ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Иракқа бөліну қаупі төніп тұр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде Таяу Шығыстан шыққан лаң әлемдік қоғамдастықтың назарын өзіне аударды. Мәлім болып отырғандай, «Ирак пен Левантаның ислам мемлекеті» радикалды сүнниттер тобы содырларының маусым айынан бері күш алуы себепті Ирак үкімет елдің солтүстігі мен батысына жүргізіліп отырған бақылауынан айырылып қалған еді.
Қарулы экстремистер Ирактағы екінші ірі қала Мосулды, одан кейін Тикрит қаласын, сондай-ақ елдегі ең ірі мұнай өңдеу зауыты орналасқан Байджи шаһарын басып алған болатын. Бұдан бөлек, Сирия мен Иорданияның аумағы да исламшылардың бақылауына өткен еді. Өткен айдың соңында «Ирак пен Левантаның ислам мемлекеті» ислам халифатының құрылғанын жария етіп, атауын «Ислам мемлекеті» деп өзгертті.
Міне, осылайша елде орын алған қиын-қыстау заман салдарынан шамамен 1,2 млн. ирактық баспанасын тастап, бас сауғалап, босқынға айналды. Кейбір ақпараттарға қарағанда, содырлар бақылауына өткен аймақтарда саяси қарсыластар мен сүннит еместердің ізінен аңду басталған. Мемлекеттік қызметте істейтіндердің басым бөлігі содырлар тарабына өтіп отыр.
Ирак өңірлерінде «Ирак пен Левантаның ислам мемлекеті» содырларының күш алуы елдегі орталық биліктің әлсіздігі салдарынан екендігіне дау жоқ. Елдің Премьер-Министрі міндетін уақытша атқаратын Нури әл-Маликидің коалициясы сәуір айының соңында өткен парламенттік сайлауда жеңіске жеткеннен кейін кезекті үкімет құрамын жасақтауы тиіс еді. Алайда әлі күнге дейін елдің министрлер кабинетінің құрамы белгісіз болып отыр.
Жаңа министрлер кабинетінің басым бөлігін шиит өкілдері құрайтындығы күтілген. Ал сүнниттердің саяси болашаққа деген сенімі тағы да өше бастаған еді. Бұл өз кезегінде сүнниттер басым тұратын елдің солтүстік батыс өңірлерінде биліктің тез арада жеңіліске ұшырауына түрткі болды.
АҚШ пен басқа да бірқатар елдер Нури әл-Маликиді сүнниттерді қоса алғанда барлық діни этникалық топтардың өкілдерінен жасақталған үкімет құруға шақырған болатын. Бірақ, премьер мұндай ұсынысқа құлақ аспады.
Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктері сынды АҚШ-тың өңірлік серіктестері Вашингтонның қазіргі премьерге қолдау көрсетуін доғаруын ұзақ уақыттан бері талап етіп келеді. Бүгінгі таңдағы ахуал өңірдегі өзіндік басымдықты жүзеге асыру үшін туындап отырған мүмкіндікті барынша пайдалануды мақсат еткен парсылық монархтардың мүддесіне сай келіп тұр.
Толықтай алғанда, қазіргі дағдарыстың аяқ алысына Вашингтонтың көзқарасы біршама өзгергенге ұқсайды. Вашингтонның пайымынша, әл-Малики сүнниттермен ымыраға келуге қол жеткізе алмайды әрі елдегі саяси ахуалды тұрақтандыруға да қауқарсыз. Яғни, АҚШ әл-Маликиді Ирактағы шииттерді ғана қолдап отыр және де елді біріктіруге бағытталған қандай да бір қадамға баруға құлықсыз деп айыптауда. Сол себепті ресми Бағдаттың әскери көмек сұрауына мардымды жауап та болмай отыр.
Ирактағы саяси ахуалдың күрделене түсуі бірқатар жаңа мәселелердің «құлағын» қылтитып тұрғаны белгілі. Бүгінгі таңда елдің екі не болмаса одан да көп тәуелсіз мемлекеттерге бөлшектену мүмкіндігі жайында сөз кеңінен қозғалуда. Мәселен, осы аптаның басында ирак күрдтерінің саяси көшбасшысы Масуд Барзани тәуелсіз ирактық Күрдістан мемлекетін құру туралы референдум өткізуге ниетті екендігін жария етті. Оны айтуынша, Ирак іс жүзінде бөлшектеніп кетті және мұндай жағдайда ұлттық идеяны жасырудың еш мәні жоқ. Бұған қоса, ол күрдтердің ирак дағдарысын бейбіт жолмен шешу үшін қолұшын беруге дайын екендігін де баса айтып отыр.
Халықаралық қоғамдықтық пен оппозиция тарабынан қысымның орын алуына қарамастан әл-Малики күні кеше ғана үкіметтің жаңа құрамында үшінші мерзімге қалу үшін күресетіндігін мәлім етті.
Міне, осылайша Ирактағы саяси дағдарысты реттеудің болашағы күннен-күнге бұлыңғыр тартып барады. Ал оны реттеуде жекелеген саясаткерлер мен топтардың конъюнктуралық мүддесі көп жағдайда тәуелді екендігі айтпаса да түсінікті.