ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Индонезиядағы ұшақ апаты, Пәкістанда пойыздың көпірден құлауы және Филиппин жағалауындағы қайғылы оқиға
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан бұл аптада халықаралық қоғамдастықтың назары бірнеше қайғылы оқиғаларда болды. Сейсенбіде Индонезияда әскери-көліктік «Геркулес» ұшағы «Голден Элеван» қонақүйі ғимаратына құлады. Бейсенбіде Пәкістанда көпірдің опырылып түсуі салдарынан жолаушылар пойызының бірнеше вагоны өзенге құлады. Сол күні Филиппинде «Ким Нирвана» жолаушылар паромы суға батып кетті. Бұл қайғылы оқиғалардың барлығы кем дегенде 200 адамның өмірін қиды.
Индонезиядағы ұшақ апаты
Суматра аралының солтүстігіндегі Медан қаласында Индонезияның Hercules C-130 әскери-көлік ұшағының қонақүй мен тұрғын алаптарына құлауы салдарынан 100-ден астам адам ажал құшты.
Индонезияның Медан әскери базасынан ұшып шыққан әуе кемесі Танджунг-Пинанг қаласына бағыт алған. Ол кезекшілікті ауыстыру үшін әскери персонал мен олардың отбасы мүшелерін тасымалдаған көрінеді.
Куәгерлердің айтуынша, апатқа дейін ұшақ қаланың үстінде төмен биіктікте айналып ұшып жүрген. Сол уақытта оның бір қозғалтқышынан түтін шыққан екен. Кейіннен ұшақ жылдамдығын жоғалтып, жерге қарай күрт құлдилай бастады.
Белгілі болғандай, «Геркулес» бортында 12 экипаж мүшесі мен 110 әскери қызметкер, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері болған. Олардың ешқайсы аман қалмады. Мұнымен қоса, апат кезінде жерде болған кем дегенде тағы 19 адам ажал құшты.
Атап айтқанда, апат алдында экипаждың командирі қозғалтқыштың істен шыққанын хабарлаған көрінеді. Кейінен, ұшақ әуеге көтерілер алдында әуежайдағы антеннаны жанап өткендігі белгілі болды. Мамандардың айтуынша, осы жағдай қозғалтқыштың істен шығуына әсер етуі мүмкін. Индонезиялық әскерилер апат бойынша тергеу амалдарының қорытындысын екі аптадан кейін жариялауға уәде берді.
Айта кетерлігі, жұма күні әуе апатынан қаза болғандардың мәйітін жеткізу тиіс Индонезияның «Геркулес» C-130 әскери-көлік ұшағы техникалық себептермен Медан қаласының әуежайынан ұша алмаған.
Ұшар алдында оның электр желілері тұйықталып қалған екен. Оның бортында қаза болғандардың отбасы мүшелері, сондай-ақ апаттан ажал құшқандардың мәйіттері болды.
Осыған байланысты Индонезия әскерилері апат тергеуі аяқталғанша, барлық «Геркулес» типіндегі ұшақтардың әуеге көтерілуіне тыйым салды. Өз кезегінде ел президенті авиапаркті жаңартып, әскери шығыстарды көтеретіндігін атап өтті.
Пәкістандағы пойыз апаты
Бейсенбіде пәкістандық Гуджранвал округінде жолаушылар пойызының бірнеше вагоны көпірдің опырылуы салдарынан өзенге құлады. Апат кезінде онда бірнеше жүздеген жолаушылар болған.
Қайғылы оқиға темір жол құрамының Чанаван каналынан өту кезінде орын алды. Көпірдің тіреулері салмаққа шыдай алмай, опырылып кеткен. Апат салдарынан кем дегенде 17 адамның өмірі қиылды.
Оқиға орнына құтқару қызметтері бағытталып, оларға сонымен қатар жергілікті тұрғындар мен әскерилер көмек көрсетті. Құтқару шараларының арқасында 80 адамды аман алып қалу мүмкін болды.
Апатқа байланысты аталған бағытта қозғалысқа шектеу енгізілді. Елдің Премьер-министрі Наваз Шариф жарақат алғандарға барлық қажетті ресурстарды бөлу және темір жолдарды қалпына келтіру тапсырмаларын берді.
Сарапшылардың пайымынша, апат көпірдің тозуы нәтижесінде орын алды. Қазіргі кезде бұл оқиға бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр.
Филиппин жағалауындағы қайғылы оқиға
Бейсенбі таңертең 27 метрлік «Ким Нирвана» атты жолаушылар паромы филиппиндік архипелаг ауданында Ормок қаласынан Камотес аралына қарай бағытта суға батты. Оның бортында 189 адам болған екен. Кеме жағалаудан бірнеше жүздеген метр алыстағаннан кейін суға кеткен.
Құтқару шараларының барысында сүңгуірлер кеменің ішкі корпусына кіруге талпынғанымен, ауа райы жағдайы мен су түбінде лайдың салдарынан дұрыс көрінбеуі құтқару жұмысын қиындатып жіберді.
Белгілі болғандай, апат кезінде 141 адам құтқарылып, 42 жолаушы ажал құшты. Ал қалғандары із-түзсіз жоғалғандар санатына енгізілді. Алдын ала мәліметтер бойынша апатқа теңіздегі биік толқындар себеп болды.
Куәгерлердің айтуынша, шамадан тыс жүк тиелген паром оң жаңына жантая бастаған және осы кезде оны үлкен толқын басып қалған көрінеді. Осының салдарынан туындаған дүрбелеңде жолаушылардың барлығы қисайған жаққа қарай шоғырланып, бұдан кейін кеме аударылып қалды.
Алайда филиппиндік билік өкілдері бұл қайғылы оқиға бойынша адами фактор да орын алуы мүмкін екенін алға тартуда. Кеменің капитаны мен оның экипажын құқық қорғау органдары қамауға алған екен. Қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізілуде.
Филиппинде теңізде апат жиі орын алады. Олардың ең ірісі 1987 жылғы желтоқсанда жолаушылар кемесі мен мұнай құятын танкердің соқтығысуы салдарынан 4 мыңға жуық адам ажал құшқан болатын.