ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Қажылар арасында қауіпсіздік шараларын сақтау жұмыстары күшейтілді
Мина жазығындағы қайғылы оқиға
Бейсенбі таңертең мұсылмандар үшін киелі қала Меккеден бірнеше шақырым жерде орналасқан Мина жазығында мұсылмандардың Құрбан айт мерекесінің құрметіне оқылған намазға көптеген елдерден келген жүздеген мың қажы жиналды.
Жергілікті уақыт бойынша 9:00 кезінде қажылық парызын өтеушілер Минада шатырларға орналасқаннан кейін шайтанға тас лақтыру үшін бағыт алған. Алайда, парызын өтеушілердің бір бөлігі бекітілген күнтәртіпті елемей, намазға ерте шыққан көрінеді.
Осының салдарынан жаяу жүргіншілердің Жамарат көпірі маңындағы 204-ші және 223-ші көшелердің қиылысында жиналған жұрттың қарасы көбейіп, соның кесірінен туындаған кептелістен көптеген адамдар жерге құлаған екен. Нәтижесінде, кем деген 717 адам қаза тауып, жарақат алғандар саны 863-ке жетті.
Сауд Арабиясының королі Салман бен Әбдел Әзиз Әл Сауд жүздеген мұсылман кептелістен көз жұмғаннан кейін қажылық парызын өтеу ережелерін қайта қарайтыны туралы мәлім етті. Король қажылыққа келгендердің қауіпсіздігі үшін ұйымдастыру шарасын жақсарту керек деген пікірге келген.
Өз кезегінде билік тарапы қажылыққа келгендердің барлығына алдын ала бірнеше тілде күнтәртіп кестесі таратылғанын, осыған сәйкес, топтар діни рәсімдерді жасау үшін кезекпен жылжуы тиіс екенін алға тартуда.
Сауд Арабиясының билігі әзірге қаза болғандардың азаматтығы жайында толық мәлімет таратқан жоқ, бірақ Қазақстан Қажылық Миссиясы орын алған қайғылы оқиға арасында қазақстандықтар жоқ екенін мәлімдеді.
«Қазір Қазақстан қажыларына қызмет етіп жатқан компания жетекшілерінен шұғыл мәлімет алынды. Алдын ала мәліметтер бойынша, зардап шеккендер арасында жерлестеріміз жоқ екенін мәлімдейміз. Сол сәтте біздің қажылар Жамарат көпіріне өзге жолмен жүрген. Осыған орай, отандастарымызды алаңдамауға шақырамыз. ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының шұғыл тапсырмасына орай, қажылар арасында түсіндіру, қауіпсіздік шараларын сақтау жұмыстары күшейтілді», - деп хабарлады Қазақстан Қажылық Миссиясының төрағасы Ғылымбек Мәжиев.
Йемен мешітіндегі жарылыстар
Йемен астанасы Сана қаласында Құрбан айт мерекесінің құрметіне оқылған намаз кезінде екі жарылыс болды. Шетел бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, жарылғыш құралдар полиция академиясының маңында орналасқан әл-Балили мешітінде іске қосылған.
Жергілікті биліктің мәліметіне қарағанда, мешіттің кіреберісіндегі тексерістен өту үшін қылмыскерлер жарылғыш заттарды аяқ киімге және ішкі киімдерге жасырған екен.
Куәгелердің айтуынша, бірінші жарылыс әл-Балили мешітінің ішінде намаз кезінде орын алған. Бірнеше минуттан кейін лаңкес-жанкешті ғимаратқа кіреберісте жарылғыш құрылғы бекітілген белдігін іске қосқан. Екінші жарылыстың күштілігінен туындаған толқын мешіттің ауыр үлкен есіктерін жұлып түсірген.
«Адамдар намаз бөлмесінен шығуға талпынған уақытта жанкешті мешіттің ішіне кіруге тырысқан. Алайда оны қақпа алдында күзет қызметкерлері тоқтатқан екен және сол кезде ол өзін жарып жіберген», -деді мешіттің қауіпсіздік қызметінің басшысы Аднан Халед.
Сонымен қатар ол осы қайғылы оқиғадан кейін мешіт қызметкерлері шабуылдаушылар іске қоса алмай қалған тағы екі жарылғыш құралдарды анықтағанын жеткізді.
Жарылыс салдарынан кем дегенде 29 адам көз жұмды және бірнеше ондаған адам жарақат алды.
Жарылыстар үшін «ДАИШ» лаңкестік тобы жауапкершілікті өз мойнына алды. Бұл жайында олар өздерінің Twitter-дегі парақшасында жазды.
БҰҰ-ның мәліметтерінше, жарты жылда Йеменде болған қақтығыстар салдарынан 5 мыңнан астам адам қаза тауып, 25 мыңы жарақат алды. Атап айтқанда, зардап шеккендер мен қаза болғандардың көбісі бейбіт тұрғындар.