ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Грек дағдарысы - әлемдік экономика үшін жаңа қатер

АСТАНА. 19 мамыр. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта халықаралық аренада еуроаймақтағы теріс үдерістердің күшеюімен есте қалды.

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Грек дағдарысы - әлемдік экономика үшін жаңа қатер

Бастапқыдан-ақ негізгі қауіптер тек қана экономикалық емес, сонымен қатар іс жүзінде ұлттық шекараны да аттап өтіп, барлық еуроаумақты рецессиялық көңіл-күйге душар еткен Грекиядағы саяси дағдарыс жағдайының айқынсыздығына қатысты болды.

Естеріңізге сала кетейік, мамыр айының басында-ақ жаңа үкімет құруға талпынған Грекия парламентінің кезекті әрекеті нәтижесіз аяқталған болатын. 6 мамырда  өткен сайлауда барынша мол дауыс жинаған 3 партия Үкімет құру барысында бір-бірімен ортақ мәмілеге келе алар емес. Үдеріске ел президенті Каролос Папульяс та араласып еді. Дегенмен оның да үдеріске қатысуы әзірше еш нәтиже берер емес. Келіссөздер жүргізілуде, бірақ та елдің саяси күштері тарабынан бірлескен күн тәртібін дайындауға барлық саяси тараптар дайын деп айтуға мүмкін болмай отыр.

Сайлауда екінші нәтиже көрсеткен СИРИЗА солшыл радикаль партиясының Афины экономиканың қатаң шараларын қабылдамауы қажет, яғни еуропалық елдер түбінде еуроаймақтағы әріптес елге қандайда бір көмек көрсетуге мәжбүр болады деп санауы негізгі проблема болуда. Осыған орай аталған саяси күштің басшылығы жаңа үкімет құрамына кіруден бас тартып отыр. Халық арасына жүргізілген сауалнаманың нәтижесіне сәйкес дәл осындай ұстанымды гректердің 28 пайызы қолдайды. Бұл тек саяси элитада ғана емес, қоғам арасында жікке бөліну орын алғандығын көрсетеді.

Дәл осындай реакция әлемдік рейтинг агенттіктері тарапынан да көрініс табуда. Бейсенбі күні кешкісін «Fitch» агенттігі өз шешімін еуроаймақтан елдердің шығу ықтималдығының сақталуын уәж қылып, Грекияның ұзақмерзімді тәуелсіз рейтингін ұлттық және жергілікті валютада «В-»-дан «ССС»-ға дейін, сонымен қатар елдің қысқамерзімді рейтингін жергілікті валютада «В»-дан «С»-ға дейін төмендетті.

Байқаушылардың атап өтуінше, Грекияда туындап отырған проблемалар жалпыеуропалық қаржы көрсеткіштеріне теріс ықпал етуде. Мәселен, дүйсенбі күні немістің DAX индексі 1,94 пайыздық төмендеумен жабылса, британдық FTSE 100 1,97 пайызын жоғалтып, француздық CAC 40 2,29 пайызға кеміді.

Жұма күнгі мұнайдың сауда-саттық мәліметтеріне сәйкес қара алтынның әлемдік нарықтағы бағасы Еуропадағы ахуалға орай біршама төмендеді. Жұма күні WTI маркалы мұнайдың маусымдық фьючерсі 0,61 пайызға қысқарып, баррелі 92 долларға дейін, ал Brent маркасы 0,2 пайызға төмендеп, барреліне 107,28 долларға дейін арзандады. Бұдан бөлек, әдетте құны тұрақты болатын алтын бағасында да төмендеу байқалды. Дегенмен, сәл кейінірек өзінің ұстанымын біршама қалпына келтіре алды.

Толықтай алғанда осы апта ішінде әлемдік қор алаңындағы теріс серпін анық байқалып, еуро долларға қарағанда біршама арзандады.

Қазіргі уақытта еуропалық көшбасшылар Афиныдан бюджет қаражаттарын қатаң үнемдеу бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастыруды және құрылымдық реформалар жүргізуді талап етуде. Алайда ел үкіметінің болмауы салдарынан қандайда бір шара қабылдауға мүмкіндік жоқ.

Грекцияға несие беріп отырған Халықаралық валюта қорының басшысы Кристин Лагард егерде ел билігі бюджет тапшылығын қысқарту бойынша міндеттемелеррді орындамаған жағдайда Грекияның еруоаймақтан біртіндеп шығуы мүмкіндігін жоққа шығармайды. Ал Еуроодақтың жекелеген өкілдері Афиныға еуроаймақта одан әрі болу мәселесіне қатысты референдум өткізуді ұсынуда.

Грекияның, еуроаймақтың және жалпы Еуропаның болашағы қандай болатындығын тіпті жетекші әлемдік экономистер де айтуға қиналады. Олардың кейбірі Грекияның еуроаймақтан шығуы елге және валюталық кеңістіктегі басқа әріптестеріне барынша арзанға түсетіндігін атап өтуде. Айта кетерлігі, бұл мәселе алғаш рет көтеріліп отырған жоқ. Толықтай алғанда мұнай сценарий  тіпті  еуроаймақтағы басқа мүше елдер арасындағы серпінді жандандыра түседі.

Ал басқалары керісінше, Грекияның еуроаймақтан шығу кәрі құрлық  елдерінің арасындағы экономикалық байланыстың ыдырауына әкеледі әрі соңғы нәтижесінде 2008 жылғы жаһандық дағдарыстан әлі де болса оңала алмай тұрған әлемдік экономикаға құлдыраудың жаңа толқынын әкеледі деп санайды.