ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Қазан қаласындағы XXVII Дүниежүзілік жазғы Универсиада - жеңістер мен рекордтар маусымы

МӘСКЕУ. 13 шілде. ҚазАқпарат - Өткен аптада әлемді елең еткізген оқиғалардың бірі Қазан қаласындағы XXVII Дүниежүзілік жазғы Универсиада болды.
None
None

6 шілдеде басталған Универсиада 17 шілдеге дейін жалғасады. Ол қазіргі Ресейдегі алғашқы Универсиада және жалпы алғанда, көптен күткен мультиспорттық шара. Бұған дейін Дүниежүзілік жазғы Универсиада Мәскеуде 1973 жылы болған еді.

Қазан Универсиадасының бойтұмары ретінде Татарстанның ұлттық рәмізі - Юни қар барысының аланы таңдалып алынған. Ал логотипінде бес құрлықтың олимпиадалық түстерімен көмкерілген, жұлдыздармен безендірілген қызғалдақ бейнеленген. Астына «U are the World» деген 2013 жылғы Универсиаданың ұраны жазылған. Бұл тіркесті екі мағынада түсіндіруге болады: «Сен - әлемсің» және «Универсиада - бұл бүтін әлем».

Қалада арнайы Универсиада үшін 30-дан астам спорттық ғимараттар салынған. Бүгінде солардың барлығында қызу бәсекелестікке толы спорттық шаралар өтуде. Бір қызығы, Қазан қаласы жазғы Универсиадалар өткен астаналардың ең солтүстікте орналасқаны болып шықты.

Тарихта тұңғыш рет Универсиада бағдарламасына 27 спорт түрі енгізілді. Олардың 13-і міндетті, 14-і қосымша спорт түрлері. Осы 14-тің ішінде 5 спорт түрі тұңғыш рет енгізіліп отыр. Міндетті 13 спорт түріне жеңіл атлетика, баскетбол, семсерлесу, футбол, спорттық гимнастика, көркем гимнастика, дзюдо, жүзу, суға секіру, су добы, үстел теннисі, теннис және волейбол кіреді.

Ал қосымшалардың қатарына бокс, нысана ату, синхронды жүзу, академиялық есу, байдарка мен каноэда есу, самбо, спорттық күрес, белбеумен күресу, шахмат, ауыр атлетика, регби-7, көгалдағы хоккей, бадминтон, жағажай волейболы сияқты спорт түрлері енді.

Универсиада-2013-ке әлемнің 162 елінен 12 мыңнан астам спортшы қатысуда. Ең үлкен команда ретінде құрамында 663 спортшысы бар Ресей танылып отыр.

Сайыстар өтетін 2 аптада 351 медаль кешені сарапқа салынады. Барлығы 3014 медаль жасалған. Жарыстарды 2297 төреші бағалайды, ал олардың жартысынан көбі - ресейліктер.

Ресей тарапы аталған спорт додасын өздері үшін ғана емес, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтары үшін де ұмытылмастай етіп өткізбек ниетінде. Мәселен олардың ұйымдастыруымен «Мәдени Универсиада» атты жоба аясында өнер мерекесі мен салт-дәстүр фестивальдері ұйымдастырылуда. Мұндай шаралар Дүниежүзілік студенттік ойындар кезінде тұңғыш рет өткізіліп отыр деп айтуға болады. Ойындар кезінде Қазан тұрғындары мен қонақтары Ресей халықтарының бай мәдениетін қонақтарға көрсетіп қана қоймай, өздері де әр елдің қазіргі заманғы мәдениетімен кеңінен танысуға мүмкіндік алады.

Қазан Универсиадаға 2008 жылдан бері дайындалды. Барлық ұйымдастыру және өткізу жұмыстарына 7,6 млрд. доллары жұмсалған көрінеді. Ал шараның ашылу және жабылу салтанаттары өтетін Kazan-Arena стадионын салу үшін 516 млн. доллар жұмсалған.

Құрамында 134 спортшысы бар Қазақстан құрамасы спорттың 14 түрі бойынша бақ таластыруда. Бүгінгі көрсеткіш бойынша еліміз әзірге 14-орынға табан тіреп тұр. Отандастарымыз жеңіл және ауыр атлетикадан 2 алтын медаль, 7 күміс (бокс, белбеумен күрес, семсерлесу, ауыр атлетика), сондай-ақ 5 қола медаль ұтып алды.

Соңғы жаңалықтар