламайды. Ғарыш бұл бүкіл әлем, ол жақтың өз заңы бар», - деді ол.
Жекелеген сарапшылар да жарық шашқан заттың үлкен аумақта көзге шалыну фактісін ескере отырып, оның жасанды, түпті, «жерден тысқары жасалған нысан болуы мүмкін-ау» деген ойларын алға тартады.
Ғарыштық болиданың құлауына байланысты ресейлік билік болашақтағы мұндай құбылыстардан қорғану мәселесіне назар аудара бастады. РФ Үкіметі басшысының орынбасары Дмитрий Рогозиннің пайымынша, бүгінде әлемдегі бірде бір мемлекет мұндай бөгде ғаламшарлық затты атып түсіруге қауқарсыз. Ол Үкімет жанындағы әскери-өнеркәсіптік комиссия Жерге мұндай нысанның жақындауын ескертетін әрі алдын алатын халықарлық жүйе құру қажеттігі мәселесін қоятындығын айтуда.
Дегенмен де, сарапшылардың айтуынша, әлемнің бүкіл елдерінің жиынтық ғылыми және техникалық әлеуетімен алдын ала ескертетін жүйе құру тек 70 жылдан кейін ғана мүмкін болмақ.
Зымыранға қарсы қорғаныс саласындағы қолданыстағы шешімдер метеорид қозғалысын бақылауға мүмкіндік бермейді.
Сондай-ақ осы түнде ғаламшар тұрғындары көлемі жүзу бассейніне пара-пар 2012 DA14 астероидінің Жерден 28 мың шақырым қашықтықта Индонезия үстінен ұшып өткендігін бақылауға мүмкіндік алды. NASA-ның хабарлауынша, бұл мұндай үлкен астероидтың Жер бетіне тым тақау аралықта алғаш рет өтуі. DA14 астероиды өткен жылдың ақпан айында анықталған болатын. Оның болжамды салмағы 130 мың тоннаны құрайды. NASA ғалымдарының бұған дейін мәлім еткеніндей, астероид ғаламшармен соқтығысқан жағдайда ол бір қаланы жер бетінен жойып жіберер еді. Мамандардың есептеуінше, мұндай соқтығысу қуаты Хиросимаға тасталған атом бомбасынан 1000 есеге артық болмақ. Дегенмен де, бастапқы кезеңде-ақ ғарыш агенттігінің мамандары ғаламшар мен аспан денесінің соқтығысуы мүмкін еместігін жариялаған-ды. NASA бұған дейін 2012 DA14 астероиды мен Челябі облысы аумағына құлаған метеориттің арасында еш байланыс жоқтығын мәлімдеді. Олардың мәліметтеріне қарағанда, екі аспан денесінің траекториясының бір-бірінен айырмашылығы бар. Бұл екі нысанның бір-біріне мүлдем қатысы жоқ деген қорытынды шығаруға түрткі бола алады. «Ресейлік метеорит солтүстіктен оңтүстікке қарай құлады. DA14 астероидтің траекториясы - қарсы бағытта, оңтүстіктен солтүстікке қарай», - делінген агенттік ақпаратында.