ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: «Ислам» содырлары тағы бір тұтқынды өлтірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада ғаламшар тұрғындары күннен алған энергия арқылы ұшатын Solar Impulse 2 ұшағының жершарын айнала ұшу сапарының басталуын жіті назарда ұстады. Жаңаратын энергия көзін пайдаланатын әуе кемесі бастапқы кезеңде-ақ күн батареясымен ұшатын техникалардың барлығының рекордын жаңартты десек артық емес. Соынмен қатар осы аптада әлем жұртшылығының жағасын ұстатқан оқиға да орын алды. Сейсенбі күнгі «Ислам мемлекеті» тобы содырлары 10-13 жастағы жеткіншектің исламшылардың кезекті тұтқынын өлтіру сәті бейнеленген бейне жазбаны ғаламтор арқылы таратты.
Күн батареясынан қуат алатын ұшақ сапарға шықты
Дүйсенбі күні таңертең ұшу үшін Күн энергиясын пайдаланатын Solar Impulse 2 ұшағы тарихта алғаш рет жершарын бес айлық айнала ұшу сапарына шықты. Ұйымдастырушылардың жоспарына сәйкес, ұшақ 35 мың шақырым жол жүреді әрі 12 мәрте жерге қонады.
Бір орындық ұшақты швейцарлық өнертапқыштар Андре Боршберг пен Бертран Пикар кезектесіп басқармақ.
Андре Боршберг - инженер білімін алған әрі әскери ұшқыш. Дегенмен ол өзінің дәулетін интернет-технология арқылы жинаған. Ал Бертран Пикар болса әуе саяхатына жиі шығумен танымал болған жан. Ол 1999 жылы әуе шарымен Жер шарын еш жерге қонбастан айналып шыққан болатын.
Алғашқы кезеңде ұшақ Әбу-Дабиден Оман астанасы Маскат қаласына 13 сағаттан астам уақытта келіп қонды. Келесі күні ұшақтың техникалық тексеруден өтіп, Үндістанның Ахмедабад қаласына қарай бет алды.
Шамамен 16 сағаттан кейін 1465 шақырым жолды еңсерген ұшақ діттеген жерге аман-есен келіп қондық. Айта кетерлігі, Solar Impulse 2 ұшағы бұған дейінгі Күн батареясымен ұшатын Solar Impulse 1 ұшағының рекордын жаңартты. Есте болса, 2013 жылы аталған ұшақ 1386 шақырым жолды еңсерген болатын.
Үндістаннан кейін ұшақ жоспарға сәйкес Мьянма мен Қытайға аттануы тиіс. Одан кейін Solar Impulse 2 Гавай аралдарына бір тұрақтап, одан кейін Тынық мұхитын кесіп өтіп, Финикс пен Нью-Йоркке аялдауы керек. Одан кейін Атлант мұхиты ұшымен қалықтап өткен ұшақ Оңтүстік Еуропаға не Солтүстік Африкаға аялдап, одан кейін Әбу-Дабиге оралуы қажет.
Solar Impulse 2 ұшағын француздық Dassault Systеmes компаниясы жобалаған. Қанатының ұзындығы 72 метр, салмағы 2,3 тоннаға жетеді. Қанаты 17,2 мың күн сәулесінен энергия алатын ұяшықтармен жабдықталған. Ұшақ сағатына 140 шақырымды еңсеруге қауқарлы.
Күн энергиясынан қуат алатын ұшақтың әуеде ең ұзақ қалықтауы 2010 жылдың 7 сәуірінде тіркелген еді. Ол кезде Solar Impulse 1 ұшағы әуеде шамамен 75 минут болған.
Екі жылдан кейін ұшу аппараты Швейцариядан Мароккоға дейін алғашқы құрылықаралық сапарын жүзеге асырды. Екі кезеңмен өткен ұшу барысында ұшақ 2,5 мың шақырым жолды еңсерді.
