ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Грекиядағы ахуал, Иранның ядролық мәселелері бойынша келіссөздердің жемісі және Испаниядағы бұқалар фестивалі

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Осы аптада халықаралық саясат төрінде Еуроодақ мемлекеттерінің басшылары мен Грекия премьер-министрі арасындағы ауыр келіссөздер басты назарда болғаны анық. Келесі күні Венада тарихи оқиға орын алды - «үлкен алтылық» елдері ұзақ та ауыр келіссөздерден кейін Иранның ядролық саясатына қатысты мәселені шешуге бағытталған жалпы іс-шаралар жоспарын түбегейлі бекітті. Ал сәрсенбі күні испаниялық Памплона қаласында «Сан-Фермин» атты танымал бұқалар фестивалі өз жұмысын аяқтады.
None
None

Грекия бойынша қол жеткізілген нәтиже

Дүйсенбі күні 17 сағаттық ауыр келіссөздерден кейін Еуроодақ көшбасшылары Грекияға көрсетілетін жаңа қаржылық көмектің үш жылдық бағдарламасын бекітудің негізгі қағидаттары бойынша бір ұйғарымға келді, осылайша Грекия ЕО-ның бірыңғай валюталық одағында қалды.

«Бізде бүгін тек бір мақсат болды - келісімге қол жеткізу. 17 сағаттық талқылаулардан кейін, біз сондай келісімге қол қойдық», - деді Еуропалық Кеңестің президенті Дональд Туск ЕО саммитінен кейін берген баспасөз мәслихатында.

Саясаткердің сөзіне қарағанда, еуроаймақ лидерлері несие берудің негізгі талап-шарттарын анықтады. Дегенмен ол үшін бірқатар «қатаң талаптарды» орындауы қажет және оны Грекия парламенті міндетті түрде құптауы тиіс.

Ондай қатаң шараларға - салықты көбейту, зейнетақы жүйесін реформалау, мемлекеттік активтердің бірқатарын жекешелендіру, еңбек нарығын либерализациялау, сонымен қатар ұлттық деңгейде ұжымдық жұмыстан босату мен ереуіл жүйелерін өзгерту.

Оның үстіне Афинаға қаржылық қолдау көрсетудің басты талабы бойынша, 50 млрд. еуро болатын грекиялық активтерді қаражатқа айналдыратын кредиторлардың қарауындағы арнайы қор құрылуы тиіс. Бұл дегеніміз - Грекияның байлығы кредиторлар алдындағы қарызды өтеу үшін сатылатын болады.

Оның орнына Грекия 82-ден 86 млрд. еуро көлемінде несие алады. Бұл ағымдағы дағдарыстан шығуға және елдің дефолттан аман қалуына жетуі тиіс.

Бейсенбі күні грек парламенті ұсынылған реформаларды құптады. Заң жобасын 228 депутат мақұлдаса, 64 депутат - қарсы болды, ал алтауы - қалыс қалды.

Бұның алдында Грекия премьер-министрі Алексис Ципрас парламентте сөз сөйлеп, депутаттардан аталған заң жобасын мақұлдауды, елдегі болып жатқан ахуалға жауапкершілік танытуды сұрады.

Брюссельде атап көрсетілгеніндей, бұл келісім Грекияға «Еуропа серіктестерінің қолдауымен бұрынғы жолға қайта түсуіне мүмкіндік береді». Ол сонымен бірге егер мемлекет еуроаймақтан шыққан жағдайдағы елдегі әлеуметтік, экономикалық және саяси дағдарыстың алдын алып отыр.

«Үлкен алтылық» пен Иран тарихи бітімге келді

Сейсенбі күні Венада Ұлыбритания, Германия, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция мемлекеттері енетін «алтылық» елдері ұзақ та ауыр келіссөздерден кейін Иранның ядролық саясатына қатысты мәселені шешуге бағытталған жалпы іс-шаралар жоспарын түбегейлі бекітті.

