ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Иран санкцияларды жоюға әзірленуде. Келіссөздер жалғасып жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан аптадағы әлемдік саяси оқиғалардың бірі ретінде Иран ядролық бағдарламасына қатысты жағдайды айтуға болады.

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Иран санкцияларды жоюға әзірленуде. Келіссөздер жалғасып жатыр

Айта кетейік, өткен аптаның соңында Иран президенті Хасан Рухани ұлттық телевизия арқылы сөз сөйлеп, Тегеранның халықаралық делдалдардың алтылығымен (АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Қытай, Франция, Германия) уранды байыту бойынша жұмыстарының одан әрі жалғасуы туралы келісімге келгенін айтқан болатын. Оның айтуынша, Иранға салынған санкциялар алынып тасталады, ал ел бейбіт атомды одан әрі дамыта береді.

Иран көшбасшысының мәлімдемесі Венада дүйсенбі күні басталған Иран мен «алтылық» келіссөздерінің бесінші кезеңі қарсаңында жарияланған болатын. Аталмыш консультациялар өткен жылдың қарашасында қол жеткізілген келісімдер шеңберінде өткізілуде. Ол кезде Иран мен делдал елдер Женевада алты айға арналған аралық келісімді мақұлдаған еді. Келісім бойынша Тегеран осы уақыт аралығында уранды байыту жұмыстарын 20 пайызға азайтуға міндеттенген-ді.

Айта кетейік, АҚШ Иранға банкаралық қызметке, құрылғылар жеткізуге, несие алуға, ал Еуроодақ тауарайналымына, қаржы саласына, энергетикалық секторда және Иранға технология экспорттауға тыйым салған болатын. Шектеулер пакеті Иранның әлеуметтік-экономикалық өміріне, халықтың тұрмыс деңгейіне кері әсер етуде. Сондай-ақ, Иранның әлемдік экономикаға интеграциялануын бәсеңдетіп, көрші елдермен сауда-экономикалық қарым-қатынаса орнатуға қолбайлау болуда.

Бұл келіссөздердің басты мақсаты Иран ядролық бағдарламасының тек қана бейбіт мақсатта өрбитініне кепілдік беретін келісім әзірлеп, артынша барлық халықаралық санкцияларды жоюға негіз болу.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Иран мен «алтылық» болашақ «ядролық келісімнің» шеңберін сызды деуге толық негіз бар. Бұл кездесулердің соңы емес, 2-20 шілде аралығында келіссөздердің 6 кезеңі болады деп жоспарлануда.

Болашақ келісім жобасы бойынша нақты консенсусқа қол жеткізу мүмкін болмады. Бүгінде «иран досьесінде» екі негізгі мәселе қарастырылуда. ГФР СІМ басшысы Франк-Вальтер Штайнмайердің мәлімдеуінше, келіссөздердің бұдан әрі дамуына Арак қаласында ауыр судағы реактор мәселесі бойынша, сондай-ақ, уранды одан әрі дамыту мәселесі төңірегіндегі алауыздықтың сақталуы кедергі келтіріп отыр. Оның сөздерінен бұл мәселелер бойынша біржақты келісімге келу өте қиын екенін ұғуға болады.

Тағы бір күрделі мәселе ретінде әлі де болса нақты бет-бейнесі анықтала қоймаған болашақ келісімді жүзеге асырудың тәжірибелік механизмдерін атау қажет.

Келіссөздердің қатысушылары оның қорытындыларына біржақты қараған жоқ. Франция СІМ-нің саяси директоры Николя де Ривьердің атап өтуінше, Иран «алтылықпен» келіссөздер барысында ешқандай маңызды жетістікке жетпеді. Дегенмен, қытайлық делегация басшысы, ҚХР СІМ саяси директоры Ван Цуннің ойынша, бесінші кезеңнің қорытындысы бойынша тараптар болашақ келісімнің шеңберін белгілеп алды, ал мұны алдағы іс-қимыл аумағын белгілеп беретін үлкен жетістік деп атауға болады.

Қорыта айтқанда, араағайын «алтылық» пен Иран арасындағы ядролық бағдарламаның болашағы туралы келіссөздері 2 шілде күні қайта жанданады. Дәл осы кездесуде Иранға қатысты санкциялар мен болашақ бағдарламасы туралы соңғы шешім шығарылмақ.