ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: «Ислам мемлекеті» содырлары баға жетпес көне жәдігерлерді талқандауда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде киносүйер қауым «Оскар» сыйлығын табыс етуге арналған 87-ші салтанатты шараны жіті тамашалап, мексикалық режиссер Алехандро Гонсалес Иньяритудің «Бердмэн» туындысының жылдың үздік картинасы атануына куә болды. Сонымен қатар осы аптада «Ислам мемлекеті» тобы содырларының Ирактың солтүстігіндегі Мосул қаласындағы музейде көне жәдігерлерді талқандауы бейнелеген бейнежазба ғаламторды шарлап кетті.

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: «Ислам мемлекеті» содырлары баға жетпес көне жәдігерлерді талқандауда

«Оскар» сыйлығын табыс етуге арналған 87-ші шара

Өткен жексенбіде әлемдік қоғамдастық кинематография саласындағы басты оқиғалардың бірі Лос-Анджелесте «Оскар» сыйлығын табыс етудің 87-ші салтанатты шарасын тамашалады. Ағымдағы жылы шоуды танымал американдық актер, әнші әрі сиқыршы Нил Патрик Харрис жүргізді. Есте болса, ол өткен жылы «Тони» сыйлығын табыс ету шарасын, сонымен бірге 2 рет «Эмми» телевизиялық сыйлығын табыстау салтанатын жүргізген болатын. Көпшілік күткендей, жылдың үздік фильмі болып мексикандық режиссер Алехандро Гонсалес Иньяритудің «Бердмэн» туындысы танылды. Мексикалық «Долби» кинотеатрының сахнасына 3 мәрте көтеріліп, үздік режиссура, бірегей сценарий аталымдарында да «Оскар» сыйлығын иеленді.

Жылдың үздік актері «Вселенная Стивена Хокинга» фильмінде басты рөлді сомдаған Эдди Редмэйн атанса, үздік актриса аталымында «Все еще Элис» картинасына түскен Джулианна Мур жеңіске жетті.

Екінші жоспардағы үздік рөлді орындағаны үшін берілетін сыйлық Джей Кей Симонс («Одержимость») пен Патрисия Аркет («Отрочество») табысталды.

Ал «Үздік деректі фильм» аталымында режиссер Лора Пойтрастың АҚШ барлау қызметінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуденге арналған «Гражданин четыре» атты жұмысы үздік деп танылды.

Ағымдағы жылы «Үздік толық метражды мультфильм» аталымын іріктеуде тосын жайттар орын алды десек те болады. Өйткені, алдын ала болжамдар қиыс кетіп, бұл санаттағы бас жүлде Walt Disney Animation Studios түсірген «Город героев» мультфильміне берілді. Ал «Үздік қысқа метражды мультфильм» аталымында адам мен иттің достығы жайында сыр шертетін «Пир» туындысы «Оскар» сыйлығын алды.

«Сельма» фильмінде орындалған Мартен Лютер Кинг жайындағы «Глория» әні алтын мүсіншеге ие болса, үздік шетелдік фильм аталымында поляк режиссері Павл Павликовскийдің «Ида» туындысы «Оскар» сыйлығына лайық деп танылды.

«Ислам мемлекеті» содырлары көне жәдігерлердің талқанын шығарды

Бейсенбі күні «Ислам мемлекеті» тобы содырларының Ирактың солтүстігіндегі Мосул қаласындағы музейде көне жәдігерлерді талқандауы бейнелеген бейнежазба ғаламторды шарлап кетті.

Бейнежазбада жиһадшылар көне мүсінді жерге құлатып, оны балға мен дрельдің көмегімен күл-талқанын шығарды. Аталған жәдігер біздің ғасырымызға дейінгі IX-VII ғасырға тиесілі Ассирия дәуірінің құнды ескерткіші болатын әрі ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне де алынған еді. Талқанданған жәдігерлер қатарында адам бейінді қанатты бұқа - Шеду бейнеленген біздің дәуірімізге дейінгі IX ғасырдағы баға жетпес шумерлік дәуірге тиесілі мүсін де бар. Аталған музейдегі коллекциялармен жете таныс мамандардың айтуынша, бұдан бөлек осыдан 3 мың бұрын жасалған мүсіндер де талқандалған.

Таратылған бейне материалда талқандалған жәдігерлер «жалған пұттар» екендігі айтылып, сол үшін радикалдар олардың көздерін құртқандығы жан-жақты баяндалған. Ал мамандар олардың тұпнұсқа жәдігерлер екендігін әрі әлемдік мәдениет орны толмас шығынға ұшырағандығын айтып, қынжылыс білдіруде.

Айта кетерлігі, «Ислам мемлекеті» бақылауына көшкен аймақта шамамен 2 мың археологиялық ескерткіш бар. Олардың қатарындағы бірегей құнды кітаптарды жиһадшылар Илам іліміне қайшы келеді деген сылтаумен жойып та жіберген. Мәселен, олар Мосул қаласының Орталық кітапханасын және Мосул университетінің кітапханасын тонап, өртеп жіберген. 10 мыңға жуық том кітап жойылған. Олардың қатарында мәдениетке, философияға, араб тарихына қатысты өте сирек кездесетін кітаптар мен жүздеген манускрипттер бар.

Дегенмен де, бірқатар батыс бұқаралық ақпарат құралдарының ақпаратына қарағанда Сирия мен Ирактан заңсыз шығарылған жәдігерлер еуропалық және азиялық елдерде өтетін аукциондарда саудаға түсіп отырады. Ал сатылымнан түскен қаржы лаңкестік іс-қимылдарды қаржыландыруға жұмсалуда.