Айта кетерлігі, Solar Impulse 2 ұшағының жершарын айнала ұшу сапары сәтті болады деп айта қою қиын қиын. Өйткені, сын-қатер өте көп. Әрине, ұшақ іс жүзінде күндіз-түні әуеде бола алады. Өйткені, күндіз күннен алынған энергия конденсатор жүйесінде жинақталады, ал оны түнде қолдануға болады. Дегенмен, ауа райы құбылмалы күндерде ұшқыштарға қатерлі сапарға шығуға болмайды. Осыған орай, ұшақтың жерге қонбастан әуе қалықтай алатындығына қарамастан жер шарын айнала ұшу сапарын бірнеше аптаға созып отыр.
Айта кетерлігі, егер ұшақ Тынық не Атлант мұхитын кесіп өтіп бара жатқанда тосыннан апатқа ұшырар болса, ұшқыш ұшақты тастап шығуға мәжбүр болады және сол төңіректе жүрген кемелердің бірінің келіп құтқаруын күтеді.
«Ислам мемлекеті» содырлары кезекті кепілді өлім жазасына кесті
Сейсенбі күнгі «Ислам мемлекеті» тобының содырлары 10-13 жастағы жеткіншектің исламшылардың кезекті тұтқынын өлтіру сәті бейнеленген бейне жазбаны ғаламтор арқылы таратты.
Бейнежазбада әскери киім киген бала мен «Ислам мемлекеті» тобының содыры бейнеленген. Олардың алдында өзін Мохаммед Муссалам деп таныстырған сарғылт киімдегі азамат тізерлеп отыр.
Тұтқын өзін Израильдің Моссад арнайы қызметі жалдағандығын мойындайды. Ол «Ислам мемлекеті» содырларына израильдің барлау қызметіне джихадшылардың қару-жарақ қоймасы, базалары және палестиндік жалдамалылар туралы ақпарат беру үшін қосылған.
Оның атап өтуінше, Моссадпен ынтымақтаса жұмыс істеуге әкесі мен ағасы көндірген. Осыдан кейін француз тілінде сөйлеген «Ислам мемлекеті» тобының содыры Израильде және Еуропада тұратын еврейлерге қоқан-лоққы жасайды.
Келесі кадрларда Мусалламның айдалада отырғаны және баланың тұтқынның басына, одан кейін мүрдесіне үш мәрте оқ атқаны бейнеленген.
Израиль қауіпсіздік қызметінің ресми өкілдері аталған бейнематериалмен таныс екендігін мәлімдеп отыр. Дегенмен, Мусалламның еврейлік арнайы қызметке жұмыс істегендігі жайында еш түсініктеме берер емес. Моссад мәліметтеріне сәйкес, Мусаллам 2014 жылдың қазанында «Ислам мемлекеті» содырлары қатарында күресу үшін Сирияға барған.
Мохамед Мусалламның ата-анасы болса баласының Израильдің арнайы қызметте жұмыс істегендігін жоққа шығарып отыр. Әкесінің айтуынша, ұлдары осыдан бірнеше ай бұрын Түркияға сапарлап, содан із-түссіз жоғалған. Оның пайымынша, содырлар ұлдарын шпиондық жасағандығы туралы мәжбүрлеп айтқызған.
Израиль бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, өлім жазасына кесілген тұтқын Шығыс Иерусалимде тұрған. Осы жерде мектеп бітіріп, кейіннен өрт сөндіруші болып жұмыс істеген. Ал өткен жылдың соңында ата-анасына өзінің шахид болатындығын хат арқылы хабарлап, үйінен кетіп қалған.
Айта кетерлігі, «Ислам мемлекеті» содырларының балалардың қолынан тұтқындардың өлім жазасына кесілгендігі бейнеленген бейне материалды таратуы осы ғана емес. Ағымдағы жылдың қаңтарында содырлар шамамен 10 жастағы баланың өздерін Ресей Федералды қауіпсіздік қызметкері ретінде таныстырған 2 азаматты өлім жазасына кесуі бейнеленген бейне материалды жария еткен болатын.