ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Израиль мен Палестина - бітімгершілік мүмкіндігі ме әлде кезекті ұрыс алдындағы солығын басу ма?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы апта Таяу Шығыстағы тұрақтылықты қайта қалпына келтіруге бағытталған қадамдармен сырғып бара жатыр. Яғни, дүниені дүрбелеңге салған бұл өңірдегі аласапыран кезең аяқталып, тыныштық орнайтын түр танытып тұр. Бірақ, алдағы күнді болжау қиын, текетіресуші тараптардың тосыннан ши шығарып, бір-бірін зымыран соққысының астына алу ықтималдығы да бар екендігі жасырын емес. Иә, бүгінде барша әлемдік қауымдастықтың назары Газа секторындағы ахуалға, Израиль армиясы мен палестиндік тұрғындар арасындағы үздіксіз жүргізіліп келген ұрыс амалдарына ауғаны сөзсіз.

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Израиль мен Палестина - бітімгершілік мүмкіндігі ме әлде кезекті ұрыс алдындағы солығын басу ма?

Есте болса, ағымдағы жылдың маусымында еврейлердің діни мектебінің үш оқушысы ұрланып, артынан өлтірілген еді. Олардың мүрделері табылып, қара жер қойнына берілгеннен кейін Иерусалимнің шығысында палестиналық жасөспірімнің жанып кеткен мүрдесі табылғаны есте. Осыдан кейін Израиль тарапы жасөпірімдердің ұрлануына палестиналық ХАМАС ұйымын айыптаса, келесі тарап мұндай күнәден таза екендіктерін айтып, ақталған-ды. Бірақ, бұл тек айыптаулар деңгейінде ғана қалып қоймай екі тарап та бір-бірін ай бойы зымыран соққысының астына алды. Шілденің 17-сі күні Израиль билігі ХАМАС қозғалысына қарсы бағытталған «Берік жартас» операциясын бастап жіберді. Операцияның мақсаты - палестиндік содырлар Израиль аумағына шабуыл жасау үшін пайдаланып келген Газа секторы мен Мысыр және Израиль арасындағы жер асты жолын жою.

Бұл ұрыс амалдары барысында Израиль тарапы барлық күш-қуатын сарқа пайдалану үстінде. Операцияға жаяу әскер бөлімшелері, инженерлік, сауытты танк әскерлері, сонымен бірге авиация мен әскери флот та тартылған. Қазіргі уақытта жерүсті ұрыстары Газа секторының Бейт-Ханун аймағында, аль-Бурейдж босқындар лагері тұсында және Хан-Юнис қаласында жүруде.

Бүгінгі таңда Газа секторындағы соғыс салдарынан палестиндік тараптан 797 адам өлді. Олардың кемінде 200-і - балалар, 75-і әйелдер және 40-ы қарттар. Жараланған тұрғындардың саны 5 мыңнан асып жығылады. Ал Израиль тарабынан 32 әскери қызметші оққа ұшса, 1-еуі із-түсіз жоғалғандар санатында, бейбіт тұрғындар қатарынан қаза тапқандар 3 адам.

Қазіргі уақытта Біріккен Ұлттар Ұйымы Израильді Газа секторының бейбіт тұрғындарын қорғауға бағытталған нақты шаралар қабылдамағандығын көзге шұқып көрсетіп отыр. Мәселен, таяуда ғана БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғары комиссары Нави Пиллай Израиль армиясының Газа секторындағы содырларға қарсы ауқымды операция жүргізу арқылы соңғы 2 апта ішінде әскери қылмыс жасағандығын жоққа шығармайтындығын мәлімдеген еді. Пиллайдың сөзіне қарағанда, БҰҰ сарапшылары Израильдің бейбіт халықты қорғау үшін Газа секторына шабуылдау шараларын қабылдағандығына күдік келтіруде. «Өткен аптада Газадағы жағажайда 7 баланың өлімі израильдік әскерилердің кінәсін қуаттайтын айғақ болуы мүмкін», - деді ол. Бұған қоса, ол ХАМАС тарапының бейбіт израильдіктердің ажалына себепкер болған зымыран соққысын айыптаған еді. Ал Израильдің БҰҰ жанындағы өкілі жоғары комиссардың бұл сөзін «жете ойластырылмаған мәлімдеме» деп бағалайтындығын айтқан еді.

Осы бейсенбі күні БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңесі Газа секторындағы Израильдің іс-қимылын тергеуді бастауға жақтап дауыс берді. Халықаралық ұйымның мәліметтерінше, израильдік тараптың әскери қылмыс жасағандығын көрсететін фактілер бар.

Газа секторындағы жерүсті операциясы барысында израильдік тараптың асыра сілтеушілікке бой алдырғандығын Ресей, Франция, Мысыр, Иран, Бразилия, Аргентина және басқа да мемлекеттер айыптауда. Сонымен бірге Израильдің әскери операциялар жүргізуіне наразылық шаралары Нью-Йорк, Лондон, Париж, тіпті Тель-Авивтің де көшелерінде өтті.

Дегенмен бүгін жанжалдасушы тараптар уақытша бітімгершілікке келді. Яғни, бітімгершілік сенбі күні таңертең, жергілікті уақытпен сағат 8.00-ден (5.00 Гринвич уақытымен) басталады. Айта кетерлігі, бұдан бұрын Израиль министрлер кабинетінің күш құрылымдары АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керридің Газа секторында атысты одан да ұзақ уақытқа тоқтата тұру туралы ұсынысын қабылдамай тастаған еді. Ол кезде Д.Керри Израиль мен ХАМАС ислам тобын 18 күнге бітімгершілікке келу туралы ұсыныс айтқан болатын. Айтпақшы, таяу аралықта Францияда көптеген араағайын мемлекеттің сыртқы істер министрлерінің қатысуымен кездесу өтпек. Онда жиынға қатысушылар соғысушы тараптарды ұзақмерзімді бітімгершілікке көндіруге қатысты ұсыныстарын ортаға салмақ.