ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Хула ауылында адамдар жаппай өлтіріліп, Сирия проблемасын реттеу тағы да тұйыққа тірелді

АСТАНА. 2 маусым. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде халықаралық қоғамдастықтың назары тағы да Сирия еліне ауды. Оған себеп Хомса қаласына тақау маңда орналасқан Хула ауылында мамырдың 25-26-сы күндері бейбіт тұрғындардың жаппай өлтірілуі орын алды.

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Хула ауылында адамдар жаппай өлтіріліп, Сирия проблемасын реттеу тағы да тұйыққа тірелді

Сол кезде кемінде 116 адам, оның ішінде 34 бала өлтіріліп, шамамен тағы да 300 адам түрлі дене жарақаттарын алған. Қазіргі уақытта белгілі болып отырғаны, олардың барлығы да араларында әйелдер, балалар және шал-кемпірлер бар ауылдың бейбіт тұрғындар екендігі.

Қайғылы оқиғалар орын алғаннан кейінгі алғашқы сәттерде-ақ Сириядағы БҰҰ халықаралық миссиясының басшысы Ричард Муд адамдардың өлуінің себебі ауыр артиллерия мен танкілерді қолданудан орын алғандығын жария еткен болатын. Сонымен қатар ол өлген адамдардың көпшілігіне жақын жерден оқ тигендігін, тіпті кейбірінде физикалық зорлық-зомбылық белгілерінің бар екендігін де жария еткен еді.

Осы қайғылы оқиғаға орай жексенбі күні БҰҰ қауіпсіздік кеңесі кезектен тыс шұғыл жиын өткізді. Барлық елдердің өкілдері Хула қаласында орын алған жайтты қатаң айыптап, бұл әрекеттерді арсыз қылмыс әрі халықаралық құқықтың адам төзгісіз бұзылуы деп бағалады. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Сирияның Хула елдімекенінде артиллерия мен танкілерді қолдануды айыптайтын қарар қабылдады. Бірақ та барлық жауапкершілікті Дамаскінің мойнына артуға Қытай мен Ресей өкілдері жол берген жоқ. Олар әріптестерін қорытынды шығаруға асықтай, тыңғылықты тергеу амалдарын жүргізуге шақырды.

Белгілі болып отырғаны, ресми Дамаск бұл жантүршігерлік оқиғаға өздерінің қатыстылығын жоққа шығарып, адамдарды өлтірудің бар жауапкершілігін исламшыл содырларға аударып отыр. Өз кезегінде Еркін сириялық армия маңына топтасқан оппозициялық күштердің өкілдері әлемдік қоғамдастықты сириялық билікке қарсы барынша белсенді, оның ішінде күш қолдану іс-әрекеттеріне баруға шақырды. Оппозицияның алға тартқан нұсқасы бойынша қаза тапқандардың бір бөлігі артилериялық атқылаудың салдарынан қаза тауып, ал қалғандарын режіммен ымыралас солдаттар атып тастаған.

Дегенмен де тәуелсіз сарапшылар оқиғаға қасақана арандату элементтерінің де қатысқандығын жоққа шығармайды. Елде оппозицияның бет-пердесін жамылған Әл-Кайда және басқа да экстремистік қозғалыстар өкілдерінің белсенді әрекет ететіндігі әрі олардың келешекте билікке келетін үкіметте Сирияның өңірлеріне бақылау жүргізуге ұмтылатындығы құпия емес. Сондықтан да сарапшылар біржақты шешім шығаруға асықпауға, тек халықаралық миссияның тергеу қорытындыларына топталуға шақырады

Қазіргі уақытта Сирияда БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Кофи Аннан ұсынған алты тармақты жоспарды орындау туралы Дамаскімен арада қол жеткізілген келісімдерге сәйкес  осы жылдың сәуірінде елге келген халықаралық байқаушылар жұмыс істеуде. Маусым айында миссияға қатысушылардың саны шамамен 300 маманды құрауы керек болатын. Дегенмен көпшіліктің пайымынша, К.Аннан миссиясы іс жүзінде күйреді. Оған оппозицияның үкіметтік әскермен қақтығыстарының жалғасуы дәлел бола алады.

Жұма, 1 маусым күні адамдардың жаппай өлтірілуімен байланысты оқиға БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңесінің талқылауына шығарылды. Қатысушы елдер өкілдерінің пікірсайысы қарар қабылдануымен аяқталды. Онда БҰҰ-ның халықаралық миссиясының жұмысын барынша кеңейтуге шақырылған. Сонымен қатар шұғыл арада Хула оқиғасына қатысты жан-жақты, тәуелсіз зертеу жүргізу, жасалған қылмысқа қатыстыларды анықтау және оларды жауапкершілікке тарту қажеттігі де аталып өтілген. 

Қарарға сәйкес Хуладағы адамдардың жаппай өлтірілуі адамзат баласына қарсы жасалған ең ауыр қылмыс ретінде жіктелуі мүмкін. Құжат 25-26 мамыр күндері орын алған адамдарды өлтіруге кінәлілерді қылмыстық іздестіруді санкциялады. Оны Кеңес құрамына кіретін  47 мемлекеттің 41-і мақұлдады. Ал Ресей, Қытай, Куба қарсы дауыс беріп, тағы екі мемлекет дауыс беруден қалыс қалды.  Басым дауыспен қабылданған қарарда «халықаралық, әділ, тәуелсіз және шұғыл тергеу» жүргізілуі тиістігі көрсетілген.

Бұған қоса Сириядағы қайғылы оқиғалар Батыс елдері мен ресейлік-қытайлық «әріптестік одағы» арасындағы «ымырасыз теке-тіресті» жандандырып жіберді.

АҚШ Президенті Барак Обама өз бағалауында Сириядағы ахуалды әлі де болса дипломатиялық жолмен реттеуге болатындығына сенімділік танытты. Дегенмен де бұған дейін АҚШ Мемлекеттік департаментінің басшысы Хилари Клинтон АҚШ-тың Сирия президенті Башар Асад пен оның жақтастарына қысым көрсету үшін барлық күш-жігерін жұмсайтындығын мәлім еткен болатын. Ол сондай-ақ Ресейді Б.Асад режімін қолдауды және де қару-жарақ жеткізуді доғаруға шақырған болатын. Х.Клинтон азаматтық соғыс алғышарттарының күшейіп кетуінде Мәскеудің  рөлі бар деп санайды.

Бұл ретте РФ президенті Владимир Путин өзінің соңғы түсіндірмелерінде Мәскеудің Б.Асадты да, оның қарсыластарын да жақтамайтындығын, «ең бастысы елде бейбітшілік орнауы» екендігін атап өткен болатын. РФ-нің түбегейлі ұстанымы: сирия халқы үшін мемлекеттік құрылым немесе ел басшылығы мәселесін ешкім де шеше алмайды, ал халықаралық санкция қолдану бейбіт диалог әлеуетін барынша нашарлатып жібереді.

Толықтай алғанда халықаралық байқаушылардың басым бөлігі Сирияның қазіргі басшылығының күні тақау қалғандығына сенімді. Мәселе тек режімнің ауысуына қандай сценарийдің дайын тұрғандығында ғана. Егерде ол Батыс елдері қаперге алып отырған йемен нұсқасы болса, онда Хуладағыдай қанды оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік мол. Ал егерде халықаралық қатысушылар ливиялық тәжірибеге сүйенетін болса, онда елде бір-біріне жаулық ниеттегі өңірлердің арасындағы азаматтық соғыс басталып, нәтижесінде ел құрдымға кетеді.