«Алтылық» пен Тегеран арасында көп жылдардан кейін қол қойылған келісім халықаралық қауымдастыққа Иранның ядролық бағдарламасы тек бейбіт мақсаттарға бағытталатынына сенімділік береді.

Бұл құжат негізгі мәтіннен және бес техникалық қосымшадан тұрады: ядролық бағдарлама, санкциялар, азаматтық ядролық ықпалдастық, бірлескен комиссия және келісімді жүзеге асыру.

Талаптар орындалған жағдайда Иранға қатысты БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің, сондай-ақ халықаралық және ұлттық санкциялар алынып, сауда-саттық, технологиялар, қаржы және энергетика салалары бойынша ықпалдастық жасасуға жол ашылады.

Еуроодақ сол күні Иран мұнайын сақтандыру және тасымалдау, импорттау, ирандық мұнай-химия өнімдерін сатып алу және оны тасымалдау, сонымен бірге Иран алтыны мен бағалы металлдарын саудалауға қатысты санкцияларды уақытша алып тастау жөніндегі режимді 2016 жылдың қаңтарына дейін созды.

Иран өз кезегінде бұл келісім елде ғылыми және экономикалық мүдделерге сай бейбіт ядролық энергетиканы дамытуға жол ашады деп есептейді.

БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун «алтылық» пен Тегеранның ортақ бітімге келуін үлкен ризашылықпен қабыл алды. Оның айтуынша, бұл келісім Таяу Шығыстағы көптеген мәселелердің шешілуіне ұйытқы болады.

«Мен Венада орын алған тарихи оқиғаны ыстық ықыласпен құптап отырмын және «5+1» тобы мен Иранды қол жеткізілген үлкен жетістікпен құттықтаймын. Осындай келіссөздер сұхбаттың маңыздылығын тағы бір рет көрсетіп отыр», - деді БҰҰ басшысы.

Памплонадағы бұқалар сайысы

Осы аптада Испанияда «Сан-Фермин» дәстүрлі бұқалар фестивалі өтті. Бір жұма бойы Испанияда концерттер, би кештері, театрландырылған көріністер мен мерекелік шаралар үздіксіз жүріп жатты.

Фестиваль сегіз ғасыр бойы жыл сайын Памплонада өтеді. Ол америкалық жазушы Эрнест Хэмингуэйдің романынан кейін қатты танымал болып кетті.

«Сан-Фермин» энсьерро - аласұрған бұқалардың көшелердің бойымен жүгіруі арқасында әлем халықтарының қызығушылығын тудырады. Жыл сайын жүз мыңдаған халық Памплона қаласының тар көшелеріне шығып, бұқалармен бірге 850 метрлік жүгіріске шығады.

Энсьерро кезінде ақ киім киіп шығады. Міндетті түрде мойынға және белге қызыл байлам байланады. Бұқаның табаны астында тапталып қалмас үшін, жолдың бойына ағаш тосқауылдар қойылады.

Бұл дәстүр 1591 жылдан бері келе жатыр. Ол кезде бұқаларды корридаға осылай көше бойымен айдап апаратын болған. Қазір ол батылдық шыңдаудың үлгісіне айналып кетті.

Көшеге кез келген адам шыға алады, бірінші кезекте арнайы киім үлгісінен тануға болатын коррида клубтарының мүшелері шығады, сонымен қатар туристердің де қатары өте көп болады.

«Сан-Фермин» фестивалінің ең қызық жері - коррида. Бұқалар тореодорлардың қолынан аренада өледі. Кешке қарай өлтірілген бұқалардың еті туристерге жергілікті мейрамханаларда беріледі.

Мұндай қауіпті фестивальде адамдар өте көп жарақаттанады. Адамдар бақилық болып кеткен кездер де аз емес. 1924 жылдан бері Памплонада бұқа мүйізінен 14 адам қаза тапты. Соңғы өліммен аяқталған оқиғалар 1995 жылы және 2009 жылы орын алды.

Соңғы жаңалықтар